10.11.2024, 10:00
Оқылды: 168

Алматыдағы кеш абыройлы өтті 

Кеше Алматы қаласында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығы аясында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ару Жайықтан — асқақ Алатауға!» атты концерті өтті.

IMG_7350

Кеш басында сөйлеген мекеме басшысы Бауыржан Халиолла сөзін: «Осы концерт болады дегенде «Сенбі күні концертке ешкім жиналмайды» деген адамның ауызы неге қисайып қалмайды екен…»,-деп бастады. Айтса айтқандай, Құрманғазы оркестрінің концерт залында ине шаншар орын қалмады.

IMG_7343

Бауыржан Ергенұлы жиналған жұртқа алғысын білдіре отырып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышевқа оркестр ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтаған БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Құттықтау хатын табыс етіп, өңіріне даланың даңқты көсемі «Сырым батыр Датұлы» төсбелгісін тақты.

Дәулеткерей атындағы оркестр ару Жайықтың сәлемін асқақ Алатауға Құрманғазының «Серпер» күйімен жеткізді. Дәулеткерей, Дина, Нұрғиса, Тұяқбердінің күйлері де әртүрлі аспаптың көмейінен күмбірлей төгілді.

IMG_7349

Кештің тізгінін дәулескер күйші, ділмәр шешен Дәулеткерей Құсайынов жалғыз өзі ұстаса, оркестрдің тізгінін үш адам ұстап, дирижерлік етті. Олар — «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов, Мәдениет саласының үздіктері Асылхан Қазиев, Жарас Сатыбалдиев.

IMG_7344

Хатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Қайрат Кәкімов, Жаңылсын Хасанова, Ақмарал Кемелханова, Дастан Есентеміров, Жанаргүл Сәркенова, Айбар Хайырханов, Айдана Ажғалиева, Дамир Сатыбаевтар әуелетіп әнге салып, алматылықтарды қайтасын-қайта желпіндіріп қойды. Ал белгілі композитор, әнші Донеділ Қажымов «Ақжайық — ару мекенім» әнімен тыңдарманды, тура мағынасында, орындарынан тұрғызып жіберді.

IMG_7346 (1)

Әсіресе алматылықтар үшін алғаш тыңдап тұрған Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйіктім», «Қаламқас», «Аққу» әндерінің әсері бөлек болды.

IMG_7348

Шығармаларынан батыстың мінезі атойлап тұратын Ғарекең романс жанрындағы лирикалық туынды жазады деп ойламаған шығар, бәлкім. Қалай болғанда да, бұл кеште дауылпаз әншінің жаңа қыры ашылды.

Айжан Амангельдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале