13.11.2024, 12:15
Оқылды: 168

«Қаңғыбас иттерге қатысты заңды қайта қарау керек»

Қазір қала көшелерінен, аялдамалардан топталып жүрген иттерді жиі  көреміз. Қаңғыбас иттердің көбеюі қала тұрғындарының да наразылығын туғызуда. Итке қабылып, зардабын тартып жатқан адамдар да аз емес. Бірақ иттің қорғаушылары да жетерлік екен.

IMG_0868

Өткен аптада облыстық орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен учаскелік полиция қызметкерлері және облыстық ветеринария басқармасы мен ветеринариялық станса мамандарымен бірге рейдке шықтық. Рейдтік іс-шара қа­лалық мәдениет және демалыс саябағынан бастау алды. Таңғы мезгіл болғандықтан, саябаққа кіріп-шығып жүрген адам аз. Есесіне әр ағашты паналап жүрген иттер баршылық. Ит аулаушы қыз­меткерлер бірден іске кіріс­ті. Бірақ қайдан тап болғаны белгісіз ит қорғаушылар келіп, олардың жұмысына кедергі келтірді. Екі әйел адам: «Өзімен-өзі жүрген итте не жұмыстарың бар?» деп  тағы басқа сөздер айтып, бізді видеоға түсіріп тұрды.

Қалалық мәдениет демалыс саябағы lиректорының орынбасары  Ильяр Мүтәлиев ит мәселесі өзекті екенін жасырмады.

– Жаз кезінде итке қатыс­ты кем дегенде күніне бір адамнан арыз түседі. Біз вет­стансамен тікелей жұмыс істейміз. Биыл бір оқиға бол­ды. Таңертең саябақта жүгі­ріп жүрген ер адамға ит ша­уып, шалбарын жыртып, қа­уып алған. Сол арызбен біраз жұмыстандық. Айналамызда саяжай көп қой. Биыл тасқыннан кейін саяжайдағы үй­лердің көбі бос қалды. Сондықтан да иттер енді саябақтың маңына жинала бастады. Өзіміз де күн сайын топталып жүрген ит көрсек, суретке түсіріп аламыз. Қазір осы айналадағы иттердің бәрін танитын болдық. Өкілетті құ­рылымнан мамандар келгенде суретті көрсете қоямыз. Саябақта шамамен 30-40 ит бар. Ит аулау кезінде айнала  ашық болғандықтан, көп жағ­дайда олар қашып кетеді. Қаңғыбас, бұралқы иттерден арылу үшін ең бірінші заңды қайта қарау керек, – дейді Ильяр Мүтәлиев.

Бұдан соң «Галактика» ойынсауық орталығының  маңына бардық. Бұл жерде де аялдаманың түбінде, сауда үйінің есігінің алдында жатқан иттерді ұстамақ болған жігіттердің  жолын кес-кестеген итті арашалайтын адамдар тап бола кетті. Олар боқтапбалағаттап, қарсылық танытып, бір итті босатып жібер­ді. Сол маңдағы бес қабатты үйдің жанынан ит ұстамақ болған мамандарға  егде жастағы әйел қарсылық танытып,  шыр-пыр болып жүгіріп жүрді. Ол кісі  көлікте тиелген иттерді қарап, «Ақ ит ме­нің итім» деп айқай салды. Жылап-сықтап, боқтап, қарғап-сілеген әйелдің сөздері сүйектен өтеді. Байқағаным, қай жерде де иттің қорғаушылары шығып, жұмыс жасап жүрген адамдардың эмоциясын шығаруға тырысады екен. Өкінішке орай, дәл осы кезде «Галактика» ойын-са­уық орталығына бекітілген учаскелік инспектор біздің қасымызда болған жоқ. Ветеринарлық станса мамандарының айтуынша, учаскелік инспектор да бізбен жүруі тиіс  болатын.

Галактика маңынан жолыққан екі әйел адам сол айналада иттердің топталып, толып жүретінін жайып салды. Қала тұрғыны Асылғаным апайдың жолдасын сол маңнан ит қауып, екпе алып, емделіпті.

– Осы мекенжайда ит ұстайтын адам тұрады. Айнала толы ит. Ертеңгілік, кешкілік балалардың өзін са-баққа жіберу қауіпті. Қазір өзіміз де қорыққанымыздан қолымызға таяқ алып жүретін болдық, - дейді ол. Ал №31 мектеп маңында тұратын Гүлшара апай біраз уақыт бұрын өздері тұратын үйдің ауласына ба-лаларға арнаған ойын алаңы салынғанын, бірақ ол жерде иттер  көп  жүретінін  айтып,  шағымданды.

– Балалар  ойын алаңы қазір ит  тұратын мекенге айналып барады. Жерді қазып алып, сол жерде жатады. Балаларға емес, иттерге арнап салған­дай болды. Қанша қусақ та, қайтып келеді. Балалар қорқып, ойнай алмайды ол жерге. Айнала толы ит. Тіпті жол­дан өтсек те, иттер бізбен жағаласып өтеді. Ит-мысықты ұстағысы келетін адамдар, көшеге қаңғытып жібермей өз үйлерінде, өз ауласында  ұстасын. Бұл жағдайды тезірек реттемесе болмайды, –  дейді  Гүлшара  апай.

Биыл  1393  адамды   ит  қапқан

Облыстық ветеринария бас­қармасының бас маманы Қуандық Хамитовтің берген мәліметі бойынша жыл басынан бері облыс бойынша 5565 қаңғыбас ит ауланған. Оның 3198-і зарарсыздандырылып, кері жіберілсе, қалған 2367 қаңғыбас ит тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылған.

– Қазіргі таңда  иттерді  аулап, зарарсыздандырып, кері орнына апарып тастаймыз. Соның өзінде иттің жанашырлары  жұмысымызға көп кедергі келтіреді. Итті ұстағанның өзінде «Қылғындырдыңдар, тұм-сығы қанады, мұрны қанады» деп жігіттерге тиісіп жатады. Енді итті қумасақ, ол өзі келіп, машинаға мін-бейді ғой.  Кей кездері машинаға тиеп қойған иттерді шығарып жіберген  жағдайлар да кездесті. Кейбірі ерінбей, артымыздан ілесіп, итпен бірге барады. Биыл қыста Омега ауданында сол жердің тұрғындары бір қызметке­рі­міздің басын жарып тастады. Мұндай кезде полиция қызметіне жүгінеміз. Бізбен бірге әр ауданның учаске инспекторы бірге жүруі керек.  Итті тек адам өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана иелерінің арызы бойынша жансызданды­рамыз.  Қазіргі күнде бізге 1119 хабарлама түсті. 179 адамнан мектептің ауласында көп деген арыз келді. Көбіне үй иелері итті үйде ұстап, сосын  қаңғытып жібереді. Бұралқы ит содан шығады. Біз әр кез осындай рейдтерде үй иеле­ріне «Итті заңдастырыңдар, көшеде тұмшамен, қарғыбаумен жүрсін» деп жадынама таратамыз. Тоғыз айда қала бойынша 1393 адамның ит-ке қабылу дерегі тіркелді, – дейді қалалық ветеринарлық стансаның директоры Ерлан Ишанов.

Бұралқыны  аяймыз, ал адам  өміріне  кім  кепіл?!

Бүгінгі таңда  қалада  қаңғыбас иттерді ұстап, биозалалсыздандыру бойынша  екі  бригада жұмыс істеуде. Рейдте жүріп білгеніміздей, жұрттан қарғыс естіп, таңнан кешке дейін ит қуып, жүгіріп жүретін ит аулаушы қызметкерлердің  қолына алатын жа­лақысы - 120 мың теңге екен. Айлығы шайлығына жетпей­тін мұндай жұмысқа ешкім­нің келгісі келмейтіні де ақиқат.

– Қала айналасында шамамен 15-18 мыңдай ит бар. Екі бригада күніне 10-12 иттен ұстайды. Қазір иттер туып жатыр. Мың иттің өзінен қаншама күшік өрбиді. Біз оларды алты айға дейін кос­трация жасай алмаймыз. Алты айдың өзінде олар үлкен итке айналады. Бұл да біздің жұмысымызды жоққа шығарады.  Негізі, бүкіл итті тіркеп, артығының көзін жою  керек. Тек заңның солқылдақтығы бізге үлкен кедергі болып тұр, – дейді Орал қалалық ветеринарлық стансаның директоры Ерлан Ишанов.

Деркөл  кентінің  тұрғындары иттердің мектеп ауласында топталып жүретінін айтып, арыз түсірген. №49 орта мектептің директоры Тамара Дүйсенова да бұл деректі жоққа шығармай, айнала толы иттерден ба-ла қауіпсіздігіне алаңдайтынын жасырмады.

– Әсіресе, таңмен мектеп ауласында  ит көбейеді. Олар баламен, ата-анамен ілесіп ке­летін болар. Ата-аналар да, біздер де оқушыларымыз үшін  алаңдап отырамыз. Мектеп­тің аула сыпырушылары ит қуумен жүреді. Сондықтан бұл мәселе өзекті, – дейді  №49  мектептің  директоры.

Түйін

Біздер ветстанса қызметкерлерімен бірге түске дейін біраз мекенжайға бардық. Байқағанымыз, иттің жанашырлары иттен де көп екен.  Олар шынымен де тиісті мамандарға жұмыс жасатпайтынын көзбен көріп, көкейге түйдік. Әрине, ит  те тіршілік иесі. Бірақ қаншама адам ит­ке қабылып, өмірлік жарақат алып жатыр. Қала көшелерінде өріп жүрген иттер адамдарға зиянын тигізіп, балаларға қорқыныш ұяла-туда. Қалай болғанда да, ит өмірі адам өмірінен қымбат емес. Сондықтан өзекті мәселе түйіні тарқаты-лып, тез шешілгей!

Ит  асырайтындардың  назарына

2022 жылдың 12 қазанында Батыс Қазақстан об­лыстық мәслихатының №14-5 шешімімен «Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары» бекітілді.

Аталған заңға және қағидаға сәйкес үй жануарларының иелеріне:

- үй жануарының иесі және жауапты адамы, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төнді­руге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді;

- үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа) үй жануар­ларын ұстауға рұқсат етілмейді;

- үй жануарларының иесі немесе жауапты адамы  осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбаны жүзеге асырады;

- иттерді өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауын болдырмайтын жағдай-ларда ұсталады. Көшеде  қауіпсіздік  қамтамасыз  етілмесе, ит байлануы тиіс немесе үйшікте болады;

- иттерді серуендету орнына қарамастан, оларды тұмылдырықсыз және 1,5 (бір жарым) метрден асатын қарғыбаусыз серуендетуге рұқсат етілмейді;

- үй жануарларын серуендету кезінде иелері мен жауапты адамдар мынадай талаптарды сақтайды (ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын қоспағанда);

- 1) ит қоғамдық орындарда 2 (екі) метрден ас­пайтын қарғыбауда болуы керек;

- үй жануарларын есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап міндеттелді. Есепке қою және сте­рилизациялау шаралары мемлекеттік ветеринариялық ұйымда немесе ветеринариялық емханада иесінің төлемі есебінен жүргізіледі.

Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале