12.12.2024, 10:00
Оқылды: 359

Оралда «Жайдарман» ойындарының финалдық кезеңі өтті

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ залында «Жайдарман» ойындарының финалдық кезеңі өтті. Аталмыш байқауды облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Шабыт» шығармашылық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Әзілі жарасқан жастар

Бұған дейін облыс жастары, студенттер, өңірге қарасты аудан жастарынан құралған командалар арасында бірнеше «Жайдарман» ойыны өткен болатын. Саралай келе, үздік бес команда финалдық кезеңге қатысуға мүмкіндік алды.

Ойын нәтижесінде «Проект БҚУ» және «Қаратөбе» командалары 1-орынға ие болды. «Тайпақ» құрамасы 2-орынды, ал «Казталов» құрамасы 3-орынды еншіледі. Тасқала ауданынан келген «Жұдырық» командасының ойыншысы Сырым Саян «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды.

– Жыл басында шымылдығы түрілген «Жайдарман» ойындарының финалдық кезеңінде бес бірдей мықты команда өнер көрсетті. Көрермен көзайымына айналған жоба аудандық, облыстық, республикалық деңгейде көптеп жүзеге асуда. Бұл іс-шаралар жастардың талантын шыңдап, шығармашылық орта қалыптастыруына септігін тигізеді. Шығармашыл жастардың таланты мен тапқырлығына, ұтқыр әзілдеріне қазылар әділ баға беріп, көрермен шын риза болды. Өңірімізден алда талай жеңімпаз жастар шығарына сенемін, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Мирфат Бисекенов.

Жеңімпаздарға арнайы кубок пен қаржылай сыйлық табысталды. Сондай-ақ облыс мақтанышына айналған «Талант» құрамасы биыл республикалық «Жайдарман – 2024» жобасында жеңімпаз атанды. «Талант» құрамасы бұған дейін де ерекше әзілдерімен облыс халқына танылып, тәнті қылған еді. Бүгінде жастарға арналған жобалар өз жемісін беруде.

Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале