Казталов ауданынан талай өнер тарландары шығуда. Олар тек еліміз емес, әлем сахналарында да өнер көрсетіп, үлкен қошеметке ие болуда. Дегенмен, мына бір азаматтың өнердегі жолы жұртшылық назарынан тыс қалуы көңілге қаяу салғандай...
Адамгершіліктің, қарапайымдылықтың үлгісі болуға лайық, ақырын жүріп анық басқан, нағыз құрметке лайық адамдар бұрын да болған, бүгінгі күні де бар. Тек олар көзге түсуге тырыспайды, жасаған жақсылығын да міндет қылмайды. Ел алдында сіңірген еңбегінің бағасын сұрамайды, жақсымын деп айтуға арланады. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі, Казталов ауданы мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан, 70-ке жуық әндердің авторы, белгілі сазгер, саналы ғұмырын балаларға музыкалық білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз, жерлесіміз — Нұрлан Серікұлы Нығметов.
Нұрлан Серікұлы биылғы жылы 19 қаңтарда 70 жасқа толмақ. Бірақ, осы күнге дейін ауданымызда Нұрландай өнерлі азаматтың өнер кеші бір аталып өткен жоқ. Тіптен, керек десеңіз, 60 жасқа толған кезде, кейін зейнетке шыққанда да лайықты бір құрмет көрсетілмеді. Бұл азамат табиғатынан өте қарапайым жан. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» демекші, Нұрлан ағамыз ешкімнің алдына барып басын иіп, еңбегін бұлдаған емес.
Өмір-керуен алға жүреді. Ұрпақтар ауысады. Бірақ, Нұрлан Серікұлының әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны белгілі. Ауданымыздың гимніне айналған «Казталовка вальсі», «Ауданым әнім», «Қайыңды вальсі», «Бостандығым», «Туған өлке», «Тәуелсіздік жыры», «Мен қазақпын», «Ақжайық» сынды тағы басқа да әндерін атап өтуге болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Жасаған жақсылығын жұртшылық білсе, бағаласа, ол адам құрметті деген атаққа, марапатқа әбден лайық болса, қарапайымдылықты қағида қылып, өмірлік ұстаным етуден жаңылмаса, ондай адамдарды халық қашан да бағалайды. Туған елі жан дүниесі музыка әлемінде қалықтаған шығармашыл Нұрландай азаматты баяғыда мойындаған. Ендігі кезекте жоғарыда отырған азаматтар мойындаса дейміз. Ауданымыздың тізгінін ұстаған азаматтардың құлағына алтын сырға: Нұрлан Серікұлы Нығметов «Казталов ауданының құрметті азаматы» деген атаққа әбден лайық. Ағамыздың ауданға, туған еліне жасаған еңбегі ескеріліп, талғамы биік өнері бағаланып, биылғы жылы осы бір атақ берілсін деген ұсынысымыз бар.
Жазбамызды түйіндей келе, Жұбан Молдағалиевтің мынандай өлең жолы еске түсті:
...Адамды тіріде тек бағалайық.
Ардақтап, апалайық, ағалайық.
Бас дейік, батыр дейік, дана дейік,
Жоқ болса, ожданына тағар айып...
Өнерелі азаматымызды қолдайық!
Қайрат Жақып
Казталов ауданы