«Халқыңның сырын өзің білесің де,
Ісіңе күйесің де, күлесің де,
Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп,
Әйтеуір, сол халқыңды сүйесің де!
Ілияс Жансүгіров
Халықтың екі байлығы бар: бірі – елі, бірі – жері. Осы екеуін қорғап, сақтайтын сауыты болған. Ол – салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Сонымен бірауыз сөзбен тоқтата білген. Тек қазақ халқы ғана емес, өзге ұлт өкілдері де бірауыз шынайы сөзге тоқтай білген. Қазақтың биі Қаз дауысты Қазбек би қалмақтың ханы Қоңтайшыға барып, «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Атадан ұл туса, «құл боламын» деп тумайды, анадан қыз туса, «күң боламын» деп тумайды» деген. Осы сөзге тоқтаған Қоңтайшы хан құлдыққа түскен ұлды, күңдікке түскен қызды қайтарып, ат-шапанын беріп, енді елдің шетін баспайтын боп, уәделескен екен. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Пәтуалы сөзді тыңдап дұрыс қабылдар деп отырмын. Көшпелі дәстүрмен күн кешкен ата-бабаларымыз жердің құнарын сақтап, сауатты пайдаланған. Осындай салт-дәстүрмен ұшса, құстың қанаты, жүгірсе аңның аяғы талатын, түгін тартса, майы шығатын жерді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырды. Кеңестік дәуір келмеске кеткеннен кейін шаруа қожалықтары 34 жыл сол бір орындарынан қозғалмады. Бұрын кеңестік заманда бір мал қыстағында жүз бастан артық мүйізді ірі қара ұстамайтын еді. Қазір бір мал қыстағында бес жүзден жоғары, жеті жүз, тіпті мың басқа дейін ірі қара бар. Жердің әбден тозығы жетті. Жайылымға да, шабындыққа да жер жетіспейді. Өнімділігі нашарлады. Өтебай Қанахиннің «Атақоныс» деген кітабында: «Біздің өлкемізде жер бетіне қылқиып шығатын шөптің алты жүздей түрі болса, жылқы сексеннен сәл астамын жейді, сиырдың жейтіні алпысқа жетпейді, ал қой болса, отыз шақтысына мұрнын шүйіреді» деген екен. Бұл кітап 1990 жылға дейін шықты. Ал содан бері шөптің қанша түрі қалғаны белгісіз, соның ішінде құнарлысының қаншалықты қалғаны да беймәлім. Аудандағы 561 шаруа қожалығында 90 000-ға жуық ірі қара бар. Бұл есепке алынғаны, есептің сыртындағысы қаншама? Сонда бір шаруа қожалығында 2000-ға жуық сиыр бар. Меже бойынша бір сиырға 9 гектардай жер керек. Сонда 90 000 сиырға 810 000 гектар жер қажет. Бұл малға жайылымның да, шабындықтың да таршылық ететінін білдіреді. Біздің мақсатымыз – осы жерді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау. Мал шаруашылығы біздің атакәсібіміз. Бізден кейінгі ұрпақ та осы кәсіппен айналысары сөзсіз. Сонда ұрпағымызға қызыл құм басқан қу тақыр даланы қалдырамыз ба? Бұл тек мені емес, аудан жұртшылығын да ойландыратын жайт. Бұрынғы әкелерінің орнында мал бағып отырған қожалық жетекшілері: «Біздің әкелеріміз осы жерде жүзге тарта сиыр бақты. Қазір қыстақта 700-800 мал бағып отырмыз. Өзімізге-өзіміз өкпелемесек, кімге, неге өкпелейміз? Жердің әбден тозығы жетті», – дейді.
Тағы да сол Ө.Қанахиннің «Атақонысында» «Топырақтың құнарлы бергі беті бес сантиметрге қалыңдау үшін жүз жыл, яғни бір ғасыр уақыт керек көрінеді» дейді. Осы шығарманың тағы бір тұсында: «Құмда өскен шөп үшін қойдың тісінен де тұяғы жау. Қойдың аузынан аяғы көп жейді. Тісі басын ғана отайды, ал тұяғы болса, әрі өтіп таптап, бері өтіп таптап, тамырын құртады; топырақтың құрсауын бұзады. Бір жерде айлап отырған соң не оңсын?! Бетіндегі қылтанағынан айырылған соң құмы бар болғыр жел айдаған қаңбаққа ұқсап көшіп жүр-генді ғана біледі. Бүйте берсе, бұлардың барлық жерді сусыма құмға айналдырып немесе тулақ қып тастама-сына кім кепіл?! Жайылымды тоздыру оп-оңай. Мықты болсаң, оны қалпына келтіріп көр!» дейді.
Биыл облысымыздың оңтүстік аудандарында мал қыстағына байланысты төтенше жағдай жарияланып, алыс аудандардан мал азығы тасымалдануда. Биылғыдай қуаңшылық жылы алдағы жылы да, одан кейінгі жылы да қайталануы мүмкін. Сонда жыл сайын төтенше жағдай жариялап, малдың жем-шөбін тасымалдап отырамыз ба? Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – барды күндеу емес, болашақ туралы жұртшылыққа ой салу. Бұрынғы ата-бабаларымыз шұрайлы жерді аманаттап кетті, ал біз келер ұрпаққа қандай жер қалдырамыз? Біз алдыңғы аға ұрпаққа шөбі шүйгін, топырағы құнарлы жерді қалдырғаны үшін ризашылық сезіммен рақмет айтамыз. Жоқтан бар жасаған аға буынның барды жоқ қылған ұрпағы болмайық. Бізден кейінгі ұрпақ бізге не айтады? Мені осы ой мазалайды.
ХVIII ғасырда қазақтың тыныс-тіршілігімен танысқан орыстың генералы В. Броневский: «Қазақтың «бай» дегені орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес» деген екен. Қазақтың байы ақыл-ойы толысқан, кемеріне келген, төрт түлік малдың қысқы-жазғы күтімін толық меңгерген, күнделікті қажетті тұрмыс-тіршілікке керек нәрсенің бәрін жақсы білетін адам болған. Ауылдың жақсы-жаманына, қайғы-қуанышына ортақтаса білген, бір шаңырақтың ұлы үйлене алмай жүрсе, соны үйлендіруге көмектескен, соғымы жоқ болса, соғымын берген, сол ауылдың барлық әлеуметтік жағдайына қарасып, көмектесіп отырған. Сол кезде әлеуметтік сақтандыру, жәрдемақы, еңбекақы жоқ уақытта ешкімнің ештеңеден шет қалып қоймауын үнемі қадағалап отырған. Материалдық жағынан мол адамды қазақ ешқашан байға теңемеген. Міне, сондықтан да Еуропадағы бай мен кедей ара-сында айырмашылық, не шиеленісу болмаған. Келіспеушілік жағдайларды бидің алдына жүгініп, бидің қара қылды қақ жарған билігіне тоқталған. Сөзіне бас иген. Қазіргі уақытта бірауыз сөзге тоқтау жоғалып бара жатқан сияқты. Сөздің киесі де, иесі де табылмай жатқаны көп жағдайда қынжылтады. Адам білімді болған сайын сөзге тоқтау, үлкенді тыңдау деген азайып бара жатқандай көрінеді.
Тілеген Арыстанбеков
Бөкей ордасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам белсендісі