«Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің». Мұны біз емес айтқан, бізге дейінгілер солай деген. Рас, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою әлемнің өзге елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Жасыратыны жоқ, қазірде қызды тәрбиелеуде ұлттық тәрбие негізінен алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес. Кейде ойыңа осы біз қыз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз деген сұрақ жиі келеді.
Иә, бұрын ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазақ халқы өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген.
«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Мойындау керек, қазіргі таңда кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Бұл, күн көрістің қамы ма, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба? әйтеуір бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай. Осыған орай жуырда аудандық «Сәулет» мектеп-лицейінде аудандық прокуратрура және білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі – қоғам ошағы» тақырыбында кездесу өтті.
Аталмыш шараға Тасқала ауданының прокуроры Алмас Унаев, ардагер ұстаз, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Майра Нұрмақова мен прокуратура саласының ардагері, көпбалалы ана, адвокат Алмагүл Рамазанқызы және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, сондай-ақ оқушы қыздар қатысты.
Шараның мақсаты қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, әдепті, сыпайы адамгершілігі мол, білімді, жан-жақты жетілген қыз бала тәрбиелеу.
Шараны жүргізген модератор Майра Абуқызы қыз тәрбиесінің қоғамдағы рөліне тоқтала келіп, кездесуге жиналған қыздарға әсерлі әңгімесімен тәрбие туралы тілге тиек етті. Одан әрі сөз алған Алмас Маратұлы мен Алмагүл Рамазанқызы құқық қорғау саласындағы әйел адамның рөлі, қыз баланың құқықтық міндеттері мен мүдделері жайлы сөз қозғады.
Кездесу барысында қыздар тәрбиеге қатысты өздеріне қойылған сұрақтарға жауап беріп, ойларымен бөлісті. Оқушылар ән салып, шараның көркін қыздырды. Жалпы мұндай кездесулер жиі өтіп, оған ата-аналарды қатыстырса нұр үстіне нұр болар еді.
Шараны қортындылаған Майра Абуқызы: «Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесіне ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін ұмытпайық деген мағыналы сөздерімен қорытындылады. Ия, шынымен де қоғамдағы қыз тәрбиесі кім-кімді де бей-жай қалдырмауы керек. Өйткені, қазіргі таңда кейбір бойжеткендеріміз кешкі уақытта көшеде жүруді сәнге айналдырып барады? Қыдырмасын демейміз, әрине. Қыдырсын. Дегенмен, көшеде кешкілік уақытта серуен құрғанды азайту керек. Әлеуметтік желіде небір қыздарымыз ащы судың арбауына түсіп, шылым шегіп, түнгі клубта қыдырып, ауызына келгенді айтып, айналасындағыларды балағаттап жатқанын көргенде жүрегің ауырады. Біздің қыздарымыздың осындай дәрежеге жетуіне не себеп болды екен деген сұрақ туындайды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десекте, осындай жеңіл мінездің салдарынан жүкті болып, тастанды балалардың көбейіп жатқаны да алаңдататыны жасырын емес. Сондықтан, елдің ертеңгі болашақ аналары, біздің қаракөз қыздарымыз ойланса екен дейміз. Бір сәт өткенге көз жүгіртейікші... Қазақы дәстүрде қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірген. Тарихқа зер салсақ, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелінің үлгісі емес пе?! Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зере, анасы Ұлжанды қалай ұмытамыз? Асыл дініміз де қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтінін дәлелдейді.
Жоғарыда айтқандай, отбасындағы қыз тәрбиесіне тек ана жауапты деген сөз емес. Әкенің де қыз бала тәрбиесінде атқаратын рөлі ерекше. Бала күнімізде әкеміздің қабағынан именетінбіз. Әкеміз бетімізге қарсы келіп ұрыспайтын. Бар нәрсені анамыз арқылы ақырындап жеткізетін. Тіпті мектеп бітіріп, қызмет жасаған кезімізде де әкенің айтқаны біз үшін заң болатын. Түнгі уақытта киноға да әкемізден сұранып, кел деген уақытында кешікпей келуге тырысатынбыз. Бұл қатыгездік емес. Бұл тәрбие. Сондықтан, кей кездері қыздарымызды кейбір дүниеден тыйып ұстаған да дұрыс па деп ойлайсың. Дана халқымыз, «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» - деп бекер айтпаған.
Сондықтан да баланы отбасындағы бесіктен бастап дұрыс тәрбие беріп, түзу жолмен жүргізейік. Уақыт қанша өзгерсе де, қалыптасқан қанымызда бар ибалылық өзгермесін.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы