25.12.2024, 9:30
Оқылды: 38

Бәйтеректе «Соққы» қойылымының премьерасы өтті

Бәйтерек аудандық «Шың» сазды-драма театрының үшінші маусымындағы үшінші премьерасы – «Соққы» драмасы көрерменге ұсынылды. Қойылымның идея авторы – жас режиссер Бекзат Васихан, ал сценарийін жас драматург Ұлназ Исламова жазған.

IMG_20241224_231352_997

Қойылымда Аңсар есімді бозбаланың спорт жолын соның ішінде боксты таңдауы суреттеледі. Бірақ кезінде ағасы осы спорт түрінен қастандықпен қазаға ұшырайды. Сол себептен Аңсардың ата-анасы осынау жолды таңдауына қарсы болады. Десе де өзінің қайтпас мінезі мен талантының арқасында ата-анасының көзқарасын өзгертеді. Алайда басты кейіпкердің өзі де жолапатына түсіп, аяғынан жарақат алады. Осы жарақатына қарамастан өмірге, спортқа деген құлшынысы мен махаббатын жоймайды. Басты рөлдерді Ернат Байжан (Аңсар), Ақтілек Алтынбай (Әли) сомдады. Қосымша рөлдерде «Жас актерлер» үйірмесінің оқушылары өнер көрсетті.

Режиссер Бекзат Васиханның айтуынша, спорт тақырыбын таңдау себебі – көрермендердің спортшы актерлерден спорттық қайсарлықты, рух-жігерді сезінуіне мүмкіндік беру. Ол көптеген театрларда спортқа назар аз аударылатынын атап өтті. «Спортты қашанғы кинодан көре бересіздер, театрға келіп көрсеңіздер» деген ойды жиі айтып жүрмін», - деді режиссер.

IMG_20241224_231400_377

Қойылымның мақсаты – адам баласына өз-өзіне сенудің маңыздылығын ұғындыру және қиындықтарды жеңуде тапқырлық пен іс-әрекеттің рөлін көрсету. Қойылымды екі апта ішінде жазып, бір аптада дайындап шығарғанын айтты. Сондай-ақ, өзімен аттас қазақтың спортшысы Бекзат Саттархановтың құрметіне қойылғанын және бұл қойылымды оның рухына бағыштағанын жеткізді.

IMG_20241224_231423_684

Қойылым соңында актерлерге аудан әкімі атынан ықылас гүлі табысталып, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз сөйледі.

IMG_20241224_231329_546

– Жаңа жылдың қарбалас істерінің арасынан театр ұжымына арнайы уақыт тауып келгендеріңізге алғысым шексіз. Өздеріңізге театрдағы премьераны жаңа қырынан танытып, сахнада бұрын соңды қойылмаған тақырыпты қозғаған қойылым жоғары деңгейде өткенін айтқым келеді. Жас таланттардың жетістіктеріне үлес қосып жүрген театр директоры Әліби Жанәбіловке алғыс білдіремін. Сондай-ақ үлкен-үлкен сахналарда өзінің әртістік шеберлігімен көзге түсіп, сахна тілінің ерекшелігімен көрермен көзайымына айналған Кенесары Болғанбаевқа да айтар алғысым шексіз. Осылардың ізін басып, ілімін алған Бекзат мектеп жасынан бастап осы сахнада өсіп келеді. Бүгінгі өзінің авторлығымен қойылып отырған шығарма тырнақалды туындыларының бірі деп есептеймін. Қойылым туралы әркім өзінше бір ой түйді. Қоғамның дертіне айналып, адамзат болмысындағы үлкен алапаттың бірі осы спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық. Осы мәселенің шет жағын көрсету арқылы тағдырлардың бүлінуін көрсетті. Жаңа жылдың басындағы ең үлкен қойылымдардың бірі болды. Мектеп жасындағы балалардан бастап, үлкен азаматтардың да қызығушылығын оятқан қойылым болды. Спортты да қозғап отырғандарыңның өзі қазақ спортының алар асуларының кезінде биік болғанын, жемқорлықтың кесірінен талай азаматтан айырылып қалғанымыз туралы ашық жеткіздіңіздер. Осы қоғам мәселелерін жеңіл, әрі есте қаларлықтай етіп жеткізген жастарға айтар алғысым шексіз, - мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Тоғызбайұлы.

IMG_20241224_231336_743

– Бүгінгі спектакльде актерлер заманауи  және жастардың спортқа деген көзқарасы мен оның арасындағы жемқорлық, көреалмаушылықтарды ашып көрсетті. Басты рөлдегі актердің ойыны көрермендерді тәнті етіп, шынайы эмоцияларға бөледі. Қойылым жастар арасындағы спорттық бақталастықтың салдарын керемет сипаттай алды деп есептеймін. Режиссердің осындай тақырыпты көтеріп, қоғам шындығын көрсете білгеніне ризашылығымды білдіремін. Спортшы жігіттің биікке ұмтылған сайын кездескен кедергілерге мойымауы көрерменге рух, қайрат, жігер сыйлады. Осы қойылым арқылы жиналғандар жас кезде спорттық бақталастықтың арты неге апарып соғатынын көре алды.  Театрдың жас актерлеріне толағай табыс, шығармашылық өркендеу тілеймін, - деді Переметный ауылының тұрғыны Күмісханым Берекетова.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале