22.01.2025, 15:45
Оқылды: 21

Шыңғырлау ауданында ауылшаруашылық жиын өтті

Шыңғырлау ауданында аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан келелі жиын болды. Маңыздылығы сол, осы жиында ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламардың тиімді тұстарын түсіндіру және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер туралы айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жиынды  аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев жүргізіп, агроөнеркәсіп кешенін жүйелі қаржыландыру, белсенді индустрияландыру, саладағы ғылым бағытын өркендетіп, жаңа технологияларды енгізу, шаруашылық құрылымдарына, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге ауылшаруашылығы техникаларының қолжетімділігі мәселесі, облыстағы ауылшаруашылық саласының экспорттық әлеуетін күшейту аясында жұмыстану тұрғысында баяндамалар жасалып, толыққанды түсінік берілді.

Изображение WhatsApp 2025-01-22 в 09.45.36_df5df8a8

Аудандығы ауылшаруашылығы бағытындағы жасалынған жұмыстар мен нәтижелер тұрғысында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы баяндама жасап өтті. Қазір аудандағы ірі қара саны 53542, ұсақ, мүйізді түлік саны-47054, жылқы- 12572 басты құрайды.

474220447_18125378614405996_321996912937083824_n

Асыл тұқымды мал өсірумен 34 шаруашылық жұмыстанып отыр, яғни бұл сала 2023 жылмен салыстырғанда 8 шаруашылыққа көбейген. Оның 29-ы ірі қара мал басын, 5-уі ұсақ малдарды асылдандарумен айналысып келеді. 1000 бас бұқашық бордақылауға арналған бордақылау алыңының іске қосылуы да өткен 2024 жылдың жемісі.

474565667_18125378725405996_1062989199085047246_n

7 мың 228 га жерге дәнді дақылдар егіліп, бидай, арпа, тары, дәнді  құмай (сорго), жасымық (чечевица) өсірілген. Күздік дәнді дақылдар да бар. Сондай-ақ, мақсары, күнбағыс құрайтын майлы дақылдар 4 мың 291 га. Бұдан басқа бір және көпжылдық шөптер, картоп, көкөніс секілді бау-бақша дақылдары егілген. Жалпы, өсімдік шаруашылығы, егістік көлемі 39 мың 522 га -ды құрап отыр. 136 мың тонна мал азығы дайындалған. 45 трактор, 1 комбаин, 34 қосалқы агрегаттар сатып алынған. Осы есеппен алған ауданның ауылшаруашылық құрылымдарының техникалық паркі 42 %-ға жаңартылып отыр.

Облыс орталығынан келген сала басшылары да өз салалары бағытында жоспарларымен, белгіленген межелері, жаңа өзгерістер туралы баяндады.

Алдағы уақытқа жоспарланған ауылшаруашылығы дақылдарының, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, техникалық паркті 6,5 пайызға жаңарту, элиталық тұқымдарын үлесін 4,7 пайызға арттыру, ескі ауылшаруашылық тракторларын есептен шығару, 1120т минералды тыңайтқыштар енгізу туралы айтылды.

Сондай-ақ, шаруашылықтарды күшейтуге берілетін нысаналы бюджеттік кредиттер мақсаты туралы, бұл несиелерді алу шарттары туралы да айтылып өтті. Айталық, нысаналы кредит тауарлық сүт фермаларын (қуаты 400 бастан бастап) дамытуға, етті бағыттағы мал шаруашылығын қолдауға (5000 бастан бастап), көкөніс қоймаларын, жеміс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап) қолдау, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылғына, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарына, жылдық қуаттылығы 25 тоннадан басталатын тауарлық балық және су жануарларын өсіру шаруашылықтарына және өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1 тоннадан басталатын балықты аршу, тазалау және тереңдете өңдейтін, сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындарына, сондай-ақ, АӨК саласындағы жобалар бойынша буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындары, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын (шашыратып, тамшылатып суғару) пайдалану, суармалы егіншілікті құру немесе кеңейту бағытында беріледі. Ал, оның шарттары мынадай: кредит мерзімі-10 жылға дейін, кредиттің ең жоғары сомасы -5 миллиард теңгеден аспайды, номиналды сыйақы мөлшері-жылдық 2,5 %-дан аспайды, кепілмен 100% қамтамасыз етіледі, негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік 24 айдан аспайды, дайын тұрған жобалық-сметалық құжаттардың (ПСД) болуы.

474592703_2044191725992585_3028747210102872670_n

Көптің көкейіндегі маңызды сұрақ – шаруашылықтарға ветеринариялық- санитариялық қорытындының берілуі. Бұл құжаттың болуы субсидияның берілуі  мен экспорттық өнім шығару мүмкіндігіне жол ашады, сондықтан шаруашылықтар үшін аса маңызды тақырып. Бұл бағытта мал тұратын қора- жайдың елді-мекендердің ең шеткі нүктесіне 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуы, шаруашылыққа тиесілі аумақтың 2 метрден кем емес биіктікте қоршалуы, келіп-кетушілер үшін санитариялық өткізгіштермен қамтылуы, қақпалар алдында кіріп-шығушы транспорттар үшін дизбарьердің болуы, көң сақтайтын орындардың өндіріс ғимараттарынан кем дегенде 60 метр қашықта болуы секілді алғышарттар қатаң сақталады.

Жоғарыда аталған мәселелер ортаға салынған келелі жиыннан соң «Ауыл аманаты» жобасының аудан бойынша жүзеге асуы, оның нәтижелері, алдағы жоспарлар, округ әкімдеріне осы бағытта берілетін тапсырмалар жайы талқыланды.

Жиыннан соң, облыс орталығынан келген сала басшылары тұрғандарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауаптар берді.

Ауылшаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстар, өзгерістер, мәселелер мен жоспарлар талқыланған жиындардан кейін облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов және аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев бастаған топ аудан орталығында жақында ашылған жаңа кәсіптің жағдайымен танысты. Нақтырақ айсақ, былтырғы жылдың қараша айында шыңғырлаулық Нұрберген Байгутиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, «Керемет» азық-түлік және ет дүкенін ашқан болатын. Бағдарламамен алған қаржысына өзі қаражат қосып, үлкен тоңазытқыш, таразы, ет кесу арасы, еттартқыш техникаларын сатып алып дүкеннің бір бөлмесіне орнатса, екінші бөлмесінде азық-түлік пен ет өнімдерін сатып отыр.  Осылайша «Байгутиев» жеке кәсіпкерлігін ашып, тиімді бағадағы сапалы өнімдер ұсынып ауылдастарының ризашылығын алуда.

Жаңа кәсіптің жұмысымен танысқандар, кәсіпкердің ұсыныстарын тыңдап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысы Жасұлан Халиуллин, аудандық мекеме, бөлім басшылары бірқатар мал қыстақтарын аралап, жағдайларымен танысып шықты. Сапарды «Қыстаубай» қыстағынлағы «Усмангалиев» шаруа қожалығынан бастады. Ірі қара, жылқы малдарын өсіріп отырған қожалық, талаптарға сай барлық жағдайды жасап қойған. Қоралары мен сыртта мал қамайтын аулалары сайлаулы. Мал төлдерін қамайтын жап-жаңа сарай салынған. Кәсіпкерлер мал басын көбейтіп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Одан соң Жаңакүш ауылының арғы жағында орналасқан «Саға» шаруа қожалығына барды. Асыл тұқымды «Ангус» ірі қара мал басын өсіріп, кәсібін қыздырып отырған шаруалар жемісті еңбек етуде. Қоралары да, сыртқы аулалары да кең, шұбырған мал тығылыспай, еркін жүр. Малдардың қоңдылығы көз қуантады.

 Қожалық басшылары барлық жұмыстарымен таныстырып, қыстақтың жағдайын көрсетті. Жалпы, бұл шаруа қожалықтарының қысқы кезеңдегі хал-жағдайлары жақсы. Қыстақ қалыпты өтуде. Жаз бойғы еңбектің жемісі, мал азығы - қатар-қатар тізілген шөп қыстап шығуға артығымен жетеді. Жем-суы да уақытымен берілгендіктен малдар күйлі. Мал қоралары жинақы, таза, жып-жылы. Күн райы да шаруаларға қарасып тұрғандай.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале