Таяуда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Шексіз мүмкіндіктер әлемі: жастардың дамуына жаңа қадам» атты облыстық жастар форумы өтті. Іс-шара облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Форумның негізгі мақсаты – облыс жастары арасындағы байланысты нығайтып, үздік жобалар және әдістемелермен алмасу, сондай-ақ жастар саясаты, кәсіпкерлік және мәдениет салаларында тәжірибе жинақтау. Іс-шара барысында қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешудің тиімді жолдары қарастырылды. Бұған қоса жастарға арналған әлеуметтік жобаларды дамыту, кәсіпкерлікке баулу және мәдениетаралық тәжірибе алмасу тақырыптары кеңінен талқыланды.
Форумға өңірімізге танымал тұлғалар шақырылды. Журналист, тележүргізуші, ақпарат саласының үздігі Гүлназ Әлімгерей, самбодан әлем шемпионы Ерболат Байбатыров, ақын әрі хит әндердің ауторы Дәурен Шамұратов және кәсіби фотограф, «Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпазы Мейірбек Тажкуранов жоғары оқу орындарының студенттерімен дидарласып, еркін сипатта әңгіме-дүкен құрды. Олар жастарға шабыт беріп, табысқа жету жолдары туралы әңгімеледі.

Форум бірнеше бағытта өтті. Алдымен, пленарлық мәжілісте сарапшылар сөз алып, жастар арасындағы түрлі өзекті тақырыптарды қаузады. Кейін форумға қатысушылар пікірталас алаңында өз ойларын ортаға салды. TEDx сипатындағы пленарлық отырыста спикерлер «Жастар саясаты», «Волонтерлік бағыт», «Ұлттық құндылық», «Бизнес бастау» тақырыптарында баяндама жасады.
– Форумның пікірталас алаңында қатысушылар өз ойларымен еркін бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады. Олар кәсіпкерлік бастамалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру жолдары туралы сөз қозғап, өзара тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Бұл форум жастардың жеке және кәсіби дамуына жаңа серпін берді. Жиналғандар іс-шарадан шабыт алып, қоғамға пайдасын тигізетін тың идеяларды жүзеге асыруға ынталанды. Осындай шаралардың арқасында облыс жастары мүмкіндіктерін кеңейтіп, болашаққа деген сенімдерін нығайта алады. Форум қатысушылары мұндай кездесулердің жиі өткізілуінің маңызды екенін айтуда, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімнің бас маманы Асылай Алтай.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz