Өткен жылдың қараша айында Астана қаласында самбо күресінен өткен әлем чемпионатында Тайпақтан түлеп ұшқан білекті балуан Армат Қабдолов жеңіс тұғырына көтеріліп, қола медальды қанжығасына байлады. Осы жеңісімен ол бүкіл ауылдастары, спортсүйер қауымның мерейін асырғаны шүбәсіз.
Жуырда ауылдастары спортшымен жүздесіп, оның құрметіне «Спорт – менің өмірім» атты шара өткізді. Оған Тайпақ ауылдық округі әкімі Болат Шәленов, мекеме, бөлім басшылары, спортшының ата-анасы мен Астана қаласы самбо федерациясының вице-президенті Мүслім Оңдағанов қатысты.
Алдымен сөз алған Болат Байғалиұлы спортшы жерлесін жетістігімен құттықтап, балуанның әкесіне шапан, анасына камзол кигізіп, шарқат жапты. Армат Расулұлының өзі де жеңістен алған әсерімен, келешекке жоспарларымен бөлісті. Осы жүздесуге арнайы келген Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мұхтар Таңатжан балуанға қошемет көрсетіп, сый-сияпатын табыстады.
Ал спорт жанашыры Мүслім Оңдағанов Арматқа келесі әлем чемпионатында бабы мен бағы келісіп, жеңіске жетсе, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстайтынын уәде етті. Сонымен қатар ол спортшыға ауылдастарының атынан 2 000 000 теңге қаржылай сертификат табыстады.
Тайпақ өңірі талай байрақты бәсекелерде топ жарған спортшылардың мекені екені әмбеге аян. Арматтың жеңісі жас спортшыларға жаңа белестерді бағындыруда үлкен жігер сыйлайтыны анық.
Әсем Есбек,
Ақжайық ауданы