17.01.2025, 10:15
Оқылды: 52

Жаңа көпір тұрғындар игілігі үшін

Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Бәйтерек ауданына қарасты Октябрьск ауылын облыс орталығымен қосатын Шаған өзеніндегі аспалы көпір істен шықты. Топан сумен қатар келген мұз көпірге тіреліп, кептеліс орын алды. Аудан әкімдігі мен облыс билігі алдымен көпірді тросс арқылы биіктеткенімен толассыз келген су мен мұз аспалы көпірді амалсыздан бұзғызды. Сол кезде ауыл тұрғындарына аталған шара мәжбүрліктен, елді мекенді топан судан қорғау мақсатында жасалғанын айтқан өңір басшысы көпір көп ұзамай, қалпына келтірілетінін уәде етті.

WhatsApp Image 2025-01-17 at 11.32.32

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Тасқын саябырсыған шақта көпірді қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Ауылдағы ағайын өткел салынып жатқан кезде қалаға қайық арқылы қатынады. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін арнайы тегін қоғамдық көлік қарастырылды. Ұзындығы 110 метр болатын өтпе жол қыркүйек айына дейін пайдалануға берілді. Жаңа кейіпке енген көпір бұрынғыдан бір метрге биік етіп жасалды. Екі жағынан онлайн бейнебақылау камералар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мініп, түсуіне ыңғайлана жасалған пандустар қойылды. Сондай-ақ толықтай жарықтандырылды. Аталған көпірге арнайы барған аймақ басшысы маңызды нысанның жағдайымен танысты.

Аспалы көпірдің жасалғаны Шағанның арғы бетіндегі ағайынның Орал қаласына қатынауын жеңілдетті. Уақытша қиындықтың артта қалып, барыс-келістің жеңілдегеніне тұрғындар разы.

–Көпір бұзылған кезде оның мәжбүрлі шара екенін түсінгенімізбен көңілде алаңдаушылық болды. Оқу жылы басталғанша жасалады деген облыс әкімі уәдесін орындады. Сол үшін алғысымыз шексіз,– деді Октябрьск ауылының тұрғыны Құрманғазы Хайруллин.

Ауыл тұрғындары бұрын көпір арқылы мотоцикл, мопед шағын квадроцикл жүргізгендер өтіп кетіп жүргенін айтты. Камералар орнатылып, көпір биіктетілген соң мұнай оқиға сап тыйылған.

–Жаңа көпір салуға 40 милион теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Мердігерді асықтырғанымызбен құрылыс сапасына ерекше назар аудардық. Барлығын көріп шықтым. Енді тасқын мен мұз көпірге қауіп төндірмейді деген ойдамын,–деді Нариман Төреғалиұлы.

Өңір басшысы келгенін естіген ауыл тұрғындары көпірдің қала жақ беті абаттандыруды қажет ететінін және көлік тұрағын салу туралы ұсыныстарын алға тартты. Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін қала әкіміне арнайы тапсырма берді.

Түгелбай Бисен, 

"Орал өңірі"

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале