Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Бөрлі аудандық мәдениет үйінде желтоқсан оқиғасының куәгері ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері Қарагөз Әбілдаевамен «Тәуелсіз менің Отаным» атты кездесу кеші өтті.
Қарагөз Нұрмаханқызы 20 жыл Кеңтүбек ауылдық мәдениет үйінің директоры, соңғы 5 жылда Пугачев ауылдық мәдениет үйінің «Асыл әжелер» ансамблінің жетекшісі. Сонымен қатар бірнеше республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, аудандық мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушысы, дәстүрлі әнші.
- Алдымен барлығыңызды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Тәуелсіздік елімізге оңай келген жоқ. Желтоқсан көтерілісіне бір-екі жылдан кейін 40 жыл толады. Ал біз үшін кеше ғана болған сияқты. Біз Алматыға арман қуып, оқимыз деп бардық. Желтоқсан оқиғасы көптеген жастардың өмірін қыршын қиып, естерінде мәңгі қалдырды. Бір күн емес, бір ай емес, бір жыл емес Желтоқсан оқиғасын айтып тауысу, жеткізу мүмкін емес. Біздер 2021 жылы «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін құрдық. Қазір облысымыз бойынша 85 адам «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің құрамында. Оның 14-і ғана ақталды. Бірлестік құрамындағы 7 адам Бөрлі ауданынан. Әлі күнге дейін қорқып, өзінің Желтоқсан оқиғасына қатысқанын жасырып жүрген азаматтар бар, - дейді Желтоқсан оқиғасының куәгері Қарагөз Нұрмаханқызы.
Кездесу кешінде Қарагөз Әбілдаева сол күні басынан өткізген оқиғасын еске түсіріп, жиналған халыққа айтып берді. Кейіннен Желтоқсан оқиғасының әнұранына айналған «Желтоқсан жел» әнін орындап берді.
Кеш барысында Бөрлі аудандық демалу орталығының директоры Бекей Қанатов сөз сөйлеп, тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сонымен қатар Бөрлі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дүйсеновтың атынан алғысхат пен арнайы сыйлық табыстады.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы