21.11.2024, 12:30
Оқылды: 42

Оралда Бауыржан Халиолланың шығармашылығына арналған «Болмыс» атты кездесу кеші өтті

Қадыр Мырза Әли  атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Бауыржан Халиолланың шығармашылығына арналған «Болмыс» атты кездесу кеші өтті.

DSC03153

«Елеулі есімдер» жобасы аясында ұйымдастырылған кешке арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс әкі­мінің атынан құттықтаухат табыстап, қазақы дәстүрмен кеш иесінің иығына шапан жапты. Еркін сұхбат сипатында өткен рухани кеште Бауыржан Ергенұлы өмір өткеліндегі естеліктерімен бө­лісіп, жиылған жұртшылыққа өз өлеңдерін оқып берді.

Кеш кейіпкері 2001 жылы алғашқы еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінен бастаған. Ол – ақпарат, мәдениет саласында жемісті еңбек ете жүріп, айтыста, жазба поэзияда да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Ақынның жеткен жетістігі, елеулі еңбегі жөнінде көрермен назарына ұсынылған бейнефильмде кеңінен баяндалды. Бауыржан Ергенұлы «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн», «Жантебіреніс», «Жүрегімдегі жазулар» жыр жинақтарының ауторы ретінде көзіқарақты оқырманға кеңінен таныс.

Бүгіндері Қадырсарай атанып кеткен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында да ақынның өз қолтаңбасы бар. Аз уақыттың ішінде Ақ Жайық зиялылары бас қосатын рухани орталыққа  айналып үлгерген Қадырсарай Бауыржан Ергенұлы еңбек еткен жылдары жаңашыл жобаларымен елжұрттың ықыласына бөленді. Қадырсарайда өткен қызықты сәттермен бөліскен кеш кейіпкері бүкіл ұжымы сол адамның шығармашылығын насихаттайтын орталық әлемде жоқ екенін айтып, Қадырсарайды әр кез биіктен көргісі келетінін жасырмады.

Оқырмандарымен емін-еркін сырласқан ақын өз басынан өткен қилы шақтарды бүкпесіз баяндап берді.

– Өткен шақты көп еске алғым келмейді. Өмірде аузым күйіп, содан сабақ алған сәттерім көп. 1987 жылы әкем Ерген бақиға бет түзеді. Сол күйіктен әжем үш жылдан соң қайтыс болды. Кәрі әжем, ағам, анам, атам бірінен соң бірі өмірден өтті. Сөйтіп, сүйек шығарудан көз ашпаған біздің шаңырақ сөне жаздап қайта тұтанған тағдырлы ошақ еді. Қатал тағдырдың қилы тұстарын жүрекпен өткергендіктен болар, адамдарды көбірек  қуантқым келеді. Біреуді қуантқаннан ләззат аламын. Жақсылық жасау  деген, адамға ат мінгізіп шапан жауып, қалтасын ақшаға толтыру емес, жай жылы сөзбен қуантсаң да жеткілікті. Әрине, періште емес, пендемін. Қатты кетіп, қиып түсетін кезде­рім де аз емес, – деп ақтарылған ақын өміріндегі түрлі сәттер туралы тебірене әңгімелеп  берді.

DSC03241

Рухани кеште ақынның әні мен сөзіне жазылған, «Тұсаукесер», «Шерлі шағала»,  «Нұрсәулем», «Жымпиты жыры» атты әндері орындалды.

Айтыс пен жазба поэзияның тізгінін қатар ұстап жүрген ақын Ақ Жайық таланттардан кенде емес екенін айтып, әсіресе, айтыс өнері соңғы онжылдықта қарыштап дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Ақ Жайықтың айтысы соңғы онжылдықта жоғары деңгейде дамыды. Қазіргі қаулап өсіп келе жатқан ақындар кез келген аймақтың ақындарымен тайталасып, ай­тыса алатындай деңгейге жетті.

Айтыс саласында үлкен аға апаларымыздың салып кеткен сара жолы жалғасуда. Бір ғана Жансаямен Ақ Жайық айтысының қай деңгейге өскенін бағалауға болады. Жалпы, айтыста алтын домбыра мен асыл домбыраны қатарынан алған – біздің  Жансая. Ақ Жайықтың әдебиеті де өзге аймақтан бір мысқал да кем емес, – деп сөзін сабақтаған кеш кейіпкері ең тату ақындар  –  Ақ Жайықта екенін атап өтті.

Шығармашылық кеште ақын Бауыржан Ергенұлы жүргізуші тарапынан қойылған сұрақтарға бар болмысымен, шынайы жауап беруге тырысқанын байқадық. Сахна төрінде өнері мен өмірі туралы сыр шерткен кеш қонағы ақынжазушы, өнер адамдары туралы ойларымен бөлісті.

–  Ақын, жазушы,  жалпы өнер адамдарын тек сахнадан көрген дұрыс. Олармен әрі қарай араласып кетсең, түрлі жағдайларға тап болуың мүмкін. Мұқағали ағамыз «Қызықпа қыз, ақынға қызықпа қыз» деп басталатын өлеңінде «Ілікпе қыз, ақынның тұяғына, Зымиян да осылар зиялы да» деп керемет түйіндеп кеткен. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын, – деп өз ойын Мұқағалидың өлеңімен әдемі жеткізген ақын жұртшылықты ду күлдірді.

Бүгіндері Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның тізгінін ұстаған Бауыржан Ергенұлы іргелі ұжымда  жасалып жатқан жұмыстар жөнінде де азмұз айтып берді.

– Біз жақында  ұжыммен Астана, Алматы, Қызылорда қалаларына іссапармен барып келдік. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония – екі  жылдан соң  құрылғанына 60 жыл болатын іргелі ұжым. Қарашаңырақтағы әріптестерімнің біразы осы залда отыр. Олардың алдында артық уәде бергім келмейді. Бірақ аузымнан шыққан сөз аяқасты болған емес, – деді кеш кейіпкері.

Ән мен жырға, әдемі естеліктерге толы өткен әдеби кеш соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Се­рік Тоқмамбетов Қадырсарайда айрықша қолтаңбасы қалған ақын ағасын ұжым атынан құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале