17.01.2025, 9:30
Оқылды: 51

Жәнібектік тілшілер заңсыз жүрген такси жүргізушілерін анықтап, кәсіпкерге қолдау көрсетуде

«Заңдастырылмаған такси қызметін ұсынып жүргендерімен қоймай, бағаны өздері белгілеп алып...» деп бастаған едік бұл мәселенің басын өткен жылдың қазан айында.
image-16-01-25-05-25-2
Мәселе көтерілді, қозғаусыз қалмады. Сондағы ойлағанымыз, баяғы қара халықтың қамы ғой. Әкімдік те бұны ескерусіз қалдырмады. Аудан әкімнің орынбасары Жақсылық Абдолов тақырыпқа қатысы бар деген бөлім басшыларымен бірлескен отырыс өткізіп, жиынды фейсбук парақшамызда тікелей эфирден арнайы көрсеткен болатынбыз, артынша Жәнібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып рейд шараларын жүргізгенбіз-ді. Мақсатымыз заңсыз такси қызметімен айналысып жүрген «пират таксилерді» анықтап, заңдастыру, сәйкесінше қызмет сапасын арттыру еді. Айналғанда халықтан көмек болмады, «құныққандар» деп кейігендер құныққандардың артын жауып, көзімізді бақырайтып қойып, көлік тізгініндегілер жатты «туысқаным» деді, діттеген жеріме жетіп алсам болды дегендер басын изеді. Сол баяғыша ғой.
image-16-01-25-05-25-1
«Не амал, жақсы» дедік те, тым құрымағанда халықтың қалтасы томпаймаса да, жұқармасыншы деп аудан тұрғындары мен қонақтарын арасын суытпай ағылып жатқан «Сайхаденова У.И.» жеке кәсіпкерлігінің ұйымдастырып отырған қоғамдық көліктерімен жүруге шақырдық. Өткен жылда «Ойбай, автобустың жартысы да толмай келіпті» деп налығанымыз естеріңізде болса, бүгін міне, тіпті бір апта бұрын хабарласып отырғанның өзінде облыс орталығына баратын қоғамдық көліктен бір орын таба алмай отырмыз өзіміз. Қап-әй деп тұтқаны жапқанымызбен, өзімізше ішімізден мәзбіз. Не бітіресіңдер? Сендер не шешесіңдер? - дегендерге жауап болды деп. Бағаны бақылай алмасақ та, халықты ояттық, ол бір, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсете алдық, ол екі.
image-16-01-25-05-25
Алайда бұнымен бұл тексерістер тоқтап қалмайды. Заңсыздықтың жазасы ерте ме, кеш пе беріледі. Бүгін де аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, Жәнібек ауданы бойынша салық басқармасы, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып рейд жұмыстарын жалғастырдық. Жүргізілген «Тасмалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде жолаушыларды тасымалдауға лицензиясы мен рұқсаты жоқ жеке тасымалдаумен айналысқан 24 жастағы Орал қаласының тұрғыны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1 бөлігі бойынша «Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз іс-әрекеттерді жүзеге асыру» бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, іс құжаттар Жәнібек аудандық сотына жолданды.
Ешкімге ешкімнің өкпесі болмасын. Біз біреуді жер қылуды көздемейміз, тек қызметіңізді заң аясында жүргізсеңіз, өзіңізге жақсы, жүргізуші ағатай. Салықтан да жалтарып қашып жүрмейсіз, медициналық сақтандыруыңыз жүріп, ауруханаға да алаңсыз кіре аласыз. Зейнет жасына жеткенде, ең төменгі зейнетақыны алып, місе тұтып отырмайтын боласыз.
Арай Сейфолла, 
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале