21.01.2025, 16:30
Оқылды: 17

72 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен ауырды

Облыстағы  жіті  респираторлық  вирустық  инфекциялар  (ЖРВИ)  және  тұмаудың  эпидемиологиялық  жағдайы  былтырғы  жылдың  осы  кезеңімен  салыстырғанда  28,7%-ға  төмендеген.  Бұл  жөнінде  БҚО  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау  департаменті  басшысының  орынбасары  Нұрлыбек  Мұстаев  өңірлік  коммуникациялар  қызметі    алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  баяндады.

WhatsApp Image 2025-01-14 at 11.18.25

 Өткен жылдың 1 қазанынан бастап бүгінге дейін ЖРВИ-мен 71783 адамның ауырғаны анықталған. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар саны – 50262, соның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 1644. Жүкті келіншектер саны – 462. Дерт жұқтырғандардың 4,8%-ы оқушылар. Яғни былтыр облыстағы 177 мектептен 3471 оқушы ЖРВИ-ге шалдыққан.

Тәрбие және білім беру ұйымдарында ауырған оқушылардың саны 30%-дан асса, Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 27 мамырдағы № ҚР ДСМ-47 бұйрығы бойынша оқу үрдісі тоқтатылады. ЖРВИ, тұмау және олардың асқынулары (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек, скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы  санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады. Қазіргі таңда ЖРВИ жұқтырған оқушылар саны 30%-данасқан мектептер  жоқ.

– Эпидемиологиялық кезеңнің басынан А типінің (ең көп эпидемия тарататын тұмаудың түрі), H1N1 (пандемиялық) түрінен тұмаудың 61 жағдайы тіркелді. Олардың бесеуі – жүкті әйелдер. Жас құрамы бойынша 0-4 жастағы балалар арасында 18 жағдай, 4-15 жастағы балалар арасында 22 жағдай анықталды. ЖРВИ-ге 21 ер адам шалдыққан. Нақтырақ айтсақ, 15-29 жастағы жастар мен жасөспірімдер арасында – 8 жағдай, 30-64 жастағы тұрғындар арасында 13 жағдай тіркелді.

Тұмау тәріздес емес вирустардан – аденовирусқа 10, риновирусқа 3, боковирусқа 9, парагриппке 14, метапневмовирусқа 4, РС вирусына 17, пандемиялық емес коронавирусқа 11 адам шалдыққан, – деді БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғанда адамда  әлсіз-дік пайда болып, мұрыннан су ағу және құрғақ жөтел басталады. Содан кейін ол ылғалды жөтелге айналады. Ал метапневмовирус – көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да таралатын классикалық вирустардың бірі. ЖРВИ және тұмау өршіген кезде метапневмовирус та күшейеді. Вирус негізінен ауа, тамшы жолымен жұғады.

Тұмау кезінде адам қан-тамырлары зардап шегеді, сондықтан мұрыннан қан кетуі мүмкін. Тұмаумен ауырған адам әртүрлі инфекцияға өте сезімтал болады. Бұл ауыр инфекциялық асқынуларға әкеп соғуы мүмкін. Мәселен, өкпенің асқынуы салдарынан пневмония мен бронхит аурулары пайда болады. Жоғарғы тыныс жолдарының және тамақ, мұрын, құлақ мүшелерінің асқынуы, отит, синусит, ринит, трахеитке ұласуы мүмкін. Миокардит, перикардит сырқаттары жүрек-қантамыр жүйесінің асқынуларынан, әртүрлі вирустық инфекция әсерінен дамиды. Сондай-ақ менингит, менингоэнцефалит, энцефалит, невралгия деген жүйке дерттері де адам организміне түскен инфекциядан туындайды.

Эпидемиологиялық маусымның басталуына байланысты Нұрлыбек Мұстаев Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылдың 16 тамызында қабылдаған №7 қаулысын да атап өтті. Онда 2024-2025 жылдың эпидемиялық маусымына арналған санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу қағидаттары жазылған. Қысқаша тоқталып өтсек, енді білім беру ұйымдарында санитариялық дезинфекциялық режімі күшейеді. Таңғы тексеріс кезінде ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтап, оларды медициналық пунктке жібереді. Аталмыш қаулының талаптарына сәйкес, білім беру ұйымдарының басшылары міндетті іс-шараларды толық қамтамасыз етуі қажет.

– Құрметті облыс тұрғындары, жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін өздігінен емделмеуіңізді сұраймыз. Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алғашқы белгілері пайда болған кезде (қызу, бас ауруы, әлсіздік) міндетті түрде тұрғылықты жеріңіздегі медициналық мекемеге хабарласыңыз. Дәрігердің барлық ұсынысын орындаңыз, естеріңізге саламыз, барлық медициналық ұйымдарда бетперде тағу режімі енгізілді. Жедел респираторлық вирустық инфекцияларының алғашқы клиникалық белгілерімен емханаға барған кезде, бірден фильтр кабинетіне өту керек, – дейді Нұрлыбек Мұстаев.

 

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале