13.12.2024, 22:00
Оқылды: 25

Сырымдық Дастан Ибрагимов – ата жолын қуған жан

Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Төрт түлікті аса қадірлеп, қасиет тұтып, оларды барынша дәріптеп, бүкіл өмір тіршілігінің қуанышы мен ренішін, өзіндік дүниетанымын, рухани-мәдени өмірін, әдет-ғұрпын солармен байланыстырады.
PHOTO-2024-12-13-15-58-38
Тіпті әлемнің ешқандай тіліне аударылмайтын нағыз ұлттық сөздерімізді де осы мал шаруашылығының төңірегінен көп кезіктіреміз. Бабадан атаға, атадан балаға жалғасқан бұл кәсіп, тек ішіп жем,күн көрістің қамы емес, жеті атаны жетпіс атаға дейін байланыстырған ұлы көпір. Қазақтың жігітке бала тәрбиесін парыз деп білгендігінде осы даңғылға байланыстыруға болады. Оған дәлел «Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса» деген нақылы да жеткілікті.
Бүгінде шығыстан шыққан нұрды аттың жалында қарсы алып, ұясына батқанын «көкқасқа» трактордың тізгінінде отырып тамашалайтын Дастан Ибрагимов ата жолын қуып келеді.
Атасы Ыбырай заманында Тасемен жайлауын жылқының дүбіріне бөлеген, кеңес үкіметінің айтулы жылқышысы болған. Кейін келе «совет» ыдыраған уақта Қамыстыкөл даласына айыл босатты. Артынан ерген төрт тұяғы да ата кәсіптен алыс емес,қашан көрсең «камаздары» ыңыранып, «тракторлары» гүрілдеп тұрғаны.
Дастан ес білгелі әкесі Ілиястің інісі Меңдіқайырдың тәрбиесінде болды. Дала мектебінде ұстазы сол әкесі – «Меңқатесі».
Алдында арқа сүйер ағасы Ақтілек пен артынан ерген қарындасы Айым есімді бауырлары бар Дастанның!
Дастан – Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектептің түлегі. Іле-шала қатысқан сабағынан шығып, өзге балалардай үйірмеге емес, үйір жылқысына асығады. Мектеп жасынан техникаға әуес болған ол, стадионда доп қуалайтын жасында,алқапта шөп буды. Шыбықталды тай қып мінер шағында асау үйретіп, бәйге шапты батыр. Меңдіқайырдың тәрбиесі, даланың қарбаласы баланы ерте есейтті.
Ол қазір «Мергалиев» шаруа қожалығының басында яки Қамыстыкөл даласында. Төрт түлікті төлдетіп, өрісін малға толтырып ата кәсіптің жүгін артқан. Малдың қысқы азығын дайындау қала берді қой,жылқы,сиыр,түйе бағымы бүгінде осы Дастанның мойнында.
– Халық ауызындағы «малға малдай адам керек» деген сөз осы Дастанға айтылғандай. Себебі, Дастанның бойынан жылқы мінезіндей асаулық та, түйедей шыдамдылық та табылады», - дейді «Мергалиев» шаруа қожалығының аға механигі Мәлік Мұханбетқалиев.
Жас кәсіпкер өрісінде 200-ге жуық жылқы, 100-ден астам ірі қара және 1000 шақты ұсақ малды төлдетіп отыр. Айтуынша, биыл шабындық көңіл тойдырарлық, қысқа әзірлік ойдағыдай.
Меңдіқайыр әкесі Дастанды тек мал шаруасына ғана емес, қазақтың байырғы кәсібі саятшылық өнеріне де бала шағынан баулыды. Қандыауыз қақпан құру мен тазы жүгірту, берен мылтықты серік етіп, қансонарда ізге түсу қалыпты дәстүріне айналған.
Жиырманың үшіне келген жігіттің отбасы да қазақилықтың қаймағын сүзген шаңырақ. Әжесі Мәншүк пен жеңгесі Жәния – елге сыйлы, жүзінен шуақ шашқан жандар. Қашан барсаң сауында биесі мен сиыры, көл жағалай үйрек-қазы, жайқалған бау-бақшасы мен ақ үзілмеген дастарханы көз қуантады. Бүгінде шаңырағын көтерген Дастанның үйге келген иіскеп, шаршағанын басар Сырғалым есімді шайқұяры бар.
Сырғалым атасы мен әжесі Ілияс пен Нұргүлді де қылығымен баурайды.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале