5.12.2024, 16:15
Оқылды: 192

Дариға Нұрашова: «Шабыт деген – көңіліңде күмбірлеп тұратын күй сияқты»

Д Нурашова

– Дариға Кеңесбайқызы, «Алпыс – талтүс» деп жатады. Адам есейген сайын балалық шағын жиі еске алады дейді ғой. Бала Дариғаның армандары қандай еді? Жалпы, қандай бала болдыңыз?

–  Бала кезімде «Мұхтар Шаханов секілді танымал ақын боламын» деп айтады екенмін. Әкем менің балалықпен айтылған аңғал сөздеріме риза сезіммен қарайтын. Мектепке таңда кеткеннен кешке бір келемін. Өте белсенді оқушы болдым. Анам: «Өмір бақи тақпақ оқып жүре бересің бе, болашағыңды ойласайшы» деп жиі айтатын еді. Бір өлеңімде «Атақты ақын және бола алмадым, ауылым атыңды ерте асырғанмен» деп жаздым. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Қызыл әскер деген кішкентай ауылда тұрдық. Ауыл адамдары «Кеңесбайдың ақын қызы» деп еркелететін. Соған танауым желпілдеп, мәз болушы едім. Осыдан бес жыл бұрын 55 жасқа толған туған күніме Шымкенттен ағам келіп, ақ тілегін айтып тұр:  «Бізді ата-анамыз кішкентайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Ұл, қыз деп бөлген жоқ. Бір күн, бір сәт отырғызбай жұмсайтын. Біз бар шаруаны істедік. Тек Дариға дым істеген жоқ. Ол тек кітап оқитын еді» деді ғой. Айнала ду күліп жатыр. Шынымен де, ағамның сөзінің жаны бар. Өте кітапқұмар бала болдым. Кітапқа беріліп кеткендіктен, үй шаруасын робот сияқты істейді екенмін. «Мына жерді сыпыр» десе, сыпырамын, «жина» десе, жинап тастап, робот құсап кітап оқып отыра береді екенмін. Анам әпкелеріме: «Үйді жинап, жарқыратып қойыңдар» деп тапсырма берсе, олар таңнан кешке дейін үй тазалап, айнадай қылып қояды. Тек тазалап қоймай, анама: «Ана бөлмедегі пердені залға ілейік» деген сияқты ұсыныстарын айтып, шаруаны беріліп жасайды. Маған бәрібір. «Бұзауды қама» деді ме, қамадым, «ыдыс жу» деді ме, жудым. Үйде жеті бала өстік қой. Отбасында мен – солардың үшіншісімін. Обалым не керек, үйдегі бауырларыммен бірге жүремін. Олар бақшаның шөбін жұлса, мен де жұламын, бұзау айдауға барса, мен де барамын. Бірақ сол жұмыстарды жаныммен беріліп жасамаппын. Анам «Күбі пісіп қой» деп тапсырма береді. Біздің жақта майды қаймақтан емес, айраннан алады. Сүтті айран қылып, оны күбіге қатты шайқап, май алады. Оны да жасаймын. Бірде анама «Күбіні 200 рет ұрғанда май шығады, нан ашытқан кезде оң жаққа 15 рет, сол жаққа 15 рет араластырсаң, қамыр дайын болады» десем, «Сонда сен соны ерінбей санап отырасың ба? Ыңғайына қарамайсың ба?» деп таңғалады. Есейгеннен кейін ауылға барғанда нағашыларым «Диванның артында отыратын қыз  алдына шығыпты ғой» деп күліп жатыр. Шынымен, диванның артына, көрінбейтін қуысқа кіріп алып, кітап оқығанды жақсы көретін едім. Өйткені ол кезде үлкендер көзге көрінсек, жұмсайтын еді ғой. Содан қашқан түрім болса керек. Осындай  қызық бала болдым.

– Сізге анаңыз «жуассыз» дейді екен. Ақындар жуас бола ма?..

– Иә, анам мені биіктен көргісі келді ме екен, жуассың деп жиі айтатын. Ақсайға келгенде бір құрбым «Сіз неге жуас дейсіз, ол жуас емес» десе, «жуас» деп өз ойынан айнымайды ғой. Бірақ мен өзімді жуаспын деп ойламаймын. Әрі өзімді жуас қылып көрсеткім келмей жанталасамын. Дегенмен, кей жерлерде өз ойымды жинақтап жеткізе алмай, жылап қаламын. Көз жасым бұрқ ете түседі. Талай үлкен есіктерден  көзіме жас келіп, шығып кеттім. Оны олар «Есікті тарс жауып шығып кетті» деп ойлайды. Ал мен есікті қатты жабайын деген ойым жоқ, жылағанымды көрсеткім келмейді ешкімге.

– Соңғы жылдары ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдауға көп көңіл бөлінуде.  Облыс орталығында әдеби орта қалыптаса бастаған сияқты...

– Иә, бізде  әдеби орта жоқ дейтіндердің бірі мен едім. Қазір облыс орталығында әдеби орта қалыптаса бастады. Бұл – Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі жұмысының нәтижесі. Ең алғаш Бауыржан Халиолла басқарған жылдары қалам ұстағандардың бәрінің басын қосып, жиі жинап жүрді. Одан кейін Жазушылар бөліміне келген Бауыржан Файзоллаұлы да бұл жұмысты одан әрі алып кетті. Қос Бауыржанның тұсында біздің өңірдегі Жазушылар бөлімі ақын-жазушыларға жақсы қолдау көрсетуде. Осыған кәдімгідей ризамын. Одан бөлек, әлеуметтік желінің де көмегі бар ғой. Сол жерден бір-біріміздің шығармашылығымызға қолдау көрсетіп тұрамыз.  Күн сайын кездеспесек те, әріптестеріміздің қай байқауға қатысқанын, қандай жүлде алғанын әлеуметтік желіден көріп, сәттілік тілеп отырамыз.

– Дариға апай, сізді ел-жұрт ақын ретінде таниды. Бір сұхбатыңызда өлең жазбай кеттім депсіз...

– Өлең деген – көңіл ғой. Өзіме көңілім толмай қалған кездерде өлең жазбай кетемін. Біреулер шабытты түртіп қалғанда өлең төгіле түсетін періштедей көреді. Меніңше, шабыт деген – көңіліңде күмбірлеп тұратын күй сияқты. Кейде өлең бір демде төгіледі. Ондай сәтте отырған жерімнен тұрып кетем де, жазып қоямын. Көбіне тұтас өлең бірден төгіле қоймайды. Кез келген өлеңімнің, ең алдымен, алғашқы екі жолы ойыма бірден келеді. Кейде ойыма келген сөзді жазып алмай, «Жаңа не жазғым келіп еді?» деп алабұртып жүретін кездерім болады. Шынымды айтсам, аяқталмай қалған өлеңдерім көп. Бұл менің жалқаулығым,  жайбасарлығымнан болар. Бірер жыл бұрын ержетіп қалған екі ұлым, жұбайым бар, төртеуміз  әңгіме айтып отырмыз. Бір кезде әдебиет тақырыбына ойысып кеттік. Балалар менен: «Мама, өлеңді қай кезде жазасыз?»  деп сұрайды. «Қатты ренжігенде немесе қатты қуанғанда жазам» десем, «Қуантуды білмейміз, ренжітуді қатырамыз» деп әзілдеп еді. Жалпы, өлеңді қатты толқығанда жазады екенмін.

– Тапсырыспен өлең жазасыз ба?

– Жастау кезімде тапсырыспен өлең де жаздым, той да басқардым. Бірінші рет бір-екі туысымның  тойын жүргізіп беріп едім, кейіннен басқа кісілер де той басқаруға өтініш айта бастады. Ол кезде ауылда тұрамыз. Ата-енем, екі балам, үйдің шаруасы бар. Бір үйдің білдей келінімін, бәрін тастап тойға жүгіре бергенім ұят болар деп бірде «Той өткіз» деп келген үлкен кісіні кері қайырып жібердім. Соны көрген қайын атам: «Негізі той жүргізуден бас тартпағаның дұрыс. Үйлену тойы – адамның көптен күткен қуанышы. Сондықтан шама келсе, бас тартпа» деп ақылын айтты.  Атамның осы сөзі санамда қалып қойса керек, Ақсайға қоныс аударғаннан кейін де қыз ұзату,  үйлену тойына арнау жазып беріп жүрдім.

– Жаңа қайын атаңыз туралы айтып қалдыңыз. Жалпы, сіз келін болып түскен әулет қандай еді?

– Әр әулеттің өзіне тән ерекшелігі болады ғой. Мен келін болып түскен Шамғоновтар әулетінің ерекшелігі – тазалық. Киген киімдері де, жүрген жүрістері де, бір-біріне деген қарым-қатынастары да таза, шынайы. Олар өтірік, өсек айту дегенді білмейді. Осы жылдар ішінде қайын апа, қайын сіңлілерімнің өсек айтқанын не өтірік айтқанын көрмеппін. Қайын атам Төлеген Шамғонов жиырма жыл совхоз директоры болып еңбек еткен елжанды адам болды. Қаратөбеліктер ол кісіні өте жақсы көрді, сол елдің аяулы адамы еді. Шамғоновтар әулеті бай тұрмайды, жылтыраққа құмар емес. Бірақ олар жаңа үйде тұрмаса да,  айналасын тап-тұйнақтай, тап-таза етіп, жарқыратып отырады. Қайын атамның інісі Әскерғали Шамғонов Жәңгір хан атындағы университетте экономикадан сабақ берді. Белгілі профессор, талай адамның құрметіне бөленген жан еді. Осындай текті адамдардан тараған ұрпақ бүгінде әке жолын жалғастыруда. Мен – Шамғоновтардың бірінші келінімін. 20 жасымда мені келін қылып түсірген ата-енем түсінігі мол, ғажап жандар еді. Алғаш келін болып түскен жылдары Қаратөбе ауданында үлкен кісілермен бірге тұрдық. Сол кездерде атам жұмыстан келе салып, «Дариға қайда?» деп мені іздейді екен. Қалаға барған  сайын маған сыйлық алып келеді. Ауыл адамдары бәрін байқайды ғой. Бірде атамнан «Келініңіздің қас-қабағына неге қарайсыз?» деп сұрапты. Сонда ол кісі: «Келін – басқа жақтың адамы. Елі бөлек, суы бөлек. Бір нәрсеге көңілі толмаса, жүгіріп барып айтатын таныс адамы да  жоқ. Сондықтан келінімнің қабағы шытылмасын деймін. Біздің елге сіңісіп кеткенше қабағына қарауға міндеттіміз»  деп жауап беріпті. Атам сондай дана, ақылды, кемеңгер адам еді. Өмірден өтерінде ұл-қыздарына: «Өсек,өтірік айтпаңдар, адал болыңдар!» деп өсиетхат  қалдырған.

– Сіз де кейіннен ата-ене жолын жалғап, екі келінмен бірге тұрыпсыз. Қиын болған жоқ па?

– Өзім ата-енемнің үлкен мектебінен өттім ғой.  Бақытыма орай келіндерім де адал сүт еміп, ата-ана тәрбиесін көрген қыздар болып жолықты. Үлкен келінім – Қарағанды қаласының, кіші келінім – Қаратөбе ауданының қызы. Үлкен келініммен бес жыл бірге тұрдық. Үш жылдан кейін кіші ұлым үйленді. Сол жылдары енем қатты ауырып, бізбен бірге тұрды. Кешкілік жұмыстан үйге келсем, бір келін енемнің тамағын суытып, бір келін балаларға тамақ дайындап, абыр-сабыр боп жатады. Бәрі дайын болғасын келіндеріме әркім өз баласын тамақтандырады деймін де, енемнің тамағын беремін. Енем жыл жарым ауырып, бақилық болды. Ол кісінің жылын берген соң, үлкен баланы еншісін беріп, бөлек шығардық. Қазір кіші бала-келініммен бірге тұрамын.

– Екі ұл, екі келін, төрт немере тәрбиелеп отырған ана, ене, әже ретінде бала тәрбиесіне қатысты не айтасыз?

– Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Осы мақал өте дұрыс айтылған. Тәрбие бір болғанымен, әр отбасында қалыптасқан дағды бөлек қой. Айналамдағы жастарды қарап отырсам, бәрінің іс-әрекеті, қимылы, сөйлеген сөзінен әке-шешесін көріп отырамын. Қалай болғанда да бала көргенін істейді. Ол әдет-дағды болып қалыптасады. Қазір ата-аналар «Менің қызым тіке айтады, онысы  дұрыс» деп қызын жақтап отырады. Тағы бір аналар «Қызыма үйде ешнәрсе жасатпаймын, барған жерінде де жасайды ғой» дейді. Оның барған жерінде жасағанын күтіп отыратын ата-ене жолықса жақсы. 20 жасымда дым білмей, келін болып түскен мені ата-енем үй шаруасына үйреніп, дағдыланғанымды күтті. Бәріне бірдей ондай ата-ене ұшыраса бермейді ғой. Жалпы, ата-ана бала тәрбиесіне «Ұлым не істеп жүр?», «Қызым не істеп жүр?» деп көбірек мән беруі керек. Қыз баланың үлкеннің сөзін бөлмей, әдеп сақтап сөйлегенін қалаймын. Ой еркіндігі болу керек. Бірақ ойымды еркін айтамын деп  ойыңа келгенді айта беруге болмайтынын ескерсе екен.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале