Еңбек дегеніңіз – қозғалыс. Адам баласы сондықтан да кәсіп етуге талпынып, таңнан қара кешке дейін тыным көрмей, еңбектенеді. Бір жағынан сол арқылы нәпақа тауып, отбасын асырап жатса, екінші жағынан қозғалыс, бойға қан жүгірту. Үйде қарап отыруға жаны қас бүгінгі кейіпкеріміз Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылының тұрғыны - іскер әйел, көпбалалы ана Әлия Мұрын.
Еңбекқор нәзік жандының жеке кәсіп ашып, ауылдастарына пайдасы тиетін қызмет бастау көптен бері арманы болатын. Себебі үш ұл, үш қызының алды өсіп жетіліп, студент атанғанымен, олардың оқуы бар, ал кішілері – мектеп жасында.
Әлия туған ауылы Сарытоғайдағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған. Жоғары білім алмағанымен, елгезек, пысық қыз өзіне жүктелген кез келген істі дөңгелетіп алып кетеді. Базаршоландық Нұртас атты азаматпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, шараушылыққа икемді, шебер келін атанады. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Ол бизнес бастауға берілетін мемлекеттік грантқа былтыр құжат тапсырған. Өзінің айтуынша, грантқа талаптанбас бұрын, көп ойланып, отағасы, балаларымен ақылдасыпты. «Ақылдасып пішкен тон келте болмайтын» емес пе еді? Санада сан сұрақ жамырап тұр. Қандай кәсіп табысты болмақ, шағын ауылда жұртқа қажет бола ма, грант ұтып алғанымызбен, сұранысқа ие болмай қалып, іс басталмай жатып, тұралап қалмай ма? Осының бәрін ой елегінен өткізеді. Ақылдаса келе тоқталғандары – құрылысқа пайдаланатын қолғаптар тігу. Иә, кәдімгі сіз бен біз сауда орындарынан көріп жүрген түрлі-тұсті қолды суық пен жарақаттанудан сақтайтын қолғаптар. Расында да, қазір ауылда тұрмыс түлеп келеді, қай үйдің де айналасында құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр. Сұранысқа ие пайдалы бұйым екені сөзсіз. Тәуекел деп, бизнес-жсопарын құрып, конкурсқа қатысады құжаттар аудан асады.
Өткен жылдың екі легін қосқанда, аудан бойынша қайтарымсыз грант иеленген 95 адамның ішінде комиссияның шешімімен табылып, бағы жанғанына қуанғаны рас.
– Кәсіпті жаңадан бастадық қой. Тәй-тәй басып, аяққа тұруға талпыныс жасап жатырмын десем де болады. Керекті аппаратты арнайы Ақтөбе қаласынан сатып алып келген соң да, біраз уақыт жұмысқа кірісіп кете алмай жүріп, сол құрылғыны айналшықтап, қосуға үркіп жүрген күндер қазір артта қалды. Қолғаптың құрылыста төзімді болғаны керек. Сондықтан қалың матаны тапсырыспен алдыртамын. Түрлі өлшемге лайықтап, қиып аламыз. Оң мен солы және бар. Бұл аппараттың кереметі сол –бойынша матасын салсаң, өзің келтіріп берген өлшемде дайын етіп шығарып береді. Керек десеңіз, түсіне дейін таңдап бояйды. Өткен жылдың аяғы аудан орталығында өткен жәрменкеде дайындап апарған қолғаптарым көпшілікке ұнады. Осындай оң баға құлшынысымызды арта түскендей, – деп шалғай ауылда кәсіпті қолға алған іскер әйел бізге өз бизнесі жайлы баян етті.
Жолдасы Нұртас қысқы жылыту маусымдарында оператор боп еңбек етсе, жаз айларында жалдамалы жұмыстарға кіріседі. Жуырда ауылдағы орта мектепке көлік жүргізуші болып орналасқан.
– Бүгінде мемлекетіміз кәсіп бастаймын деген жанға қай жағынан да қолдау көрсетіп отыр. Тек соны бастау үшін адамға тәуекел, ыждағаттылық және сенім керек. Әрі қарай еңбекқор адам табысқа жетуге бар күш-жігерін салады, – дейді кейіпкеріміз.
Әсет Сағындық,
Ақжайық ауданы