11.12.2024, 23:00
Оқылды: 6

Жәнібек ауданында электр желілердің 88 пайызы тозып тұр

Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 2024 жылғы төртінші тоқсандағы отырысы өтті.

image-11-12-24-10-06
​Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Лаура Насырова ауданның қысқы кезеңдегі санитариялық-эпидемиологиялық дайындығы, қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі басқару органдарының өзара әрекеттесуін ұйымдастыру бойынша баяндады. Оның айтуынша, аудан аумағында аса қауіпті аурулар, соның ішінде оба, тырысқақ, құтыру, туляремия, сібір жарасы, сияқты кеселдер тіркелген жоқ. Биыл ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін қызылша ауруымен 19, ал туберкулезбен 8 жағдай тіркелген. Сонымен қатар аудандық электр торабының басшысы Мейіржан Хаби қатты желдің әсерінен туындайтын электр желілерін ажырату, шатырлардың бұзылуына жол бермеу үшін қабылданатын шаралар туралы айтып өтті.
​- Қазіргі таңда электр желілердің 88,14 пайызы тозып тұр. Жыл басынан күні бүгінге дейін 77 апаттық ажыратулар орын алды. Биыл аудан бойынша жоспарланған жұмыстардың біразы орындалды. Сонымен қатар «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жәнібек ауылындағы А.Оразбаева мен Наурыз көшелерінде қолданыстағы 10 кВ әуе желісінің зақымдалған тіректерін бөлшектеп, ауыстыру, жаңа темір бетонды тіректерді орнату, әуе желісіндегі сымдарын біріктіріп ілу жұмыстары жасалды. 2025 жылға 6 млн 437 мың теңге көлемінде қаражатты құрайтын жұмыстар жоспарлануда, - деді Мейіржан Халиханұлы.
​Мейіржан Хабидің сөзіне қосылған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев шатырды жобалау кезінде жел жүктемесін есепке алу, шатыр пішінін, материалдар мен монтаждау әдістерін, шатырдағы жел жүктемесін дұрыс есептеу әдістеріне қысқаша шолу жасады. Сол сияқты аудандық телекоммуникация электромеханигі Қазыбек Тырмышев аудан аумағындағы ескерту жүйесінің жай-күйі туралы хабарлады. Қазыбек Есенұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан орталығында 1, ауылдық округтерде 4 автоматты телефон станциясы бар. Станция бойынша 1956 нөмір бар. Кабельді байланыс желісі 333 шақырымды құрайды. Төтенше жағдай кезінде 4 дабыл жүйесі іске қосылады. Радио құлақтандыру іс-әрекетіне сәйкес 30 абонент азаматтық қорғаныстың дабыл жүйесіне қосылған. Отырыста, сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Берік Испенбетов ауданда тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстар хақында баяндады.
«Күні бүгінге дейін 2242 үйге барып, 2523 ауыл тұрғынына өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптары түсіндіріліп, жадынамалар таратылды. Жергілікті полиция қызметімен және жергілікті атқарушы органдарының қызметкерлерімен бірлесіп аудан аумағында ағымдағы жылы күз мезгілінде 2 рейд ұйымдастырылды. Аталған рейдттер Ұзынкөл ауылында және Тау ауылдық округі Жұмаев елді мекендерінде өткізілді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлерімен әлеуметтік осал жанұялардың тізімі жасақталып, яғни 25 отбасы есепке алынды. Олармен өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау бойынша жеке әңгімелесулер жүргізілді. Сондай-ақ аталған әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үйлеріне тұншықтырғыш газ датчигі орнатылды»,- деді Берік Қаметұлы.

image-11-12-24-10-06-3
Жиын соңында аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Айдос Сағадатовтың төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссиясының 2025 жылға арналаған жұмыс жоспарын бекіту туралы хабарламасы тыңдалды.
Жиынды Тимур Серікұлы қорытындылады.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Фотоға түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале