27.11.2024, 13:00
Оқылды: 12

Дебат – озықтардың ойыны

Пікірсайыс, негізінен, тарихы терең қозғалыс. Ежелгі Грекиядағы Афины демократиясындағы саяси және философиялық пікірталастар, Ежелгі Үндістандағы «Шастрартха» («Шастраның», яғни қасиетті жазулардың түпкі мәнін анықтауға бағытталған интеллектуалды пікірталас) пікірталастың көне заманнан басталғанына дәлел бола алады. Осылайша, пікірсайыс бұрынғы кездерден-ақ мемлекеттің саяси өмірінде маңызды орынды алып отырған.

дебат (1)

Қаншама ғасырлар өтсе де, пікірталастың шетелдердегі маңызы түсе қоймаған. Британ Парламентіндегі пікірталастар Парламент пен партиялардың жұмысының, ондағы шешім қабылдаудың көрінісі болса, АҚШ-тағы Президенттік сайлау барысындағы пікірталастар дауыс берушілерді жинаудың құралы саналады.

Негізгі дебаттың Карл-Поппер, АПФ, БПФ, ЛД деген төрт түрлі форматы бар. Пікірсайыста жетістікке жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.

Бөрлі ауданында дебат қозғалысы соңғы жылдары жоғары дейгейге көтеріліп келеді. Оны облысымыздағы дебат қозғалысының белді өкілінің бірі Оралхан Қажкеновтың келуімен байланыстыруға болады. Ақсай қаласы №7 ЖОББМ тәмәмдаған Бөрлі ауданындағы дебат қозғалысының алғашқы қарлығаштарының бірі Айсағали Нұрсұлтанның Алматы қаласындағы студенттер арасындағы қалалық дебатта үздік атануы біздің  дебаттың деңгейін көрінісі деп мақтана аламыз. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыстық, республикалық деңгейде дебатта өзіндік ойынымен ерекшеленіп жүрген Уалиханова Жансұлу, Муанова Айару есімді оқушылар бар. Сондай-ақ аудан бойынша орыс лигасы мен ағылшын лигасынан да командалар сәтті ойындар көрсетіп жүр. Бұл оқушылар арасындағы дебаттың бүгінгі жай-күйі.

дебат (2)

Соңғы ек-үш жылда дебат ойынын мектеп басшылары арасында дамыту қолға алынды. Екі жыл қатарынан Атырау облысы Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мектеп басшыларының көшбасшылық қабілетін, зияткерлік әлеуетін дамыту, өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту арқылы олардың азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарының басшылары арасында дәстүрлі республикалық «Director`s CUP» дебат турнирі өткізіліп келеді.

Турнир дебаттың американдық парламенттік форматына (АPF) сәйкес жүргізілді. Олар білім саласындағы маңызды тақырыптарды қарарларды ортаға салып, ортақ шешім шығару үшін сайысқа түседі.

Биылғы жылы Атырауда өтетін республикалық сайысқа жолдама сарапқа салынып, алғашқы рет 9 командамен «Батыс CUP» турнирі өткізілді. Бөрлі ауданынан Ақсай қаласы №1 ЖОББМ директоры Әсемгүл Дауленова мен Успен МББК дирекоры Асылхан Қармысов «Бөрлі.kz» командасы болып топқа түсіп, үздік үштіктің қатарынан табылды. Биылғы Турнирге сен тұр мен атайын деген мықтылар жиналып, соның нәтижесінде турнир өте жоғары деңгейге өтті. Қатысушылар мектеп басшылары арасындағы осындай дебат ойындарын дәстүрлі түрде өткізіп отыру қажет деген ортақ шешімге келді.

– Бүгінде адамға кәсіби маман ретінде де, жеке тұлға есебінде де қалыптасуға жәрдемдесетін дағдылар хақында көп айтамыз. Дебат қарсыласыңды өзге бір деңгейде түсініп, сәйкесінше, ортақ шешімдерге қол жеткізу үшін дұрыс сөз айтып, түзу қадам жасауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, дебат көп нәрсеге үйретті, пікірталасу арқылы өз ұстанымыңды қорғап қана қоймай, өзгенің ұстанымын түсінуді үйренесің. Дебат – коммуникация, эмпатия, өз ұстанымыңды қорғау, тіпті конфликтологияның базалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауданымызда бұл қозғалыс алға баса берсе екен деймін, - дейді үздіктердің бірі Асылхан Абзалұлы.

– Бұл менің дабаттағы алғашқы қалалық турнирім. Былай дебатты білгенімімен оның нақты қалай ойналатына бас қатыра бермейміз ғой. Осы ойынға дайындалу барысында өзіме үлкен тәжірибе алдым. Меніңше,  баланың бойындағы пайдалы дағдылардың көбі дебат бағдарламасының арқасында қалыптасып, дамиды. Алдағы уақтта ауданымыздың мектеп башылары арасында да осындай ойын түрлерін өткізсек деген ұсынысым бар, - дейді Әсемгүл Мұхамбетқызы.

Дебат секілді ойын-сауық зияткерлік ойын сияқты пікірсайыстар барлығымыздың бойымызға сыни ойлау, толеранттылық,  шығармашылық жауапкершілік қалыптастырып, даулы жағдайларды дипломатиялық жолмен шешу қабілетін қалыптастырудың қуатты зияткерлік құралы бола алады. Сондықтан ауданымызда алдағы уақытта білім мекемелері басшыларының дебат турнирін тамашалаймыз деген сенім мол.

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале