10.12.2024, 12:45
Оқылды: 85

«Көлеңкелі» экономика: заңсыз саудаға тосқауыл бар

Бүгінде әлемнің көптеген мемлекетінде ел қазынасына құйылмай, кейбіреулердің құлқынына кететін «көлеңкелі» экономиканың қаржы айналымы алаңдататындығы белгілі. Облыста биыл жыл басынан бері экономикалық  бағытта 37 қылмыстық іс тіркелсе, оның  25-і аяқталған. Аяқталған істер бойынша белгіленген залал 837 млн теңгені  құраса, оның 468 млн теңгеден астамы «көлеңкелі» экономика саласына тиесілі, яғни жалған шот-фактураларды беру бойынша деректер. «Көлеңкелі» экономикамен күрес жұмыстары өңірде қарқын алды. Бұл туралы «Заң және тәртіп» идеологиясы шеңберінде өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономикалық  тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері баяндады.

b4621ed1-983f-4feb-9e2d-9a914c27ab45

Аталмыш департамент басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтің айтуынша, биыл заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу деректері бойынша 4 қылмыстық іс тергеліп, барлығы сотқа жолданып, сот үкімдері шыққан. Бұл негізінен акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық істер, яғни темекі өнімдерінің 100 мыңнан астам қорабын заңсыз сатумен байланысты. Сондай-ақ цифрлық активтерді айналымға түсіруге байланысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан тұрғындар әшкереленіп, олардың ісі сотқа жолданып, айыптау үкімі шыққан. Осылайша, жеке тұлғалардан 138 млн теңге айыппұл өндірілген.

Департаменттің жұмысы қаржы пирамидалары қызметінің жолын кесуге де бағытталған. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселесі өңірде өзекті болып қала береді. Мұндай пирамиданың жарнамасына алданып, ақша аударған азаматтардың арыз-шағымы негізінде жыл сайын бірнеше қылмыстық іс тіркеледі және ол істер бойынша қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары сотталып та жатыр.

Бірқатарына мысал келтірсек.

«Айына 1000 еуро жалақы аласыз»

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Жолдасұлы өңірде қаржылық пирамида құрып, жарнамалап сотталғандар және оларға қаржы аударып, қарызға батқан азаматтар туралы да айтты.

Орал қаласының А. есімді тұрғыны, қаржы пирамидасын инвестициялық ұйым ретінде таныстырып, таныстарына пайда табудың екі бағытын ұсынған. Біріншісі, қаражатты Vista шоттары арқылы инвестициялап, мол қаржы табуға болатындығы. Яғни салымшыларды шетел валютасындағы депозиттік шоттар принципі бойынша жинақтардан пайда алуға мүмкіндік бар деп сендірген. Екінші жағдайда, шотқа ақша жинап, қаражат белгілі бір сомаға жеткеннен кейін 10 жылға дейін бөліп төлеумен пәтер алуға болатындығын айтқан. Яғни салымшының «Hermes Managament Ltd»-нің депозитіне салған ақшасы 1100 еуроны құраса, шетел валютасына салынған соманың 20%-ы жылдық минималды табыс ретінде ұсынылған. Сондай-ақ іскер азаматтарға жаңа инвесторлар тарту арқылы табыс табу ұсынылып, осылайша директор деңгейіне жеткеннен кейін айына 1000 еуро тұрақты жалақы алатындығы және Vista шоттарындағы барлық депозиттерден 2%-дан 18%-ға дейінгі пассивті кіріс қамтамасыз етілетіндігі туралы жарнамаланған. Осындай жарнама заңсыз ұйымның қызметіне оң әсерін тигізіп, оған 42 адам қаржы аударған. Оның 13-і 56,8 миллион теңге мүліктік залал келгенін айтып, сотқа жүгінген. Сотталған  азаматша А.-ның  заңсыз жолмен тапқан қаражатына Елордадан сатып алынған пәтері сот үкіміне сәйкес азаматтарға келтірілген залалды өтеу ретінде пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ шаһардағы К. есімді азаматша тұрғындарға тағамдық қоспалар мен басқа да дәрілік заттар дайындайтын ұйымды қаржыландыруды және оларды сатудан түскен пайданы бөліп аламыз деген желеумен инвестициялық ұйымның атын жамылып, заңсыз әрекеттерді ұйымдастырған. Жаңа инвесторларды тартып, қосымша қаражатты инвестициялау үшін ай сайынғы сыйақы алуға мүмкіндік беретін ынталандырушы мансап сатысын әзірлеген. Мысалы, бес жеке деңгейдің біреуіне қол жеткізу үшін 3 500 000 теңгеден 55 000 000-ға дейінгі сомаға қаражат салу қажет болған, одан 0,03%-дан 0,5%-ға дейінгі инвестициялық бонус төленетінін айтқан. Инвесторларды сендіру үшін оларға сатып алынған қымбат көліктердің, жылжымайтын мүліктер мен шетел сапарларының фотосуреттерін көрсетіп, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізген. Тартылған инвесторлардың жалпы саны 185 адамды құраса, оның 150-іне 211 млн теңге мүліктік залал келтірілген. Қаржы  пирамидасын жарнамалаушы азаматша К. сот үкімімен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірде заңсыз ойын бизнесімен күрес бойынша да бірқатар жұмыс атқаруда. Мәселен, «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз ойын бизнесі белгілері бар 403 сайт бұғатталған.

Осы орайда мамандар жалған ақша жасау – мемлекеттің экономикалық жүйесін тұрақсыздандыратын және ұлттық экономикаға зор қауіп төндіретін ең қауіпті қылмыстың түріне жататынын айтады. Қазіргі таңда  бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының біріне 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 ЕУРО сомасындағы жалған шетел валютасын сатты деген күдікке ілініп отыр. Күдіктілер бұл қаражатты бәс тігу үшін пайдаланған. Бұл қылмыстық іс өндірісте болғандықтан, өзге ақпараттар Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-талабына сай жария  етуге  жатпайды.

Батпан құйрық жерде  жатпас  немесе қаржы пирамидасын жарнамалаған жеті әйел сотталды

–  Облыстың кез келген азаматы «көлеңкелі» экономиканың төмендеуіне үлес қоса алады. Егер тұрғындар қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану, ұрлау немесе басқа да экономикалық құқықбұзушылық деректеріне куә болса, бұл туралы «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауын сұраймыз. Хабарламаның анонимділігіне кепілдік беріледі. Сондай-ақ ресми өтініш беру үшін eOtinish желісі арқылы немесе 1458 call-орталығына немесе департаменттің 8-7112-53-84-27 сенім телефонына қоңырау шалу арқылы өтінішпен жүгінуге болады. Бүгінде қаржы пирамидалары тұрғындардың шығындарын арттырып, қаржылық дағдарысқа душар етуде.

Алаяқтар инвестициялық немесе қаржылық компаниялардың атын жамылып, азаматтардың ақшасын инвестиция ретінде тартуда. Олар елде мүлдем тіркелмеген, аты бар да заты жоқ компанияларды жарнамалап, одан жоғары кіріс табуға болатынын айтуда. Осы орайда біз тұрғындарды өз қаражаттарын күмәнді компанияларға инвестиция ретінде салмауға және олардың ұйымдастырушысы болмауға шақырамыз. Өңірімізде биылдың өзінде қаржы пирамидасын жарнамалаған жеті әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы мониторингі агенттігі Telegram әлеуметтік желісінде «BAIQA piramida» чат-ботын әзірледі. Сол чат-бот арқылы азаматтар қаржы пирамидалары туралы мәлімет біле алады. Чатқа жалақы ұсынатын компанияның БСН немесе оның сайтын, парақшасын немесе әлеуметтік желілердегі тобы туралы сілтеме енгізіп, компанияның қаржы пирамидаларына қатыстылығы туралы ақпарат ала алады, – деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Анастасия Болграбская.

Қылмыстың өтеуі – жаза

Жалған хабар тарату жарға жығады

Жуырда тик-ток әлеуметтік желісінде 2022 жылғы Орал қаласындағы Қаңтар оқиғасының видеосынан үзінді таратып, халыққа жалған ақпарат беріп отырған парақшалар анықталды. Парақша әкімшілігі ескі бейнебаянды салып, «Орал қаласында көтеріліс болып жатыр» деген  бағытта ақпарат берген.

Осы орайда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Қуанғали жалған ақпарат таратып, халықты митингіге үндегендер жауапкершілікке тартылатынын айтты.

–  Әлеуметтік желіде 23 қараша күні Оралда халық көтеріліп жатыр деп тарап жатқан бейнебаяндар шындыққа жанаспайды. Олар 2022 жылдың 4-5 қаңтары күні болған оқиғаны таратып отыр. Бұлай халықты жалған ақпаратпен арандатуға полиция жол бермейді. Қазір жарияланым ауторын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай жалған хабарлар тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша адамдарды үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 3000 АЕК айыппұл салу көзделген. Облыс тұрғындарын тек сенімді ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, – деп атап өтті БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі  Нұржан  Қуанғали.

ҚР Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары  мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі  зиян келтіретін жалған ақпарат таратуға  жол берілмейді.

«Лотерея ұтып алдыңыз!»

Облыс тұрғындарын «Лотерея ұтып алдыңыз!» деп алдап, олардан алдын ала ақша жинап жүрген  күдікті ұсталды.

Алаяқ өзін лотерея компаниясының өкілі ретінде таныстырып, адамдарды жүлде ұтқанына сендірген. Ол ұтысты алу үшін белгілі бір соманы алдын ала аудару қажет екенін айтып, тұрғындарды иландырған. Оған сенген батысқазақстандық бес азамат қаржыларын аударған. Осылайша, жүлдеден үміттеніп, қаражатты аударып, кейін не ұтыс, не ақша қайтарылмайтынын түсінген олар полицияға арыз жазған. Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері тұрғындарды «Лотерея жеңімпазысыз» деп сендіріп, алаяқтық әдіспен қаржы иемденіп жүрген Атырау облысының тұрғынын ұстады. Күдікті «құрбандарын» Instagram желісіндегі лотерея туралы жазбалардың астында қалдырылған пікірлер арқылы тауып отырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі – 140 мың теңге.   Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Орал қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале