Өткен сенбіде Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының мәжіліс залында өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған маңызды жобаның тұсаукесері болды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» («ҚПО» б.в.), «Эни», «Шелл» ірі компаниялары және Орталық Азияның Еуразия қоры «Батыс Агрохаб» (Агрохаб) ауыл шаруашылығын дамыту әлеуетін нығайту орталығын ұйымдастыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Жиында аталған жобаның жөн-жосығымен Орталық Азияның Еуразия қорының жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова таныстырды. Оның айтуынша, жоба облыстағы шағын фермерлік шаруашылықтарды дамытуға және өңірдің экономикалық әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдеседі. Жобаны Қарашығанақ жобасы бойынша консорциумның қатысушылары Эни» және «Шелл» қаржыландырады. Жобаны іске асырушы - Орталық Азияның Еуразия қоры. 2025-2027 жылдары жүзеге асырылатын жобаның сәтті аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында оны «ҚПО» компаниясы әкімшілік және логистикалық тұрғыдан сүйемелдейді. «Батыс АгроХаб» жобасына Бөрлі ауданында өтетін ашық конкурстың нәтижесінде анықталған 40 фермер қатысады деп жоспарланған.
– Жоба бойынша Бөрлі ауданында агробизнес орталығы ашылады. Ондағы оқыту орталығында ауданның шаруалары білім-біліктіліктерін жетілдіреді. Орталық жанынан арнайы жылыжай ашылады. Осы жылыжайда шаруа адамдары заманауи аграрлық технологиялармен танысып, жаңа дағдыларды қалыптастырады. Одан басқа орталықта жердің құнарлылығын сараптайтын заманауи зертхана жасақталады. Мұның өзі шағын шаруашылықтарға үлкен қолдау болмақ. Ең бастысы, ұсақ шаруашылықтардың, тұрғындардың жаңа агротехнологиялар бойынша, соның ішінде тамшылата суару, жылыжайлар мен парниктерде көкөністі сапалы өсіру, өнімнің шығымдылығын көтеру мәселелері бойынша әлеуеттерін арттыруды көздейміз. Бөрліліктердің бау-бақша өсіру тәжірибесі бар. Бәлкім, уақыт ағынында аздап ұмытылған да шығар. Аталған орталықта түрлі қызмет тегін және ақылы көрсетіледі. Шаруаларды бақша өсіру негіздеріне оқытады, агроном мамандар тұрақты кеңес береді, бағыт сілтейді. Ал шаруагерлерге жылыжай құрылысы үшін шағын грант қарастырылады. Жобаның тұжырымдамасы бойынша қолға алынған жоба іске асырылғанша қолдауға ие болады. Яғни жылыжай құрылысы басталып, көкөніс өсіріп, оны нарықта өткізгенше қолдаймыз, – деді Салтанат Ноғайбаланова.
Агробизнес орталық айналасына мықты агроинфрақұрылым қалыптасқан, фермерлер топтасқан жағдайда, өнімді өткізу үшін бір кооперативке бірігуге жол ашылады. Шаруалар кооперативтерге біріге отырып, жабдықтаушылардың қызметтеріне бірге жүгінеді, тұқымды бірге сатып алады. Осының өзі олардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді. Бұл жоба ондаған жыл бойы бұрынғы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында табысты жүзеге асырылды.
Ынтымақтастық меморандумына қол қою жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов өз сөзінде жер қойнауын пайдаланушы «ҚПО б.в.» компаниясының құрылтайшыларына жаңа бастама үшін рақмет айтты. «Жоба өңір экономикасын дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Шағын шаруашылықтар арасындағы ынтымақтастықты дамытып, өнімді сату жолдарын қалыптастырады. Гранттық қаржыландыру арқылы шаруашылықтарды кеңейтіп, өнімділікті көтеріп, табысты арттырады. Мұның өзі түптеп келгенде ауылдың дамуына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – деген Тілепберген Ерсайұлы аталған жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шелл Казахстан» концернінің төрағасы Али Аль-Джанабидің айтуынша, мұндай жоба бірқатар елде «жандандырылған». «Жобаның тиімділігі жоғары. Өйткені жоба аясында алынған білім, дағды ұрпақтан ұрпаққа жалғасады», – деді Али Аль-Джанаби басқосуда әріптестерін жобаның басталуымен құттықтаған сөзінде. «Эни» компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегера Хойтингтің сөзінше, меморандумға қол қойылатын күнге дейін біраз шаруа атқарылған. Бұл жобаның арқасында шаруагерлердің басын біріктіретін, оларды демейтін, дамуға мүмкіндік беретін орталық құруға жол ашылатынын айтты.
– «КПО б.в.» компаниясы әлеуметтік жобалар негізінде жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алайда бұл жобаны ерекше дер едім. Өйткені ол ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көмектеседі. Осы жоба аясында технологиялар трансферті, тәжірибе алмасу процестері жүретіні, шаруалар өнімдерді молынан өндіріп, қоғамның әлжуаз топтарын қамтамасыз ететіні маңызды. Бұл агрожобаны «Эни», «Шелл», «ҚПО б.в.» компаниялары мен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырады. Сонымен қатар жобаға ұсақ шаруашылықтар қатысады. Жоба үш жылға есептелген. Бірақ одан кейін оның тиімділігі өсе береді деп сенеміз, – деді «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Марко Марсили.
Жаңа бастама «КПО» мен оның акционерлерінің ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өңірде тұрақты ауыл шаруашылығы қоғамдастығын құру арқылы адами капиталды арттыруға ұмтылысын паш етеді. Осы жобаны іске асырудың арқасында «ҚПО б.в.» мен оның серіктестері ауданның ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді оң әсер етуге ниеттенеді.
Салтанатты шара соңында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» («ҚПО» б.в.), «Эни», «Шелл» ірі компаниялары және Орталық Азияның Еуразия қоры «Батыс Агрохаб» өкілдері меморандумға қол қойды.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»,
zhaikpress.kz