Мемлекеттік қызметсіз қазіргі заманғы адамзат қоғамын көзге елестету мүмкін емес. Ал мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыра түсу – қазақстандық қоғам үшін күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселе. Міне, осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде қалай жүруде? Бұл жөнінде бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов тақырып тінін тарқатады.
– Мұрат Сейілбекұлы, Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында меритократия мәселесіне ерекше мән беріп сөйледі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде меритократиялық үдеріс-процестер Батыс Қазақстан облысында қандай нақты мысалдармен көрініс табуда?
– Бірден айта кетейін, Қазақстан Республикасында меритократия ұғым-түсінігі тиімді мемлекеттік басқарудың негізін құрайтын маңызды стандартқа айналуда. Батыс Қазақстан облысында бұл қағидат белсенді түрде жүзеге асырылып, кәсіби даму мен мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Мемлекеттік қызметтегі меритократияның маңызын және оның біздің өңірде қалай қалыптасуда екендігін қарастырып көрейік.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тағайындаулар кезінде кандидаттардың кәсіби және моральдық қадір-қасиеттері, сондай-ақ бұрынғы лауазымдардағы нәтижелері ескерілуі шарт екенін, меритократия қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті.
Меритократия – кәсіби білім-білігі мен нәтижелі еңбегіне қарай қызметте өсу жүйесі ретінде, мемлекеттік қызметтегі табыс пен мансаптық көтерілу кәсіби жетістіктерге, білімге және біліктілікке байланысты екенін білдіреді, ал жеке байланыстар мен мәртебеге тәуелді болмайды. Мемлекеттік қызметті жаңғырту жағдайында меритократия қағидаты ерекше маңызды, өйткені ол халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыра отырып, ең білікті және ынталы қызметкерлер легін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысында меритократия мемлекеттік қызметтің ашық, есепті және нәтижелі жүйесін құрудың негізі болып табылады, мұнда әрбір қызметкер өз еңбегінің лайықты бағаланатынын және мансаптық мүмкіндіктері ортақ іске маман ретінде қосқан жеке үлесі мен біліктілігіне байланысты екенін түсінеді. Мәселен, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірде мемлекеттік қызметтегі меритократия деңгейі 73,8%-ды құрап отыр. Өткізілген 84 конкурстың нәтижесінде 62 кандидат жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Өткен жылдың аталмыш кезеңінде бұл көрсеткіш 60% болған еді.
Мемлекеттік биліктің беделі мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей байланысты. Сол себепті біз мемқызмет атаулының сапасы артуына үнемі мүдделіміз.
Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаттарын жүзеге асыру үшін уәкілетті құрылым (орган) – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бірнеше кәсіби әдіс-тәсілді қолданады.
Ең алдымен, әрине, ашық конкурстық рәсімдер. Қоғамда меритократияны берік орнықтырудың негізгі тетіктерінің бірі – мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық өсу кезінде ашық конкурстық рәсімдерді қамтамасыз ету. Батыс Қазақстан облысында конкурстық рәсімдер аутоматтандырылған және цифрландырылған. Бұл – адами фактордың жағымсыз ықпалын жоятын тәсіл. Әрбір кандидат eqyzmet.gov.kz интернет-платформасында тестілеуден, әңгімелесуден және біліктілігін бағалаудан өтеді, бұл кандидаттың білімін, дағдыларын және лауазымдарға қойылатын талаптарға сәйкестігін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Платформада кандидаттардың деректері толығымен жасырын, олар жүйе аутоматты түрде тағайындайтын ID-нөмір арқылы көрсетіледі, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және адами факторды барынша азайтады.
Екінші, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау. Мемлекеттік қызметшілердің қызметінің тиімділігін жүйелі түрде бағалау олардың мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесін анықтауға мүмкіндік береді. Бағалау жүйесі аясында қызметкерлер өз міндеттеріне сәйкестікке мерзімдік тексерулерден өтеді. Мұндай кәсіби сынақ ең табысты қызметкерлерді анықтап, ынталандыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қатарынан 4 тоқсан бойы «қызметтік міндеттерін тиімді орындайды» деген баға алған қызметкер меритократия қағидаттары негізінде біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда конкурстық рәсімдерді өткізбей-ақ жоғары лауазымға тағайындалуы мүмкін.
Үшінші тәсіл: оқыту және біліктілікті арттыру. Департамент және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалы қызметкерлердің кәсіби дамуына жіті көңіл бөледі. Тұрақты оқыту және біліктілікті арттыру қызметкерлерге өз дағдыларын жетілдіруге және жаңа міндеттерге дайын болуға мүмкіндік береді. Кәсіби оқыту бағдарламалары заңнама саласындағы білімнен бастап азаматтармен жұмыс істеу және цифрлық технологиялар бойынша дағдыларға дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды. Мұндай дайындық мемлекеттік қызметшілерге қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге қажетті біліктілікті игеруге көмектеседі.
Мемлекеттік қызметте меритократия мынандай бірқатар артықшылықтарға ие:
Біріншіден, азаматтардың сенімін арттыру. Қызметте өсу кезіндегі ашықтық пен объективтілік азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін нығайтады.
Адамдар мемлекеттік қызметшілердің еңбегі мен біліктілігі бойынша басшылық лауазымдарға тағайындалатынын көріп, мемлекеттік аппараттың білікті және тиімді институт ретінде беделі қалыптасады.
Екіншіден, қызметкерлерді ынталандыру. Меритократиялық жүйе мемлекеттік қызметшілерді нәтижеге жетуге ынталандырады. Мансаптық өсу ережелерінің айқындығы мен бағалау критерийлерінің түсініктілігі қызметкерлерге даму бағыттарын айқын көріп-сезінуге көмектеседі және бұл фактор кәсіби жетістіктерге бағытталған қолайлы еңбек атмосферасын қалыптастырады.
Үшіншіден, тиімді басқару және инновациялар. Жоғары білікті және ынталы қызметкерлер тиімді басқарудың негізін құрайды. Меритократия қызметкерлерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдерді ұсынуға және енгізуге мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.
Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметте меритократияны енгізу – бұл тек бастама. Біз қызметкерлерді объективті бағалау және ілгерілету тәжірибелерін дамытуды, оқыту бағдарламаларын кеңейтуді және кадрларды бағалау мен іріктеуге арналған цифрлық шешімдерді қолдануды жалғастырамыз. Біздің басты мақсатымыз – кез келген күрделі міндеттерді шеше алатын және азаматтарға сапалы қызмет көрсететін кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат құру.
Меритократия қағидаттарын енгізу арқылы біз өңірдегі әрбір тұрғынның игілігіне бағытталған заманауи және жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастыруға ұмтылудамыз.
– Мұрат Сейілбекұлы, біздің облыста мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс уақытынан тыс артық-ауыс жұмыс істеуін барынша болдырмау бойынша қандай шаралар қабылдануда?
– Біздің департамент еңбек тиімділігін арттыру және қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуін азайту бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда артық жұмыс істеу мемқызметкерлердің еңбек өнімділігі мен көңіл күйіне, тіпті, ішінара болса да, тұрмыстық ахуалына жағымсыз әсер ететін өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты департамент жұмыс үдерістерін оңтайландыру, күнделікті міндеттерді аутоматтандыруға арналған цифрлық әдіс-тәсілдерді енгізу және жұмыс жүктемесін жоспарлауды жақсарту шараларын қолға алды. Атап айтқанда, мониторинг, талдау және тексерулердің қорытындылары бойынша өңірімізде мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс 5,6 мың сағат жұмыс (үстеме және негізсіз жұмыс) істегені анықталды, оның ішінде 87,1% нақты себептермен мереке және демалыс күндері орын алған. Тиісті жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге 39,4 млн теңге өтемақы төленді, 3,6 мың сағат қосымша тынығу уақыты берілді.
Мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуіне әсер ететін факторлардың бірі – мемлекеттік құрылымдарда штаттық бос орындардың болуы. Мұндай жағдай қызметкерлер арасында міндеттердің қайта бөлінуіне және олардың жұмыс жүктемесінің артуына әкеп соқтырады. Осылайша 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы және өкілді құрылымдардың штаттық саны 2 196 бірлікті құраса, оның 4,6%-ы бос орындар болып отыр. Соның ішінде 33 лауазым үш айдан астам уақыт бойы қаңтарылып бос тұрған. Міне, осындай жағдайлар облыстық денсаулық сақтау, білім, цифрлық технологиялар басқармаларында, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов аудандарының әкімдіктерінде орын алуда.
Департамент Батыс Қазақстан облысындағы әрбір мемлекеттік қызметші үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау мақсатында қызметкерлердің жүктемесін бақылауды және ұйымдастыру үдерістерін жетілдіруді жалғастырады.
– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Департаменттің бастамасымен жұмыс кестесі сақталмаған мемлекеттік құрылымдардың басшыларына ұсыныс енгізіліп, 152 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс уақыты ұсынылды. Сондай-ақ біздің департаменттің қызметкерлері жүргізген жұмыстар нәтижесінде, есепті кезеңде
13 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар департаментпен 25 мемлекеттік қызметшіге негізсіз 6,7 млн теңге көлемінде төленбеген бонустарды төлеу қамтамасыз етілді, еңбек демалысына ақы төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін тиісті 106 мемлекеттік қызметшіге 188 мың теңге көлемінде өсімпұлдар төленді.
Облыстағы жергілікті атқарушы құрылымдардың мемлекеттік қызметшілеріне іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде іссапар шығындарын уақтылы төлемеген 77 мемлекеттік қызметшіге тиісті 4,7 млн теңге көлемінде төлемдер жүргізілді.
– Мұрат Сейілбекұлы, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша айтып өтсеңіз.
– Департаментпен халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылады.
Қызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту басым міндеттер болып қала береді. Осы мақсатта цифрлық технологияларды енгізу және процестерді аутоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша департаментке қызмет алушылардан келіп түскен 30 шағым бойынша келтірілген дәлелдері расталды, қабылданған шаралар нәтижелері бойынша олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Мысалы, жергілікті атқарушы құрылымдармен өз кәсібін кеңейту мақсатында сауда-саттықты талап етпейтін жолымен жер учаскесіне құқықтарды беруді сұраған дербес кәсіпкерге негізсіз бас тартылған. Осы орайда қызмет алушы бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін департаментке шағымданды.
Департаментпен кәсіпкердің шағымын қарау нәтижесінде негізсіз бас тарту фактісі расталды, кәсіпкердің өтініші қайта қаралды, нәтижесінде жер учаскесіне құқықтарды беру туралы оң шешім қабылданды. «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімі бұзушылықтары мен негізсіз бас тартуларды алдын алу мақсатында қашықтан бақылауды жүргізу жалғасуда.
Сұхбаттасқан Бауыржан Файзоллаұлы
zhaikpress.kz