Атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын батысқазақстандықтарға тауарлық газ жеңілдікпен беріледі. Ол үшін азаматтар eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» бөлімін пайдаланады.
Сурет: pixabay.com
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте құзырлы мекеме өкілдері хабарлады.
Брифингте алдымен «QazaqGaz Aimaq» АҚ маркетинг және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Демеу Сейітжанов сөз алды. Оның айтуынша, биылғы желтоқсанда Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТҮК) алатын азаматтарды қолдауға бағытталған пилоттық жоба жүзеге аса бастаған. АӘК және ТҮК алушыларға осы айдан бастап 2025 жылғы сәуірді қоса алғанда, 1414 нөмірінен ай сайын тауарлық газға ваучер түріндегі жеңілдіктің қолжетімділігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі (ваучер – тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын растама құжат – авт.). Олар SMS-хабарлама келген соң, eGov Mobile қо-сымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» бөліміне қосылады. Ондағы «Газ және отын» бөлімін таңдайды. Осы жерде «QazaqGaz Aimaq» АҚ-дағы есепшотын көрсетеді. Тұтынушыға үй-жай құжатын (жеке меншік/жалға алынған) өткізудің қажеті жоқ. Енгізген мәліметтердің дұрыстығын тексерген соң растайды. Осыдан кейін ваучер түріндегі жеңілдік беріледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «мемлекеттік қолдаудың оған шын мұқтаж жандарға бағытталуы маңызды» деп атап көрсеткен еді. Бұл бастама осы тапсырмаға сәйкес орындалуда. Егер жоба тиімділігін көрсетсе, өзге өңірлерде де қолданысқа енеді. Бастаманың игілігін мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын, пәтер жалдап тұратын отбасылар да көре алады. Олар сол үйдің иесінен жеке шотты алып, көрсетеді. Қазір БҚО-да тұрғындар үшін газдың текше метрі – 20 теңге 49 тиын болса, ал жеңілдікті пайдаланатындар 16 теңге 43 тиын төлейді. Жеңілдік мөлшері газға есептелген соманың 24%-на дейін жетуі мүмкін. Бұл жеңілдік Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдіктері бекіткен тұтыну га-зының нормасына сай беріледі. Ол норма мегаполисте айына 631 текше метр болса, осы облыста – 833 текше метр. Толық ақпарат пен бейне-нұсқаулықты сенім желісінде (5169 қысқа нөмірі), WhatsApp немесе Telegram арқылы +7 771 546-83-90 нөмірі, әлде болмаса, aimaq.kz сайтынан алуға болады, – деді Демеу Сейітжанов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің айтуынша, аталған жеңілдікті алу үшін азаматтар тұрғын үй көмегін алуға құжаттар өткізуі тиіс. Олардың тізімі «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ға берілген соң, тауарлық газды арзан бағада тұтынады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алмагүл Есенғалиеваның мәліметінше, күні бүгін 1000-нан астам көмек алушыға SMS-хабарлама түскен.
Аудандық, қалалық жұмыспен қамту бөлімдері, мансап орталықтары, ауылдық округтердегі ассистенттер АӘК мен ТҮК алушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы директорының орынбасары Дастан Ибраимов бұл бастама жөніндегі ақпараттар жан-жақты таратылып жатқанын айтты.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz