Ұлттық ұланның әскер қатарына осы жылдың күзгі шақырылым науқаны басталып кетті. Күні кеше ғана Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне Ақтөбе қаласынан 40-қа жуық жас жеткіншек Отан алдындағы борышын өтеуге келді. Бұл туралы ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Әскери бөлім аумағына жаңадан келген сарбаздарды әскери бөлім жеке құрамы жылы қарсы алды. Әскери бөлімнің табалдырығын жаңа аттаған сарбаздар жан-жағына жалтақтай қарап бойларында қорқыныш сезім ұялағандай сыңай танытып, саптық алаңға қарай беттеп келді.
Саптық алаңда болашақ ұландарды бөлім командирі қарсы алып, амандық-саулық сұрасып, әскери бөлімнің атқаратын міндеттеріне және бөлімнің құрылу тарихымен қысқаша таныстырып өтті.
Бөлім командирі өз сөзін аяқтап жас толымды әскери бөлімнің моншасына бағыттады. Болашақ ұландар әскери бөлімнің моншасына келіп шаш үлгісін бірдей етіп қидырып, әскери форма киіп бір үйдің балаларындай болып шыға келді.
Осылайша әскери бөлімге 1 сағат бұрын келген жас жеткіншектердің сарбаздық алғашқы күндері басталыпта кетті.
Ендігі кезекте жас сарбаздармен бір айдың көлемінде оқу пункті өткізіліп, олармен саптық және атыс дайындығы, мемлекеттік-құқықтық дайындық пәндері бойынша сабақтар жүргізіліп әскери ант қабылдау рәсіміне дайындалатын болады.
Айта кетейік Орал қаласындағы Ұлттық ұлан әскери бөліміне тағыда 160-қа жуық жас жігіттің келуі күтілуде. Ал сол жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі 2025 жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр.