19.11.2024, 17:03
Оқылды: 34

Талантты жастармен кездесу өтті

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы облыстық кітапханада Халықаралық зағиптар күніне орай талантты жастармен кездесу кеші өтті. Аталмыш  іс-шараға  облыстық  мәдениет, тілдер-ді  дамыту және  архив ісі  басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Мұрат Қадырбеков, БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Орал оқу өндірістік кәсіпорны» ЖШС-ның директоры Ибатолла Хамзин, облыстық көру қабілеті бұзылған арнаулы мектеп-интернатының директоры Жанна Құмарғалиева  қатысты.

DSC01635

Көз мүгедектігі бар жандар білім алуға құқылы, еңбек етуге икемді екенін әлем бойынша алғаш рет дәлелдеген француз тифлопедагогі Валентин Гаюидің туған күні құрметіне халықаралық зағиптар күні бекітілген. Облыстық арнаулы кітапхана ерекше топтағы жандардың өнерін насихаттау, шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында «Таланттар тоғысқанда» тифлотурне жобасын қолға алған. Осы жоба аясында кітапхана оқырманы, «Жүрек сөзі» кітабының авторы, ақын Асылбек Қуанышқалиевтің Бөрлі, Тасқала аудандарында поэзия кеші өткен.

Кездесу кешінің талантты қонақтарының қатарында Асылбек Қуанышқалиев, «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының финалисі Мөлдір Базарбай, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы жанынан құрылған «Веселье клубочки» тоқыма клубының жетекшісі, қолөнерші Айгерім Нықан, жас әнші Рысханым Дәріс, «Жұлдыз» комьюнити-орталығының жетекшісі Руслан Башаев, әнші, әуесқой сазгер Шапағат Сәкенұлы болды.

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы кеш қонақтарына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

– Талантты жастарымыздың өнеріне куә болып, бір марқайып отырмыз. Елімізде өмір сүретін әр адам – қоғамның бір бөлшегі. Біреуі өлең өрген ақын болса, біреуі – бұлбұлдай әнші. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық, республикалық іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырылады. Оларды аға буын өкілдері, ақжаулықты аналарымыз қолдап келіп отыр. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Жастарымызға шығармашылықтың шыңына шығыңыздар дейміз. Біз сіздерді қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді ол.

Өмір соқпағында талай теперіш көрсе де, арнасынан жаңылмаған, рухы мықты, қайсар күрескер жандардың суреттері мен өмірбаяны жазылған бұрыштың таныстырылымы өтті. Оның ішінде, тағдыр тәлкегіне дес бермей, қаламынан талай тағылымды туындылар туған жас ақын, бүгінде облыстық арнаулы кітапхана жанынан құрылған мүмкіндігі шектеулі жандардың ән үйірмесінің жетекшісі Асылбек Қуанышқалиев те бар. Ақын Асылбек шығармашылығындағы жаңалықтарымен былайша бөлісті.

– Бүгін – таланттар тоғысқан күн. Осы іс-шараға қонақ ретінде қатысқаныма қуаныштымын! Жуырда Алматы қаласында өткен «Абай әлемі» көркемсөз байқауында І орын иегері атандым. Ол байқауға «Қазақ соқырлар қоғамы» қатысуға ұсыныс білдірген. Содан бері осы кітапхана залында, кітапхана қызметкерлерінің кеңесімен тынбай дайындалдым. Бұйырса, алда тағы да республикалық байқау өтпекші, сол байқауға дайындалып жүрмін. Облыстық арнаулы кітапхана жыр-жинағымның шығуына да ұйытқы болды. Әдемі өлең жазу үшін тілдік қор мол болуы қажет. Менің әр күнім осы кітапхана залында өтеді. Болашақта биік белестерді бағындырғым келеді, – деді жас ақын Асылбек.

Былтыр «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасы өткен болатын. Аталмыш мегажобаның финалисі, жас әнші Мөлдір Базарбай көрермен көзайымына айналып, өңір мерейін көтерген еді. «Көрмей тыңдау» аталымында төрт бірдей тәлімгер әншіге бұрылып, талантына таңдай қаққан. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы: «Сенің өмірге деген құштарлығың мен қайсарлығың жас балаларға ғана емес, үлкен адамдарға да күш беретіндей» – деп, Мөлдірге жылы пікірін білдірген. Тәлімгері, әнші Мархаба Сәби бүгінгі кездесу кешінде бейнеролик арқылы ақ тілегін жолдады. Мөлдір әуелі ән шырқап, сосын бұл байқау жөнінде айтып берді.

– Әнге деген қабілетім кішкентай кезімде ашылды. 7 жасымда кәсіби вокал үйірмесіне анам Бақтылы апарды. Өзім фортепиано, жетіген аспаптарында еркін ойнаймын. «Қазақстан дауысы. Балалар» мега-жобасының бірінші маусымын жібермей көруші едім. Осы жобаға қатысып, жоғары дәрежеде өнер көрсетуіме алдымен отбасым, музыкалық жетекшім және қолдау білдірген көрермендер септігін тигізді, – деді Мөлдір.

Кездесу кешіне қатысқан өнерлі қонақтар нүктелі-бедерлі (брайль) қарпін меңгерген. Іс-шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың талантын насихаттау, оларды бір арнада тоғыстыру. Өмірді, өнерді сүюге шақыру.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале