Жәңгір атындағы БҚАТУ-да ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға сала мамандары, еңбек ардагерлері қатысты.
Келген қонақтар алдымен университет алаңында ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының көрмесімен танысты.
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының жетістіктеріне арналған бейнероликті тамашалады.
- Сіздерді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан және өз атымнан кәсіби мереке – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауыл шаруашылығы – азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз, қажырлы еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына айрықша назар аударып, үнемі қолдап отырады. Өздеріңізге мәлім, жуырда ғана Астанада екі мыңнан аса делегаттың қатысуымен өткен алғашқы «Агрофорумға» Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Соның ішінде біздің облысымыздан «Аманер» ШҚ басшысы Қанат Досқалиев «Құрмет» орденімен, «Кублей» ЖШС-нің консервілеу учаскесінің меңгерушісі Батима Еркінова және «Жарас» ШҚ механизатор-комбайнері Серік Төлеушов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Анкатинский» ЖШС бас зоотехнигі Медеу Ахметов және «Мұқадес» ШҚ жылқышысы Бақытжан Болатбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген 5 пайыздық несие биылғы желтоқсан айынан бастап беріледі. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыру бағытында да жұмыстар қолға алынуда, - деген облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов сала мамандарының берекелі аймақтың ырысын арттыру жолындағы еңбектері табыс тіледі.
Сонымен қатар Қалияр Шадиярұлы бірқатар еңбек ардагері мен мамандарды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапаттады.
Саланың дамуына қосқан үлесі арнайы номинацияларға ие болғандарға облыс әкімінің алғысхатын табыстады.
Олардың арасында зейнеткерлер Мақсот Өміралиев пен Балханым Какимова, Бөкей ордасы ауданындағы «М-Боранбаев» шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаев, Шыңғырлау ауданының «Жәнібек» шаруа қожалығының басшысы, зейнеткер Тыныш Иманғалиев және басқалар бар.
Кәсіби мерекеге орай осы саладағы өзекті тақырыптарда оқыту семинарлары өтті. Іс-шара мерекелік концертке ұласты.
Айна Имашева
«Орал өңірі»
Суреттер авторы: БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі