Тәуелсіздік алғалы елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Спорт саласы мемлекеттік маңызы бар басым бағыттардың бірі. Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың қысқы түрін дамыту мақсатында Шыңғырлау ауданында Қонақай көлінің басында спорт ойындарының қысқы маусымы ашылды.
Мұзайдын басы ойнап-күлген үлкен-кішіге толды. Қыр басынан төменге қарай сырғанап, мұз үстінде коньки теуіп, шаңғымен жарысқан ауыл тұрғындарының, шаттанған балалардың қуаныштарында шек жоқ. Көл басында тігілген шатырдың айналасында аудан кәсіпкерлері ыстық тағамдар мен сусындарын сатып, ауылдастарының ризашылықтарын алып жатты. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары мұзайдын маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қадағалап отырды.
Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев ашылу салтанатының алғы сөзін сөйлеп, ауылдастарына көңілді демалыс, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Кейін Президенттік көпсайыс жарыстары бастау алды. Шаңғы тебу түрлерінен жарыс өткізіліп ауданымыздың Ащысай, Ақбұлақ, Ақтау, Ақшат және Шыңғырлау округтерінің, Шыңғырлау колледжі мен Шыңғырлау мектептерінің әр түрлі жас санатындағы қатысушылары, аудан тұрғындары бақ сынасты. Сондай-ақ, аталмыш көпсайыстың күштік гимнастика және пневматикалық мылтықтан ату сайыстары аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткізілді.
Сайыстар қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткендер марапатталып, жалпыкомандалық есепте Шыңғырлау ауылдық округі І, Ащысай ауылдық округі ІІ, Ақтау ауылдық округі ІІІ орынға ие болды. Қатысушыларының арасында жастар да, үлкендер де бар. Әсіресе, спорт ардагерлері ерекше ойын көрсетіп, көпке көзайым болды.
Ендігіде шыңғырлаулықтар отбасыларымен демалыс күндерін көл басындағы мұзайдында өткізетін болады. Денені шынықтырып, денсаулықты нығайта түсетін қысқы спорт түрлерімен шұғылдануды әрбір адам әдетке айналдыруы керек. Сонда дені сау ұлт болып, дені сау ұрпақ тәрбиелейміз.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы