13.11.2024, 11:15
Оқылды: 112

Асығыңыз, емханаға тіркеу аяқталады!

Тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны қарашаның 15-інде аяқталады. Басқа емханаға ауысу үшін не істеу керек? Емхана қандай жағдайда сізді тіркеуден бас тартуы мүмкін? Емханамен қатар емдеуші дәрігерді де таңдауға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Қуаныш Сансызбаев жауап берген еді. Нақты сұрақтар мен жауаптарды назарларыңызға ұсынамыз.

медицина жп бурли (10)

Фото: архивтен

Азаматтар қандай жағдайда емхананы ауыстыра алады?

- Елімізге 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Соның аясында жоспарлы медициналық көмек алу үшін кез келген адам белгілі бір емдеу мекемесіне тіркелуі тиіс. Бірақ таңдау әркімнің өз еркінде. Десе де, тұрғындар тұрғылықты мекенжайына жақын орналасқан медициналық ұйымға бекітілгені жөн деп ойлаймын. Себебі тіркелген емдеу мекемесі үйінен алыстау болған жағдайда дәрігер шақырту кезінде келе алмай қалуы мүмкін. Жалпы, медициналық мекемеге тіркелу шарасы жылына бір рет қана, яғни 15  қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі аралықта жүргізіледі. Емханаға тіркелу үшін egov.kz электронды үкімет порталы арқылы  өтінім  бере  алады.

Тұрғындар қандай жағдайда басқа емханаға тіркеле алады деген сауалыңызға оралсақ, яғни –  тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын (басқа әкімшілік-бірлік аумағына) ауыстырғанда;

–  емхана қайта ұйымдастырылғанда  немесе  таратылғанда;

– еркін таңдау құқығы бойынша жылына бір рет;

– жыл сайынғы тіркеу науқаны кезінде  ауыса  алады.

Емханаға  тіркелу тәртібі  қандай?

Азаматтар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына Egov порталы арқылы тіркеле алады. Ол үшін не істеу керек?

–  Алдымен, Egov порталына тіркелу қажет;

– «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына  тіркеу»  санатын  таңдаңыз;

– Тұратын өңірді, тіркелгіңіз келетін медицина ұйымын көрсетесіз, мекенжайыңыз бен байланыс телефондарын қалдырыңыз;

– «Тіркелу себебі» бөлімінде «тіркеу науқанын» белгілеңіз;

Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, жауабы жеке кабинетіңізге келеді. Жасы үлкен адамдар мен мүгедектігі бар жандар электронды үкімет порталы арқылы тіркеле алмаған жағдайда емдеу мекемесінің тіркеу бөліміне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, сондағы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Ол үшін жеке куәлігі және зейнеткер немесе мүгедектігі барын растайтын  құжаты  болуы  қажет.

Таңдаған емхана қызметін қай кезден бастап пайдаланады?

– Емханаға тіркелгенде тұрғындар бірқатар мәселені біліп жүруі керек. Біріншіден, басқа емдеу ұйымын таңдаған адамдарға сол мекеме тарапынан медициналық көмек келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қана көрсетіледі. Осыны дұрыс түсіну керек. Оған дейін бұрынғы тіркеуде тұрған емдеу мекемесінің қызметін ала береді. Екіншіден, бір отбасындағы адамдар өз еріктері бойынша бірнеше емдеу ұйымына тіркелуге құқылы. Мәселен, ата-анасы бір медициналық мекемені таңдаса, балалары басқа ұйымға тіркеле алады. Тек 18 жасқа толмаған балаларды емханаға тіркеу үшін әкесі немесе анасының бірі өтініш беруі тиіс. Үшіншіден, егер жекеменшік емдеу ұйымына тіркелгіңіз келсе, алдымен сол мекеменің МӘМС бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізімінде бар екеніне көз жеткізіп алыңыз. Жекеменшік емхана аталған тізімде болса, МӘМС аясында толыққанды қолжетімді қызмет көрсете алады. Төртіншіден, бір адам бір ғана  емхананы  таңдай  алады.

Тұрғындарды тіркеуден бас тартуы мүмкін  бе?

–  Дұрыс айтасыз, тіркеуге өтініш берген кезде оны қабылдамайтын жағдайлар да кездеседі. Оған себеп, жалған немесе толық емес құжаттар, кәмелет жасына толмаған балалар өз еркімен өтініш берсе және алыстағы ауыл-аймақ тұрғындарынан тіркеуге сұраныс түскен жағдайда қабылданбауы мүмкін. Сондай-ақ бір дәрігерге тіркелген тұрғындар саны 1700-ден, учаскелік терапевтке тіркелгендер саны 2200-ден асса және учаскелік педиатрға тіркелген 0-6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер саны 500-ден, 14 жасқа дейінгі балалар  1400-ден асып кеткен жағдайда тіркелмеуі мүмкін. Егер бұған дейін белгілі бір медициналық мекемелерде тіркеуде тұрған азаматтардың сол ұйым көңілінен шығатын болса, ешқандай да өтініш берудің қажеті жоқ. Яғни сонда қала береді деген сөз. Емдеу мекемесі тіркеуден негізсіз бас тартса, тіркелуші қордың 1406 байланыс орталығы арқылы немесе «Qoldau 24/7» қосымшасы арқылы шағым  қалдыра  алады.

Учаскелік дәрігерді таңдай ала ма?

–  Әрине, азаматтар өзі таңдап тіркелген емхананың қызмет сапасына көңілі толмаса, оны ауыстыруға құқылы. Бірақ мұндай мүмкіндік жылына бір рет қана беріледі. Сол үшін емханаға тіркелу науқаны кезінде ойланып шешім қабылдаған дұрыс. Ал бір емдеу мекеменің ішінде учаскелік дәрігерді ауыстыра беруге болады.

Жекеменшік медициналық ұйымдарға тіркелуге бола ма?

– Азаматтар мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Бастысы, сіз таңдаған клиниканың Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты болса болды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емхана саны –  25, ал аурухана саны – 11. МӘМС аясында қызмет көрсететін жекеменшік аурухана саны – 3, сондай-ақ мемлекеттік 8 аурухана медициналық  қызмет  көрсетеді.

Сақтандырылмаған азаматтар емханаға тіркеле ала ма?

–   Емханаға тіркеу кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан тіркелу үшін сақтандыру статусы болуы шарт  емес.

Емхана  мен ауруханалардың  тізімін қайдан  қарауға  болады?

–  Тіркеу науқанына қатысатын емдеу мекемелерінің тізімімен қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады. Тізімде филиалмен жұмыс істейтін барлық емдеу ұйымы (стационарлар да, емханалар да) көрсетілген. Тіркелу үшін емханаларды таңдау  қажет.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале