Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Тасқала ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы кеңес өтті.
Күн тәртібінде ауыл халқының табысын арттыру бойынша бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатырған жұмыстар талқыланды.
Аталмыш жиынға облыстық басқарма басшылары мен депутаттық корпус, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары, көршілес Бәйтерек ауданының ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы «Әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына тоқтала келіп, қазіргі таңда Мемлекет басшысының қойып отырған басты міндеттерінің бірі –елімізде мықты өнеркәсіп негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу екендігін тілге тиек етті. Оған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тигізер көмегінің көптігін алға тартты. Әсіресе ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту, сондай-ақ, ауылдарды дамытуға шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасының қажет екенін де жасырмады. Осы бағытта облыс көлемінде былтырғы жылы бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, нәтижесінде республика деңгейінде алдыңғы қатардан көрінгенін жеткізді. Сонымен қатар, осы жұмыстарды жүргізу бағытында облыстық жобалық кеңсе құрамын жинап, аталмыш бағдарламаны аудандар мен ауылдық округтерде ұйымдастыру барысында жиын өткізіп, онда туындаған мәселелер мен кедергілерді тыңдағанын айтты.
Тасқала ауданы әкімі Талғат Шакиров Тасқала ауданы бойынша аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған жұмыстарды саралап өтті. Сонымен қатар, Мереке ауылдық округі әкімі Мэльс Нәріков пен Ақтау ауылдық округі әкімі Бауыржан Имашев өз округтері бойынша ұйымдастырылған жұмыстардың есебін берді. Жиын барысында бағдарламаның облыстық деңгейде жүзеге асырылу барысы туралы Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин мен Тасқала ауданы бойынша ашылған жұмыс орындары мен әлеуметтік төлемдер жөнінде БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Әбуов баяндады. Жиын барысында көршілес Бәйтерек ауданы бойынша Макаров және Көшім ауылдық округтерінде аталмыш бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланып, атқарылған ауқымды жұмыстар назарға ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев Тасқала ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын халыққа кеңінен насихаттау және оны жүзеге асыру бағытында көбірек жұмыстануды, саннан гөрі сапаға жұмыс істеу керектігін жеткізді. Әр ауылдық округ өз жұмыстарына анализ жасай отырып, бағдарламаны бірнеше бағытта жүргізу керектігін тапсырды. Біз бірінші кезекте жұмыссыздар мен мүгедек жандарға көмектесуіміз керек. Ол үшін түсіндіру жұмыстары жақсы болу керек. Халықтың санасына жеткізе білу керекпіз. Осы бағытта Тасқала ауданы бойынша көп жұмыс жүргізілу керек. Тек ауылшаруашылық бағытымен шектеліп қалмай ауылдық жерлерде басқа жұмыстарды да қолға алып, шағын цехтар ашу керек. Осыған дейін де мен ауылдық округ әкімдеріне акуммуляторный, токарной цех ашу жөнінде ұсыныс айтқан болатынмын. Тас неге өндірмейміз, жиһаз неге шығармаймыз? Күнделікті қолданысқа қажет әжетхана қағазын неге шығармаймыз. Қойдың жүнін пайдаға асыра отырып одан неше түрлі өнім неге шығармасқа деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы бірнеше мысалды келтіре отырып, жұмыс істеудің жолдарын көрсетті. Ауыл тұрғындарын кооперативке біріктіре отырып, оның жұмысын әртараптандыру, ауылды, ауданды маңызды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды қажеттілігін ескертті. Сонымен қатар, ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Тауарлы несие» беру жұмысын жандандыру, тұрғындарға осы бағытта түсінік жұмыстарын жиі жүргізуді тапсырды.
Одан бөлек бағдарлама шеңберінде алынған қаражаттың мақсатты жұмсалғанына мониторинг жасай отырып, несие алушылардың малды нақты бордақылауға қойғанын қадағалау жұмыстарын күшейтуді ауылшаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігіне жүктеп, оған белгілі мерзімде уақыт берді.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы