20.11.2024, 0:00
Оқылды: 57

Бөкейде «Ой-орда» клубы өз жұмысын бастады

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Күш-білімде» деген ұлағатты сөздерді даналарымыз айтып кеткен. Ал білім мен күшті қайдан аламыз? Әлбетте, кітаптан алатынымыз анық. Десек те кітапты оқыту, оны насихаттау барынша қарқынды жүріп жатқанымен оқырман тарапынан әлі де құлшыныс пен қызығушылық аздай көрінеді. Осы орайда Бөкей ордасы аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшілігімен «Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

IMG-20241119-WA0096

Бұл шараға түрлі саланың ардагерлері, кітапхана қызметкерлері мен мектеп кітапханасының мамандары және кітапқа жаны құмар жастар қатысты.
- Аға буын өкілдері тарапынан «Жастар кітап оқымайды» дегендей сын-ескертпелерді жиі естиміз. Десек те біздің қоғамда тек жастар мен оқушылар ғана кітап оқымайды деген қате пікір деп есептеймін. Кітап оқуға құлшынысы төмен ересектер де аз емес. Бір қуантарлығы, кейінгі кезде қазақ тіліне сауатты әрі сапалы аударылған кітаптар молайды. Қандай жанрды оқимын десеңіз де таңдау бар. Әлемге таралған танымал туындылар да қазақ тіліне аударылып, оқырманға ұсынылып жатыр. Жергілікті кітапханалардың кітап қоры жыл сайын жаңарып, толығып жатыр. Оқимын, ой-өрісімді кеңейтемін деп ұмтылған адамға барлық жағдай жасалған. Сол себепті де кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін кітапты көп әрі тұрақты оқитын ауылдастарымыздың басын қосып «Ой-орда» атты арнайы қауымдастық құрғымыз келетінін сіздерге жеткізгім келеді. Яғни, «Ой-орданың» көздегені оқыған кітаптарды талқылау, өзара пікір алмасу ғана емес, клуб мүшелерінің интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамыту, - деп сөз алған бірлестік жетекшісі Арайлым Есмағұлова қатысушыларға тақырып төңірегінде ой бөлісіп, өздері оқып жүрген кітаптары туралы айтып, ашық пікір алмасуға шақырды.
- Мен қазіргі кезде Өтебай Қанахиннің «Атақоныс» деген кітабын оқып жүрмін. Туған жер-атажұртын қара сөзбен тебірене толғаған көрнекті қаламгердің еңбегі оқығанға ой салады. Қайнар Олжайдың «Жер мен аспан арасындағы дастан» атты туындысын оқып тауыстым. Неше жасқа келсек те кітап оқуды әдетке де, мәдениетке айналдыруға үлесімізді қосып жүрейік. Кітап оқылмаған жерде қатігездік туады. Жас ұрпақты кітап оқуға баулу мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген мамандар осылай дейді. Елімізде оқу дағдарысы болмасын десек кітап оқуды әдетке айналдырайық. «Ой-орданың» ғұмыры ұзақ, кітап оқитын ауылдастарымыз көбейсін, - деп жылы лебізін білдірді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков.
-Кітап оқу отбасының сүйікті әрі тұрақты дағдысы болуы тиіс. Әр балаға өзінің ата-анасы үлгі болып, кітап оқуға құлшынысын оятулары қажет. Әкесі мен анасының кітап оқитынын көріп өскен бала да кітапқа жақын болады. Өйткені, әр бала ата-анасынан көргенін істейді емес пе? Сондай-ақ, кітап оқу мәдениетін дамытуға тек ұстаз бен кітапханашылар ғана емес, қоғамның әр мүшесі жауапты дер едім. Менің ата-анам да кітапқұмар жандар еді. Үйіміздің әр бөлмесінде кітап жиналып тұратын. Әдеби-көркем шығармадан бастап, әлем классиктерінің туындылары, К.Маркс, Ф.Энгельстердің еңбектеріне дейін бар-тұғын. Әкемнің бай әрі түрлі жанрдағы кітаптарына қызығушылық танытқан ауылдастары үйлеріне сұрап алып кететін. Сол себепті де әкемнің кітаптардың атауын жазып, тізімін шығаратын арнайы кітапшасы болды. Кітапты алған күні мен уақытын белгілеп жазып, кітаптың ішіне мөрін соғып, таңбалап, мұқияттап жіберетін, - деп кітап оқу дағдысының отбасында бастау алатынын меңзеген Нейлягүл Нарболова челлендж, акциялар сынды заманауи ерекше әдістерді қолдану да өз тиімділігін көрсетеді деп кеңесімен бөлісті.
Аудандық балалар кітапханасының директоры Гүлмира Ғайсина да кітап оқуға қызықтыру үшін әуелі кітапханашы мамандар кітаптарды өздері оқуы керек, сонда ғана оқырманына сапалы дүние ұсына алады дейді.
- Кітапханамыз жыл сайын жаңа кітаптармен толығып келеді. Қазіргі сәнге ие болған кітаптар, аудармалар, психологиялық, кәсіпкерлік, іскерлік бағыттағы еңбектерге сұраныс бар. Көбіне бұл кітаптарды жастар жағы сұрайды. Десе де кітап оқитын жастарымыз баршылық деуге келмейді. Классикалық шығармалар сұраныстан түсті дей алмаймыз. Ол кітаптардың да өз оқырманы бар. Кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған түрлі шараларды ұйымдастырып келеміз. Бәлкім әлі де кітаптардың жарнамасы кемшін шығар. Сол себепті де кітапты әуелі кітапханашы өзі оқып, танысып, оқырманды қызықтыра білуі керек. «Ой-орда» оқырмандар клубының ашылғанына өте қуаныштымын. Сапалы, жүйелі әңгіме айтылатын, білгеніңмен бөлісіп, тың дүниені үйренетін жаңашылдыққа жаны құмар оқырмандардың қатары артсын,- деді.
Дөңгелек үстелге келген жастарымыз айтқандай-ақ, жаңа заман жанры, яғни, психологиялық-іскерлік, кәсіпкерлік секілді трендтегі кітаптарды оқығанды құп көреді екен.
- Сыныбымызда тек қыздар жағы кітап оқимыз. Қуандық Шоңбайдың «Екінші болма», Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджментін» оқыдық. Қазақ жазушыларының туындыларымен енді танысып жатырмыз, - дейді бір-бірінің сөзін қостап.

IMG-20241119-WA0101
Шара соңында қатысушылар «Ой-орда» клубына сәттілік тілеп, естелікке суретке түсіп, жақсы тілектер айтып, тарқасты.

Нұрай Таубай
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале