12.12.2024, 12:00
Оқылды: 56

Дамира Көкенқызы: «Мектепте жұмыс жасағаныма – 24 жыл»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қыркүйек айында жолдаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», - деген еді.

WhatsApp Image 2024-12-09 at 18.30.18

Қазіргі уақытта белгілі бір дәрежеге, мансапқа жеткен адамдарды ғана еңбек адамдары деп санайтындар арамызда көп. Халық арасында күнделікті істеп жүрген жұмысы көзге көрінбейтін жандар да баршылық. Ал шынына келгенде еңбек адамдары қатарына жататындардың алды осы қарапайым жұмысшылар екені айдан анық. Себебі нағыз еңбек осы жандардікі.

Еліміз еңбектің арқасында көркейетіні, дамитыны бәрімізге белгілі. Сондықтан да қоғамда еңбек адамының орны қашанда ерекше, абыройы биік. Халқымыздың еңбекқорлығының арқасында еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Еңбек адамдарының беделін көтеру мақсатында 2013 жылы қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні деп аталған болатын. Бұл мереке қарапайым жұмысшылардың еңбектерінің бағаланғанын білдіреді.

Еңбек адамы... Ең алдымен еңбек адамы алдындағы жұмысын таза, адал жасайтын, табысын маңдай терімен табатын жандар. Ауданымызда да осындай жандар баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз – Дамира Көкенқызы. Ол Сырым ауданының қазіргі Шағырлой ауылының тумасы. Дамира апа қазіргі уақытта Ақсай қаласының №4 ЖОББ мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс жасайды.

Екі ұлдан кейін дүниеге келген кейіпкеріміз негізінен бала кезінен мұғалім болуды армандаған екен. Себебі әкесі осы Шағырлой ауылында 35 жыл ұстаз болған. Әкесінің жолын қуып ұстаз болуды армандаған Дамира апа 1981 жылы мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына география және биология пәндерінің мұғаліміне оқуға тапсырып, түсе алмаған екен.

Оқуға түсе алмағаннан кейін «Землячка» деп аталатын тері заводына жұмысқа орналасқан. Сол уақытта белсенді жұмыс атқарғаны үшін құрмет тақтасына ілініп, газетке шығып, телеарналарға сұхбат та берген. 1983 жылы «Ақжайық» қонақ үйінде кіші қызметкер қызметінде жұмыс жасаған. Ол жерде де адал еңбегі үшін «Ударник коммунистического труда» төсбелгісіне ие болған екен.

1987 жылы Октябрь Төлегеновті кездестіріп, тұрмыс құрған. Жолдасының мамандығы машина жүргізуші екен. Ауылда жолдасымен бірге қойды да қырқып, балшық та майлап күндерін көрген. Дүниеге 3 сәби әкелген. Анасының арманын жүзеге асырған қызы физика-информатика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға грантқа түскен. Қазіргі таңда тұрмыста, төрт баланың анасы. Көп балалы жанұя жеке қожалықпен айналысады екен. Ал ұлы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге дене шынықтыру мамандығына грантқа оқуға түскен. Қазіргі уақытта Астана қаласында көлік құралдарын сататын жеке кәсібін ашқан.

5a138186-a389-414c-9add-3fd20cf589e6

Дамира апа отбасымен бірге Ақсай қаласына 2000 жылы көшіп келген. Жолдасы құрылыс саласына жұмысқа тұрса, өзі Ақсай қаласының №4 ЖОББ мектебіне кіші қызметкер болып орналасқан. Осы мектепте жұмыс жасап келе жатқанына биыл 24 жыл. Кейіпкеріміз мерекелерде, еңбек күнінде марапаттарға ие болған.

– Қазіргі заманда адамдар оңай жұмыста жасағысы келеді. Бірақ та әр жұмыстың өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Мен де күнделікті жұмысымды істеп, адал еңбегімнің нәпақасын алып отырған жанмын. Ауылда тұрған кезде де таңдамай, кез келген жұмысты жасап, нәпақамызды таптық. Қалаға келгеннен кейін де қарап отырмайын деп, мектепке кіші қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Содан бері жиырма төрт жыл уақыт болып қалыпты. Жұмысым өзіме ұнайды, жақсы көріп істеймін. Өзім ұстаз болуды армандағаннан кейін бе мен үшін мектеп ерекше. Балаларымызға білім беретін ұлағатты ұстаздарды көргенде өзгеше сезімде боламын. 2025 жылдың маусым айында зейнетке шығамын. Осы уақыт аралығында басшылық еткен жандарға, ұстаздарға, немеремдей болып кеткен оқушыларға, бір отбасыдай болған әріптестеріме алғысымды білдіремін, - дейді еңбек адамы Дамира Көкенқызы.

Қазіргі уақытта мына жердің жұмысы мен жалақысы жақсы екен деп, таңдап жүріп, жұмысқа кіретіндердің қатары көп. Ал қарапайым жұмысқа ешкімнің барғысы да келмейді. Қолынан келген жұмыстан аянбай, жалақысын адал еңбекпен ғана табуға ұмтылған әр адам сый-құрметке лайық.

Бүгінгі қоғамда құрылысшы, сантехник, шопан, бақташы, аула сыпырушы, еден жуушы деген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі еленуде. Қазіргі заманда әр адамның жасаған еңбегі бағаланады. Еңбекқор адам сыйлы, беделді болады. Бүгінде халық қара жұмысқа малынбай, оңай ақша тауып, таза орында жұмыс жасағанды қалайды. Бірақ бастысы – наныңды адал тауып, жеу емес пе?

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале