Биылғы жылы Астана төрінде өткен республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының марапаттау рәсімі білім беру саласындағы жаңашылдық пен шығармашылықтың жарқын көрінісіне айналды. Бұл туралы «Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО КДИ» филиалының PR маманы Толқын Ғабдушева айтты.
Бұл шара еліміздің педагогтерінің ең үздік идеяларын, тәжірибелерін және әдістемелерін насихаттау мақсатында өткізілді.
Оған Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрағасы Айдана Шилибекова, филиал директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары, білім саласына елеулі үлес қосқан педагогтер қатысты.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» – бұл тек байқау ғана емес, білім беру жүйесіндегі инновациялық тәсілдерді насихаттау алаңы болды. Осы алаңда педагогтер 12 бағыт бойынша өздерінің шығармашылық жобаларын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісіп, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік алады.
Естеріңізге сала кетсек, байқаудың облыстық кезеңінде 19 педагог І орын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алған болатын.
Сараптама нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан алты бағыт бойынша 10 педагог топ жарып, республикалық байқаудың жүлдегері атанды.
Атап айтсақ:
1. Хайруллина Зульфия – Бәйтерек ауданы, Қасым Аманжолов атындағы ЖОББМ, азаматтық-құқықтық сауаттылық бағыты бойынша ІІІ орын
2. Габдрахманова Бибігүл, Насиболла Шынар – Орал қаласы, №41 мектеп-лицей, медиа-ақпараттық сауаттылық бағыты бойынша ІІ орын
3. Алигазиева Айгүл – №44 «Мерей» бөбекжайы, ерте сауаттылық бағыты бойынша ІІІ орын
4. Хайрова Тоғжан – М-С. Бабажанов атындағы ЖОББМ, әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық бағыты бойынша ІІІ орын
5. Аймурзиева Данегуль, Ихсанова Назерке – Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 ЖОББМ, қаржылық-сауаттылық бағыты бойынша ІІІ орын
6. Мағзомов Тұрақ, Сагаденова Улжанай – Орал қаласы, НЗМ, оқу-сауаттылық бағыты бойынша ІІ орынды иеленді.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздар байқаудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай шаралардың білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетінін, жаңа идеяларды жүзеге асыруға ынталандыратынын атап өтті.