23.11.2024, 18:00
Оқылды: 8

Жәнібекте оқушыларға есірткінің зияндылығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Кеше Т.Жароков атындағы орта мектебінде 9-11 сынып оқушыларына арналған аудан прокуратурасы, аудандық полиция бөлімі және Жәнібек аудандық әкімдігінің бірлесуімен «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында, жастар арасында «Есірткі таралуының алдын алу» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

image-22-11-24-07-18-2

​Нақтырақ айтсақ, өзектілігі жоғары саналатын «синтетикалық есірткі» жөнінде ашып айтылды. Жәнібек ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Асқар Мереке есірткінің зияны мен таралуына тоқталса, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейрамхан Бапахов жасөспірімдер арасындағы есірткі саудасының кең таралуы және ол үшін белгіленген жаза жөнінде кеңінен тарқатты. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде 18,5 мың қазақстандық нашақорлық бойынша тіркеуде тұр.

image-22-11-24-07-18

Сонымен қоса, есірткі қылмысына қарсы күрес құқыққорғау органдарының басым бағыттарының бірі екенін еске сала кеткен ол: «Бүгінде есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуды уәде етіп, жастарды есірткі таратуға тоқтаусыз тартып келеді. Заң алдында тартар зардабынан бейхабар жастар бұған сеніп, қомақты ақша табамыз деп санайды. Бірақ бәрі олар ойлағандай емес. Заңнамаға сәйкес, есірткі заттарын таратқаны үшін бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Соңы өкінішті аяқталуы мүмкін жәйттарды болдырмау мақсатында жұмыстанатын боламыз. Алайда, әрқайсыңыздың санаңызда адал тәрбие берген ата-ана мен ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, абырой ғана әкелетін нәрсемен шұғылдану керектігі есте болу керек. Заң аясында әрекет ететін адамның жолы әрқашан ашық болатындығы әрдайым естен шығармауларыңыз қажет», - деді.

«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деп, мектеп жасындағы жасөспірімдердің аталған тақырыпқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында есірткі қолдану мен оны заңсыз сатудың зияны туралы шынайы оқиғаларды баяндайтын «Закладка» деректі фильмі (режиссері Ринат Балғабаев) жас көрермендер назарына ұсынылды. Аталған фильмнің басты мақсаты – жастарға есірткі қолданудың қауіпті салдары және заңсыз саудаға қатысудың жазылмайтын зардаптарын көрсету болып табылады.

image-22-11-24-07-18-1

Жиын соңында Мейрамхан Темірханұлы оқушыларға аталған тақырыпқа байланысты қандай да болмасын сұрақ не мәселе туындаған жағдайда сенім телефонына хабарласып немесе тікелей өзіне келіп жолығуларына болатындығын жеткізді.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале