20.12.2024, 14:45
Оқылды: 645

Биыл Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл

Биыл Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл. Махамбеттің өмірі мен шығармашылығының танылуына, насихатталуына аға буын орасан зор еңбек етті. Ақынның ел ішінен өлеңдерінің жиналуы, мәңгілік мекенінің табылып, басының қарайтылуы, түпнұсқаға негізделіп мүсінінің жасалуы, ұрпаққа рухани азық болар көркем бейнесінің сомдалуы, ғылыми негіздерге сүйеніп, махамбеттанудың қалануы, барлығы-барлығы – өнегелі аға буынның және дәстүр сабақтастығын жалғастырушы бүгінгі біздердің игі істеріміз!

IMG_5726

Сурет: malim.kz

Аңдатпа

Махамбеттің көзі тірісінде ол туралы өз жұртынан жазылып құжатталған алғашқы деректің бірі – Жәңгір ханның 1836 жылы 13 желтоқсандағы Орынбор генерал-губернаторына жазған шағымы. Онда былай делінген: «Исатайдың ең жақын, ең бірінші кеңесшісі және ол сойқанның жәрдемшісі болған Махамбет Өтемісов дейтін қазақ. Менің Зұлқарнай деген ұлымның жас уағында (жас кезінде) қасында, Орынборда болып еді, бірақ ол нағыз бұзық болғандықтан қуып жібердім» дейді. (Қажым Жұмалиев. Махамбет өлеңдері. 1939 жыл).

Әрине, мұнан да басқа Махамбеттің үстінен түсірілген арыз-шағымдар, кісі қолынан қастандықпен жа-зым болғаннан кейін толтырылған хаттамалар, түсініктемелер махамбеттануда керегіне жарата білгендерге біраз сырдың бетін ашады.

Махамбет есімінің қазақ халқына кеңінен таныс болуы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Мұның басында алаштың ардақты қайраткері Халел Досмұхамедұлы тұр. 1925 жылы Махамбет шығармашылығын жариялауда алғы сөз жазып, Исатай-Махамбет көтерілісіне ұлттық ұстаным тұрғысынан түсініктеме беруші де Х. Досмұхамедұлы болатын.

Осы ретте ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Х. Досмұхамедұлына дейін де Махамбет өлеңдері ба-сылымдарда жарияланғандығын атап өткіміз келеді. Белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев 1923 жылы «Терме», «Сана» журналдарында Ә. Диваев Махамбеттің өлеңдерін бастырған деген мәлімет айтады (Ә. Қоңыратбаев. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1989 ж. 68-бет). Сондай-ақ ХІХ ғасыр әдебиетін терең зерттеген ғалым Ханғали Сүйіншәлиев 1925, 1926 жылдары Махамбет өлеңдері «Жаңа мектеп», «Сәуле» журнал-дарында түгелдей дерлік басылғандығын көрсетеді. (Х. Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1997 ж).

Қазақ әдебиеттану ғылы­мында бірден-бір махамбеттанушы ғалым деп мойындалған тұлға – академик Қажым Жұмалиев. Қ. Жұмалиев­тің махамбеттанушылығының  хро­нологиясы 1927 ж. жылғы  «Махамбет ақын. (Исатай–Махамбет көтерілісінің 100 жылдығы қарсаныңда).

//Әдебиет майданы. 1927 ж. №1, 8, 9» мақаласынан бастау алып, 1968 жылғы ғұмырының соңына дейін жалғасын тапқандығын көреміз.

Қырық бір жыл уақытты  қамтыған махамбеттану ізденістерімен танысып шыққаннан кейін мынадай бай­лам жасадық: Қ. Жұмалиев –  Махамбет өлеңдерін ел ішінен аяқтай жүріп жинап, текстологиялық қалыпқа тү­сіріп, ақынның құпия бо-лып келген мәңгілік мекенін ақсақалдар көмегімен тауып, басына құлпытас орнатқан рухани шырақшысы. Сондай-ақ қазақ әдебиеттану ғы­лымы мен көркем прозада Махамбет әлемін қалыптастырған ғалым-жазушы.

«Айта келген сөзім бар»

Махамбет айтқан сөздің бәрі бізге жеткен жоқ. Жеткендері кеңестік идеологияның сүзгісінен өтіп барып жарияланғанға ұқсайды. Әсіресе ақын өлеңдерінде орыс жұртына қарата айтылған сөздердің болмауы «неге бұлай?» деп ойлантары тағы бар. Бұл сұрау негізсіз де емес. Махамбет ес біліп атқа қонғалы, елге қорған болып жер шолғалы орыспен бірнеше мәрте ұшырасқаны мәлім. Сондай-ақ Махамбетке қазақ жеріне емініп отырған орыстың пейілі мен ниеті де мәлім. Еркінен тыс жатып шыққан орыстың түрмесі, орыстың оғынан оққа ұшқан ерлердің қазасы Махамбетті күйзелтпеді, күңірентпеді деп кім айта алады?..

Махамбеттің қолда бар өлеңдерін ой елегінен өткізе оқығанда сөз желісінің бүлінгендігін байқауға бола-ды. Бұл барлық өлеңдерінде дей алмаймыз. Жекелеген өлеңдердегі ой ағысының шорт кесілуі, шұбырт-палы ұйқаспен бір бүтін болып көрініп тұрған толғаулардағы бір кем дүние осыны аңғартса керек. Мәтіндегі мұндай кемшін тұстар аутордың шығармасы хатқа түспей ауызша жеткендіктен  деп өзімізге өзіміз жауабын бергендей болғанымен, Махамбетпен дәуірлес және ке­йін өмір сүрген ақындар шығармашылығында орыс озбырлығы, отаршылдық белгілі дәрежеде сөз болады.

Олай болса, ер Махамбетте орысқа қаратыла айтылған сөздің болмауы махамбеттануда бізді ойлантса керек. Мұның сыры неде? ХХ ғасырдың басында ел әдебиеті хатталып, баспадан кітап болып шыға ба-стағанда, денені түгел жайлаған қотырдай жасыруға болмайтын орыс басқыншылығын Кеңес үкіметі патшалық Ресейге жауып, біз бөтенбіз деп шыға келді. Алғашында шығып, кейін тыйым салынған әдеби-еттердегі отаршылдық туралы  өлең-жырлар өткен күндер­дің күрсінісін көрсетуден әрі аспайтын болғандықтан, орыс басқарған кеңестік үкіметке пәлендей қауіпті болып көрінбеді. Қайта, елді тастап ауа көшейік деп зарлаған қазақты аман сақтап қалған орыс пролетариаты деп кеуде қақты.

Махамбетте бұл мәселе басқаша көрініс тапты. Махамбеттің даралығы да осы жерде. Текстологиялық жағынан күзеліп, қаншама жыр жолдары ақын мұрасы ретінде саналы түрде хатталмай қалғандығын ішкі түйсігімізбен сеземіз. Мұның сыры Махамбет қазақты сорлатып отырған қас дұшпанды түстеп айтып, орысқа отар болған жерді қарудың күшімен қайырып алуға шақыруында. Махамбеттің өзі ХІХ ғасырда елді атқа қондырса, ХХ ғасырда Махамбеттің сөзі елді атқа қондырар деген қауіппен өлеңдерін аса бір тексерістен өткізген тәрізді. Махамбет өлеңдерінде орысқа қарата айтылған сөздің болмау себебі, міне, осы.

Кеңестік «қырағы» цензура біз сөз етіп отырған мәселені ақын шығармашылығынан барынша алып та-стадық дегенімен, біржола ізім-қайым жоқ етіп жібере алма­ды. Махамбеттің арманы, сол дәуірдің ты-ныс-тіршілігі суреттелетін ақын өлеңдерінен көзі қарақты оқырман біраз жайтты аңғарары анық. Мәселен, ақынның «Мен – мен едім, мен едім» деген өлеңіндегі:

«Еділдің бойы ен тоғай – Ел қондырсам деп едім» деген жолдар – орыстың қолында кеткен байырғы ата қонысты қайырып алу тілегінен туындаған сөз, сол жолда атқа қонған ерлік іс еді. Осы өлеңнің соңғы жолындағы «Осылай бір қылсам деп едім!» деген түйіндеу де осы ойдан хабар беріп тұр.

Махамбеттанудың білгірі Қ. Жұмалиев ілгеріде шыққан еңбегінде аталмыш өлеңге қатысты: «Махамбет-тің бұл өлеңінде көтерілістің алдына қойған мақсаты, көздеген нысанасы айқын. Ол – патша отарлап отырған жерді босатып, еңбекші-шаруаларға беру» дейді. Өкініштісі, ғалым кейінгі еңбектерінде бұл пікірін алып тастаған.

Небір тексерістен өтіп, жалпылық сипат алып тұрған өлеңдерінің өзінен Махамбеттің кім үшін тәуекелге барғандығы, кімге қарсы шыққандығы сезіліп-ақ тұр.

«Аттанған едім көп үшін

Көптің жинап мол күшін,

Дұшпанда кеткен  сол көптің

Ежелден бергі кегі үшін».

Махамбет дәстүрлі ел басқару жүйесінің бұзылып, қа­зақтан құт қаша бастауы орыстың жүргізіп отырған ылаң саясаты екендігін біл­ді. Мұндағы хан мен сұлтан орыс патшасының дегенімен жүретін өкілдер ғана болып қалғандығын сол ортада өскен Махамбет жақсы ұғынды. Мұны өзгерту қолға қару алып күрескенде жүзеге асатындығын жақсы түсінген Махамбет бұл істе үлкен тәуекелдерге бара алғандығын архив материалдарынан білеміз.

Махамбеттің хаты: «Ардақ­ты батырларымыз: Бабайға, Надырқұлға, Жәлиге, Жармағамбет және Жаман-тайға, барлығына сәлем. Өздерің сықылды достардың барына мен Аллаға шүкір етемін. Мен Хиуадан аман-есен қайттым, сіздерді сағындым, осынша-ақ көргім келеді, бірақ бару қиыншылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың алдында ханға (Хиуа ханы) тағы бір жолығып шығамын. Әрілегенде әскер осы алды-мыздағы жаз шығады. Егер жағдай көтерсе, қалайда старшина Сәлиді жіберіңдер, ол жаққа (Хиуаға) ба-рардың алдында мен сіздердің қандай қалде екендіктеріңді білуім керек ғой...» дейді. (Рязанов. «Вост. Исатай Тайманов», 9-бет).

Біздің сілтеме жасап отырған мәліметіміз Қ. Жұмалиев­тің 1939 жылы шыққан «Махамбет өлеңдері» деген кітабынан алынды. Ғалым кітапта осы хатқа қатысты: «Бұл хаттан Махамбеттің Хиуаға барғандағы мақсаты; баяғы беремін деген әскерін алу, Аллакөл, Қайыпқалимен одақтаса отырып, әскер алып, жа-рақты күш пен патшаға қарсы шығуға әзірленгендігі анық көрінеді» деген ой айтады.

Махамбет өлеңдерінің баспа жүзін көріп кітап болып жарияланғанына жақын арада (1925-2025 жж.) жүз жыл, бір ғасыр толмақ. Осы ретте ақын шығармашылығының басылымы, ел ішінен жиналуы туралы ма-хамбеттанудың білгірі, қадірлі Қажым ағаның мына бір пікірін келтіруді жөн санадық: «Махамбеттің негізгі өлеңдері бірінші рет 1925 жылы Ташкентте басылды дедік. Екінші рет басылуы – Алматы, 1939 жылы...

Махамбеттің негізгі өлеңдерін ең әуелі жатқа білген Қаратоқай Мұрат ақын да, одан Ығылман Шөреков жаттап алып, 1925 жылғы баспаға шыққан өлеңдер де, 1939 жылғы басылып шыққан өлеңдері де осы Ығылман ақыннан жазылып алынған.

1939 жылғы баспасына бұрынғы баспасында жоқ екі өлең кірді: «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны», «Бағана­лы терек жарылса». Бұл Батыс Қазақстан Таловка ауданының қазағы Мұрат Құсни­ұлынан жазылынып, екінші басылуына енгізілді...

1938 жылы біз Орда ауданында болып, бұрынғы хан орданың тұрған жері Жасқұстан бастап, Теректі, Барша­құм, Жаңақала, қысқасы, Ма­­хамбеттің туған жері мен өмір сүрген жерлерін және көтерілістің болған ізімен екі айдан аса ел аралап көптеген материалдар жинадық... Махамбеттің бұрын бізге белгісіз өлеңдерін жазып алдық: «Әй, Ма-хамбет, жолдасым», «Мінгені Исатайдың ақтабан-ай», «Исатай деген ағам бар», «Арқаның қызыл изені», «Мен құстан туған құмаймын», «Белгілі туған ер едім», «Арғымақ сені сақтадым», «Арғымақтың бала-сы», «Қарағай шаптым шандоздап», «Адыра қалған Нарынның», «Еңселігім екі елі», «Атадан туған ар-дақты ер» – не бары төрт жүз жол өлең.

Бұлардың бірқатары Орда ауданы Мешітқұм деген жердегі түйе совхозында тұратын Бекқазы деген шалдан, кейбіреулері Орданың өзінде тұрушы, кеңсе қызметкері Насиболла Жәнекешовтен, негізгі көпшілігі, Жаңақала ауданындағы «Бірлік» колхозының мүшесі Қайролла Төлеев деген адамнан жазылынып алынды...

Махамбет өлеңдерін жатқа білушілердің ішінде зерттеушілердің көңілін аударарлық айрықша мәні бар айтушылар – Бекқазы мен Қайролла Төлеев. Бекқазы – 85  жастағы, Қайролла Төлеев –  70 жастағы адамдар. Бұлардың екеуі де Махамбет өлеңдерін жазбасынан емес, бұрынғы ел аузындағы түрінде жаттап алғандар. Осы жағынан алғанда бұлардың бізге берген материалдарының мә­ні ерекше. Өйткені басылып жүрген өлеңдердің қолжазбалары болмағандықтан, осы өлеңдер Махамбеттің өзінікі ме, жоқ па, өзінікі болса, дұрыстығы қандай деген кейбір күдіктер де болуы мүмкін еді. Ал мына жасы-нан білетін айтушылардың жадындағы Махамбет өлеңдерімен басылып шыққандарын салыстырсақ, жоғарғы күдіктерге жол қалмайды...»

Қ. Жұмалиев бұл жазбасында есімдері көрсетілген кісілерден бөлек тағы бірне­ше адамнан Махамбет өлең­дерін жазып алып салыстырғанын айта келе қалғандарынікі үзік-үзік қайталаушылық болды дейді. Атырауға қарағанда Орал қазақтарының арасында Махамбет өлеңдерінің көп сақталғандығын әрі көпшілік білетіндігін көрсетеді және мұны ақынның туып өскен жері болуымен түсіндіреді. Әрине, мұның бәрі – халықтың Махамбетке деген құрметінің белгісі. Дейтұрғанмен, бұл халықтың әбден зәре құтын қашырған қанқұйлы 1938 жыл екендігін ұмытпаған абзал. Айтушылар қауіп қайдан болады демей, Махамбеттің жырын сол күйінде айта алды ма?.. Махамбет мұрасын жинаушы Қажекең айналасының бәрі ұсталып, атылып жатқанда жазып алған жырының бәрін кітап етіп шығара алды ма, әлде, кейінгі күнге аманаттап архив материалы қылып қалдырып кете барды ма?..

Өткен жылы Алматыдағы Қажым ағаның үйіне барып, мол архив материалдарын алып келдім. Мақсат – Қ. Жұмалиевтің көп томдығын шығару. Бұған дейін жеті томдығын шығарғанбыз. Әлі жарияланбаған мұрасы жетерлік. Қажекең – көзі тірісінде көп томдығын шығарып үлгермеген кісі. Қазақтың рухани мұрасын бүтіндеймін деп жиырма бес жылға сотталған тар жол, тайғақ кешу тағдыры тағы бар. Бірақ ел-ден жинаған ауыз әдебиеті мұрасын басыма тағы бәле болар деп жойып жібермеген. Тәркіленген мате-риалдарының бір бөлігін кейін қайырып ала білген. Бәлкім, біз іздеген жоқ, асыл мұралар сол сарғайған қағаздардың арасынан табылар.

«Менің айтқан сөздерім»

Махамбеттің айтқан сөздері ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасынан әрі жалпы халыққа танымал болып, көпшілік жы­лы қабылдағанымен, ақын мұрасын танушы, зерттеуші тараптың кейбір өкілдері ақын өмірі мен шығармасының байыбына бара алмады. Олар Махамбетті өзіндік ерекшелігі жоқ сол дәуірде өмір сүрген көп ақынның бірі, ал поэзиясында зар басым деп бағалады. Міне, осы тұста жас ғалым Қажым Жұмалиев Махамбет өмірінің қазақ тарихындағы орнын, Махамбет сөзінің қазақ әдебиетіндегі рухани күшін жан-жақты ашып бере алғандығын мына бір пікірінен көруімізге болады: «Махамбеттің қысқа өмірі күреспен өтті. Талай трагедиялық ауыр халдерді өз басынан кешіреді... Әйтсе де осылардың барлығына ақын ерлікпен төзе білді. Сары уайымға салынып, өлім іздеген жоқ, өмір іздеді. Тіпті элегиялық сарында жазылған лирика-сының өзінде де ақын жан сезімін, өз басының күйініш-сүйінішін айта келіп, сөзінің аяғын әрдайым оп-тимистік романтика рухында бітіреді.

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетіміздің тарихын алсақ, ерлікті дәріптеп, батырлардың об-разын жасауда өзіне шейінгі халық әдебиетінің табыстарын қайталамай, Махамбет шын мәніндегі реа-листік образ жасады» деген пайым махамбеттанудың көшін көлікті етіп, дұрыс бағытқа бұрды.

Халел Досмұхамедұлы бастап, Қажым Жұмалиев арнасын кеңейткен махамбеттану бүгінгі тәуелсіз ел әдебиетімен бірге жасасып келеді. Бірақ осы тұста Махамбеттің жекелеген өлеңдерін текстологиялық жағынан қайта қарау керек екендігін айтқымыз келеді. Махамбеттің туғанына 210 жыл толуына орай 2014 жылы шыққан «Айналайын, Ақ Жайық» кітабында «Айныман» өлеңінің екінші шумағы:

«Кеткенім жоқ олжа үшін,

Кетіп едім елімнен,

Атаңа нәлет Жәңгірдің

Бір ауыз айтқан сөзі үшін» болып басылған, осы шумақтың соңғы жолы Махамбеттің елінен кету себебін Жәң­гірдің «Бір ауыз айтқан сөзі үшін» деп түсіндіреді. Бұл қисынға келмейтін сияқты. Махамбет бір ауыз сөзге елден безетін адамның сойынан емес. Текстологиялық жағынан дұрысы Қ. Жұмалиев материалындағы «Қан жылатқан заңы үшін» жолы болса керек.

«Айналайын, Ақ Жайық»  кітабындағы «Алты күндей алаулап» өлеңінің алтыншы, тоғызыншы жолдары бізді тағы да ойландырып тастады. «Толғай-толғай жүгірген, Топырағын суарған» жолдарын мағыналық жағынан алатын болсақ, толғай жүгірген, яғни, шапқан ат топырақты суармайды, керісінше, жел тұрғызып топырақты суырады. Қажекеңде бұл жолдар «Топырақты суырған» болып дұрыс беріліп тұр. Сондай-ақ аталмыш кітапта «Ылдидан салса төске озған, Көк мойынды көк жұлын» жолдарындағы «Көк мойынды көк жұлын» қайталамалары сөздің сапталуы жағынан дұрыс па? Қажекеңнің архивін ашып қарасақ, «көк мойынның» орнына «қой мойын» деп бе­рілген. Қ. Жұмалиев жанымызға жақын екен деп «қой мойынды» дұрыс деп танысақ, ғылымда жасалған әділетсіздік болар еді. Осы тұста ойымызға Абайдың «Аттың сыры» өлеңіндегі:

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» жолдары орала  кетті. Бұлтартпас дәлел, «Айналайын, Ақ Жайық» кітабындағы «Көк мойынды» тіркесін текстологиялық жағынан түзету керек. Қазақ жылқы малының мойнын «қой мойындыдан» басқаға теңеп, балап сөйле-ген емес. Біздің Махамбет өлеңдерін текстологиялық жағынан қайта қарау керек дегендегі дәлеліміз мұнымен сарқылып қалмайды. Айтып отырғанымыз мысал үшін келтірілген бірлі-жарлысы ғана. Сөз та-нитын кісіге «жамауы мен  құрауы» көрініп-ақ тұр. Қажекеңнің сөзі Махамбет өлең­дерін текстологиялық жағынан тануда да темірқазық болып қала береді.

Қажым Жұмалиев шығар­машылығын зерттеудегі соң­ғы жылдар нәтижесі ғалым­ның жеке архивінде кеңес­тік идеология жариялауға  мүмкіндік бермеген мол ма­териалдар сақталып келген­дігін көрсетіп отыр. Бұл материалдардың құндылығы қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Бірнеше папка Махамбет шығармашылығы туралы жазбалары. Бүгінгі таңда Батыс Қазақ­стан инновациялық-технологиялық университеті Білім және менеджмент институты жанындағы Қажым-тану ғылыми-зерттеу орталығының бір бағыты – махамбеттану ізденістері.

Қазақ азан шақырып баласына Махамбет деп ат қойып, белгілі тұлға болсын деген ниетінің жалғастық тауып келе жатқандығына жүзжылдықтар жүзі болды. Егеменді ел болғалы дауылпаз ақынның есімі жоғары оқу орны, орта мектеп, облыс орталығындағы бас алаң, көрікті көшелерге, елді мекендерге, кітапханаларға және басқа да ғимараттарға беріле бастады. Көркем шығарма, театрлық қойылымдар, кино, ғылыми конференциялар, оқулықтар, ақпараттық құралдар ақын өмірін тұрақты насихаттап келеді.

Қажым Жұмалиев көрсетіп өткендей, Махамбет – қазақ­тың өзімен бірге жасай беретін мәңгілік тақырып. Бү­гін де Махамбет жұртына «Әрайна, билер, Әрайна» деп рух беріп тұрғандай!

Азамат Мамыров

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық  университетінің профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале