21.01.2025, 9:15
Оқылды: 35

Лаура САРИЕВА, Орал қалалық №19 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі, дизайнер-модельер: «Ұлттық киімге  сұраныс көп»

 

Ол бала кезінен анасының қолынан ине-жібін тастамай, іс тігіп отырғанын көріп өсті. Әсіресе Жаңа жыл қарсаңында үш қызы мен бір ұлына түрлі киімдер тігіп, адам танымастай қылып жіберетін. Ол кезде мата қат еді. Сондықтан анасы ақ марліні түрлі түске бояп, әдемі костюмдер тігіп, өз қолымен безендіретін. Қазіргі тілмен айтқанда анасы сол кезде тамаша  дизайнер-модельер болған екен.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 10.08.31

Қаламыздағы №19 ор­та мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беретін Лаура Сариева сол шақтарды сағынышпен еске алады. Бүгіндері шәкірттерін қолөнерге тәрбиелеумен қатар өз шеберханасын ашып, алдына мақсат-мұрат қойған Лаура Орынбасарқызы бала кезінен дизайнер-модельер болуды армандапты.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 10.07.25

– Ең бірінші рет мектеп бітіру кешіне киетін көйлегімді өзім тіктім. Содан бастап осы салада жұмыс істегім келді. Институт бітіргелі шаһардағы №19 орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Қыздарға ине-жіппен жұмыс істеуді үйретемін. Соңғы он жылдан бері мектептегі жұмысыммен қатар өз шеберханамды ашып, дизайнер-модельер болып еңбек етіп жүрмін. Бұл  менің бала кезгі арманым еді, – дейді Лаура Сариева.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 10.06.06

Иә, кейіпкеріміз осыдан он жыл бұрын орталық базардың  жанынан  кішкентай шеберхана ашады. Алғашында бір тігіншімен басталған кәсіп бүгіндері қанатын кеңге  жа­йып келеді. Қазір Лаура Орын­басарқызының шеберханасында екі ті­гін­ші жұмыс істейді. Қызы Жанардың есімімен аталатын шеберханада таң жарығымен басталған жұмыс қас қарайғанша жалғасады.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 10.06.42

Киім дизайнері – жаңа киім үлгілерінің эскизде­рін жасайтын маман. Бұл  –  қоғамды индустрияландыру кезеңінде ХVІІІ ғасырдың соңында пайда болған қызықты кәсіптің бірі. Киім дизайнері – шығармашылықтың адамы. Ең бірінші қиялдағы көйлектің пішінін қағазға түсіру, киімінің эскиздерін сызу, маталар мен материалдарды  таңдау, өндіріс проце­сін  қадағалау – оның күнде­лікті жұмысы. Өзі сабақ беретін білім ошағында дизайнер-модельер болуды армандайтын қыздар қатары көбейіп келеді. Лаура Орынбасарқызы ұстаз ретінде шәкірттеріне бұл салада бағыт беруден шаршаған емес.

– Ине-жіпке қызығушылық танытатын қыздар көп. Ең алдымен қыздардың ине ұстауға икемділігі  бірден байқалады. Одан әрі қызығушылығы болса кез келген бойжеткен бұл шаруаны үйіріп әкете алады. Әрине, бұл салада ізденіс, табандылық қажет, – деді дизайнер-модельер.

Кейіпкеріміз кәсіпқой ди­­зайнер ретінде нарықты зерттеп,  трендтерді бақылап отырады. Соңғы жылдары той-қонақтықтарға қызы мен анасының бірдей көйлек киіп баруы, бір үйдің қыз-келіндерінің бір түсті көйлек киіп жүруі сәнге айналды.

– Қазір ұлттық киімдер, шапан, камзол сәнге айнала бастады. Қыз ұзату тойына киетін көйлектерді тігіп береміз. Тапсырыс өте көп. Осы он жылдың ішінде тұрақты сатып алушылар шоғыры қалыптасты. Кейбір киімдер өз дизайныммен тігіледі. Биге арналған киімдер, кешкі көйлектерге де тапсырыс аламыз. Әсіресе ұлттық үлгідегі киім-кешектерге деген сұраныс өте көп, – дейді Лаура Сариева.

Дизайнер-модельердің айтуынша, қазір көпшіліктен дараланып, өзгеше киінгісі келетін адамдар көбейіп келеді. Сауда үйлері мен базардағы қаптаған бір-бірінен аумайтын киімдер кей адамдарға ұнамауы мүмкін. Сондықтан әр адам өзін түсінетін тігінші іздейді. Бұл ретте үлкен-кішінің талғамымен санаса білу, олардың көңілінен шығу да оңай емес. Сондықтан кейіпкеріміз үне­мі ізденісте. Шығармашылық адамы болғаннан кейін уақытпен санаспай жұмыс  істейді. Түстердің үйлесім­ділігіне мән беру, жоғары талғампаздық қасиет те дизайнер-модельердің бойынан табылуы тиіс.

–  Барынша маған сенім артып келген менің қызметімді  тұтынушылардың сенімінен шығуға тырысамын. Киім тік­кенде көбіне Дубайдан әкелінген маталарды қол­данамын.  Киімдердің әрбір бөлшегі сапалы болуына ерекше мән беремін. Біздің жұмыста  еңбекқорлық, шыдамдылық, көпшілікпен тіл табысу қасиеттері аса қажет,  –  дейді ол.

Кішкентайынан ине-жіпке ынта-ықыласы ауған Лаура Орынбасарқызы өз арман-мақсатына жету жолында  тынбай  еңбек етумен келеді. Қызы Жанар да өзімен бірге шеберханада жұмыс істейді. Анасының қолынан шыққан әдемі көйлек, аксессуарларды киіп, әлеуметтік желіге салатын да қызы Жанар. Бүгінде олардың инстаграмдағы парақшасына 13 мыңға жуық адам тіркелген. Әр күн сайын оқырмандарына жаңалық ұсынып, инстаграм парақшасын жүйелі жүргізіп отырған да қызы.

– Қызым қолөнермен айналысқанды жақсы көреді. Қапсырма, сәукеле, тақия, бел­демшелердің әшекейлерін өзі жасайды. Қызымның есімі – Жанар. Шеберханамызды да еңбегіміз жанар деген үмітпен «Жанар» деп атадық. Аллаға шүкір, жыл сайын алға қадам басып, кәсібіміздің өрісі кеңейіп келеді, – дейді  Лаура ханым.

Қазіргі күнде сән мен стиль өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Әрбір адам ең әуелі киген киім-кешегі арқылы  тартымды, сүйкімді көрінгісі келеді. Осы бағытта ізденіспен еңбек етіп жүрген «Жанар» шеберханасының шағын ұжымына біз де сәттілік тілейміз.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале