18.12.2024, 11:00
Оқылды: 26

Аманкелді Шахин – көп жанрлы қаламгер

Академик – жазушы З. Қабдоловтың елге тарап кеткен «Мүсіреповті мақтамайық, Мүсіреповпен мақтанайық» деген қанатты сөзі бар. Біздің жаңақалалықтардың да мақтан етерлік азаматтары аз емес. Солардың бірегейі – ақын-жазушы, журналист Аманкелді Шахин.

Шахин Амангелди (1)

Ол осы өзіміз­дің Жаңажол ауылдық округіне қарасты Сарыкөл (Фокеев) ауылында, Қараөзен мен Сары­өзеннің құйылысында дүниеге келген. Қисық-Қамыста ержетіп, Сакко атындағы орта мектептен түлеп, өмірге қанат қаққан Аманкелді қазағы мен казагы берірекке шейін қолтықтасып жүретін берекелі байтақ мекенін ешуақытта естен шығарған емес. Сосын ғой оның «Ғаламатпыз, ғажаппыз, Әрменіміз азаптың. Іңгәлаған қазақпыз, Хуторында казактың» деп жырлайтыны.

Оралдың А. Пушкин атындағы мемлекеттік педагоги­калық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бі­тір­геннен кейін, еңбек жолын Жаңақаланың аудандық «Жаңарған өңір» газетінде бастаған Аманкелді одан кейін бірыңғай қаламгерлік қызметке ден қойды.

Аманкелдінің институт қабырғасында үлгілі студенттердің қатарында болғанын айтып өткеніміз абзал. Сол кездегі еліміздің байырғы оқу орнының атағынан ат үрке­тін С. Ақмурзин, Ғ. Әбуханов, М. Тілеужанов, М. Жолдықайырова, Б. Шалабаев, С. Шарабасов сынды ғалым-ұстаздары­ның аузынан түспейтін сту­денттерінің бірі – осы Аманкелді болатын. Соның ішінде Серікқали Ғабдешұлы сияқты ұстазымен арадағы сыйластығы өмірлік достыққа айналды.

Аманкелдінің халқына танымал, қабырғалы қаламгер болып қалыптасқан ортасы  Ақ Жайық өңірі баспасөзінің қара шаңырағы – «Орал өңірі».

Ол осында мүйізі қарағайдай ағаларымен қатар қалам қарымын танытып, журналистиканың қара қазанында қайнады.

Аманкелді газеттің қара жұмысына жегіле жүріп, өлеңнен қол үзген жоқ. Оның жүрегінен туған жырлар «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» басылымдары арқы­лы еліміздің түкпір-түкпірін аралап кетті.

Сол кездің өзінде қазақтың көрнекті ақыны Жанғали Набиуллин жас ақынның шығармашылығын «Аманкелді – аса өнімді ақын емес, бірақ аз жазса да саз жазады, сапалы, ойлы дүние жазатын қалыптасқан қаламгер. Ойды дамытып, тапқыр, қуатты түйіндер жасау ақынның өлеңдеріне тән негізгі сипатты ерекшелік» деп бағаласа, қазіргі халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Айтқали Нәріков «Аманкелді Шахиннің көркем әңгімелер жазуға да қабілет-қарымы молынан жететіні аңғарылды. Аңғарымпаздық, сәл-пәл құбылыстан типтік көріністі түзу сияқты қасиеттер жазушы боламын деген жанға тән қасиет болса керек» дейді.

Иә, айтса айтқандай, алдыңғы толқын ағалар жас қаламгердің бойындағы қасиеттерді дөп басып, болашағын да дәл болжаған.

Аманкелді тек журналистика саласымен шектеліп қалмай поэзия, проза, сатира, деректі шығармаларға да қалам тартты. Онда да бірер мақаламен шектеліп қалмай, әр жанр бойынша кесек дүниелер жазып, оқырмандарына бірнеше жинақтар берді. Ал оның ақындық биігі ешуақытта аласарған емес.

Аманкелдінің қаламынан шыққан «Мәңгі көктем», «Сол  бір сүргін», «Езуіңді жи», «Жай­саңдары-ай, Жайықтың», «Қа­ра кітап», «Жарқ еткен дәурен», «Малтақан би», тағы басқалары оқырмандарының іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналғалы қашан.

Аманкелдінің еліміздің ақтаңдақ жылдарында зорлық-зомбылықты бастан кешкен кейіпкерлерінің тағдыр-тау­қыметін тебіренбей оқу мүм­кін емес. Әр түрлі құпия орындардан алып, нақты құжаттарға негізделіп жазған дүниелері қаламгердің өз жүрегіне де аз салмақ түсірмеген сыңайлы.

Ақ Жайықтың ақберен ақыны Жанғали ағамыз: «Бір қауымбыз, татумыз, іргелі­міз, Жайдарымыз, жайсаңбыз, жыр кеніміз. Алақандай әлемнің бір шетінде, Қандай бақыт бас қосып жүргеніміз» деп жырлаған кезінде Жәкеңнің жанында жүздері бал-бұл жайнап жүретін Аманкелді, Есенжол, Ғайсағали, Дариға, Ботакөздерге қызыға, қызғана қараушы едік. Бір ғажабы осылардың бәрі де ақ қағазға, қасиетті қаламға адал болды. Бұл күндері бәрі де елге танымал тұлғалар. Аяулы Ботакөз ғана арадан ерте кетті.

Аманкелді осы ғасырдың бас кезінде облыстық сотқа қызметке ауысып, онда да қыруар шаруа тындырды. Ақ Жайық сотының тарихын жазып, газеттерін шығарып зор абыройға ие болды.

Атаққа алқынбайтын, жыл­тыраққа қызықпайтын Аманкелді, ерен еңбегімен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағына мүше болды.

Ақынның сүйенері де сүй­сінері де қаламы.

Жалпы, Шахиндер әулетіне өнер қонған деп бұрын да айтып едім, әлі сол пікірдемін.

Өнерлі орданың әкелері Ғұбайдолла ақсақалдың шымшымалары, әзіл-оспақтары ел аузынан күні бүгінге шейін түскен емес. Ал Құбестің үлкен ұлы Аманжол айтыскер ақын, сан қырлы өнер иесі болды. Облыс ақыны атағын алды. Аманжолдың екі ұлы Ербол мен Ертай – дәулескер домбырашы, ал Аман-келдінің тұңғыш қызы Шынарға да өлең қонған.

Аманкелді «Розасын қаланың көріп тұрып, Қаладым ауылымның қызғалдағын» деп жүрегінің қалауымен тапқан Сарасын қолтықтап, аялап өсірген үш гүлінен тараған жиендерін жетектеп, ондаған кітаптарын қол-тықтап, жетпістің жотасына көтеріліп отыр.

Қашан да сабырлы, сазды мінезінен, ойлы да орамды сөздерінен айнымайтын ақжарма ақын, адал досқа жолың ұзақ, жазарың мол болғай дейміз.

Жәй басып жалпағынан алып жүретін, Әбекеңнің жел­кенді жасына жырдан шашу әбестік болмас деймін.

Әлі есімде басы еді сексеннің,

Жүректерде бар еді арман сексен мың.

«Жаңарғанда» жалындап біз табыстық,

Ондай жандар таба алмайсыз ексең мың.

Болды ағалар, «Жаңарғанды» құраған,

Жүруші еді алдымызда дін аман.

Үш мушкетер Қисық-Қамыста атанып,

Жүрдік біздер, сен, мен және Еламан.

Ол күндерді кім бар енді қайтарар,

Кім бар енді мөлдіретіп айта алар.

Жер бетінде шүкір, қатар келеміз,

Соны ойласақ көңілдер де жәй табар.

Бетке шығып алаулаған нұрымыз,

Тар бөлмеге сыймаушы еді-ау жырымыз.

Айтпа деймін осалымыз жоқ еді,

Ойхой, шіркін, шетімізден іріміз.

Қатар тұрып өзіңменен жанып ем,

Жыр жолына баптап Әбе, салып ең.

Үлкен орта шақырып сен кеткенде

Қимай-қимай мен ауылда қалып ем.

Қаншама рет жылдар өтті арада,

Жақындадық біз де енді жағаға.

Сағынышпен қарап сен де далаңа,

Елеңдеумен келем мен де қалаға.

«Әбеке» деп мен де саған шаппадым,

Сен де маған онша құшақ ашпадың.

Біріміз бен бірімізді жалғаған

Жұмбақ сырды әлі күнге таппадым.

Бәрібір де сезуші едім көзіңнен,

Жүрегіңнен шыққан әрбір сөзіңнен.

Кетпесек те арсын-күрсін сабылып,

Біз достықты қалдық сақтап төзіммен.

Розасына көзің салмай қаланың,

Қалап едің қызғалдағын даланың.

Хош иісті кездессе де сан гүлдер,

Саясында келесің тек Сараның.

Жетпіс деген – жігіт жасы, досым-ай,

Үйрене бер бұған-дағы шошымай.

Қол ұстасып қатар бірге барайық,

Сексенге де тұрған алда тосып-ай.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале