23.01.2025, 10:15
Оқылды: 37

Қамыстыкөлдегі «Цех» немесе қамыс құрылыс тауарларына аналог бола ала ма?

Қазір нағыз қамыс шабатын шақ. Түп сабағына мұз қатқан қамыс та техникаға күш түсірмей құлай береді. Басқа басқа, Сырым ауданы, Қамыстыкөл қыстағында бұл кәсіп – дәстүрлі шаруашылық саналады. Қамыстың шаруашылықтағы қадесі қандай? Іргеміздегі байлықты неге бағаламай жүрміз? Бүгінгі әңгіме осы турасында болмақ.

Биыл қыс жайлы. Ызғырық жел, сары аяз енді басталды. Оған дейін ірі қара қораға кірмей аулада аунап жатты. Мал шаруашылығы күн көрісіне айналған ағайын үшін қыстың аяз, бораны қорқыныш емес. Азығы болса, болғаны. Дегенмен, қыс осылай өтеді екен деп жағаны жайлау салып отырған да жоқ. Себебі, қыс қаһарын көрсететін күндер әлі алда.

Қыстақтағы еңбекшілер  -“Бірде боран тынады,

Бірде қайта жыны ұстап,

Үсті-үстіне ұрады

Құм мен қарды жаныштап.

Теп-тегіс қып сайыңды,

Төбе қырдан асады.

Үйеңкі мен қайыңды

Желкесінен басады.”- деген, Қадыр ақынның өлеңдерінде кездесетін суреттерді тірідей көретін кездер болмайды емес, болады.

Қазір шаруалар қаңтардың ақшуақ күндерін пайдаланып, ақпанның ақ боранына дайындық үстінде. Яғни жаз бойы дүрілдеп шөп шапқан темір тұлпарын қайта оталдырды. Қора-қопсы, үй айналаның барлығын қамыспен қоршап, желқуар жасауда. Желқуарларды әдетте биік қардан не қамыстан тұрғызады.

PHOTO-2025-01-22-16-57-27

Суда өскенмен, құрғақ,

жеңіл болғанмен, берік!

Бабаларымыз қамысты науқанында  шауып, жинап, буып, арбалап тасып, тұрмыстық қажеттіліктеріне және құрылыс материалы ретінде көптеген нәрсеге пайдаланған. Қамыстан салынған үй табиғи таза, жылы, құрғақ болады. Қамыс суда өскенімен ағашқа қарағанда әлдеқайда ылғалға төзімді, жеңіл болғанымен берік, мықты материал. Үйдің жылуын сақтап тұратын қамыспен үйдің төбесін жауып қана қоймай, қабырғаларын тұрғызуға да пайдаланған.  Ол - жылу ұстағыш таптырмас құрылыс материалы. Қамыс сабақтарын буып, бау-бақша да қоршаған.

PHOTO-2025-01-22-15-54-11

Борық деген не?

Қамыстың жер астындағы тамырын қазақ тілінде борық деп атайды. Борық - суда өсетін қамыс тәрізді өсімдіктің тамыры мен сабағының арасындағы шырынды, тәтті болып келетін сабағының түп жақ бөлігі.

Қызық ақпарат, біз қолмен ысырып, аяқпен тапап өтетін қамыстың осы бөлігінен қант өндіруге болады екен. Қамыс қантын Үндістанда жасай бастапты. Еуропаға бұл қант орта ғасырларда жетіп, ХІ-ХІІ ғасырларда әлемдік танымалдыққа ие болыпты. Қазірде әлемде өндірілетін қанттың 60 пайызы қамыстан, ал, 40 пайызы қызылшадан алынады екен. Қызылшаға қарағанда қамыс қантының пайдалы қасиеттері әлдеқайда көп көрінеді. Себебі, қоңыр қант клетчатка, микроэлементтер мен жүйке жүйесін реттейтін В дәруменіне бай. Қамыс қантындағы калий ағзадағы артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі. Қамыстан алынған қант түрінің құрамындағы кальций сүйектерді берік қылады. Қамыс қантындағы мырыш жалпы ағзаға пайдалы.

Бүгінде қолөнер дүкендерінде қамыстан тоқылған бас киім, орындық, ыдыс-аяқ,үстел, сөмке, жәшік секілді көптеген нәрселер сатылымға шығуда. Алайда, осы дүниелердің барлығы шетелдік адамдардың қолынан жасалғаны өкінішті. Қазақ шеберлерінің қолынан бұл кәсіп келмейді емес, келеді. Бірақ, құнттамаймыз.

Қамыс беріктігі, ылғалға төзімділігі, өңдеуге жеңілдігі мен экологиялық жағынан таза болғандықтан жоғары сұранысқа ие.

Қамыс тек құрылыс материалы мен қолөнер бұйымы емес азық-түлік, өңделген мал азығы, қағаз өнеркәсібі, отын ретінде қолдануға болатын шығынсыз өсірілетін ерекше өсімдік.

PHOTO-2025-01-22-16-57-31

Қамыстың отаны – қамыстыкөл!

Балық аулайтын адамды балықшы, егін егетін адамды егінші дейміз. Ал, қамыс шабатын адамды ше? «Қамысшы» десек, қазақ лексиконына жаңа сөз қосармыз ба екен? Олай болса, Сырым ауданы, Қамыстыкөл елді-мекенінің тұрғыны Асылбек Китаровты «қамысшы» деп таныстырғанды жөн көрдік.

Асекең қыс болса, қамыстың арасына кіріп кетеді. Шабады, жинайды, буып, плиталар жасайды. Былай айтқанда, шағын «цехы» бар далада. Өнімін ел сұраныспен сатып алады.

Өзінің айтуынша, қамыс шаруашылығына 20 жылдан астам уақытын арнаған.Бүгінгі күнге дейін ауылдық округтерді айтпағанда Орал, Ақсай, Шыңғырлау, Тайпақ, секілді көптеген аудандарға қамыс жеткізіп үлгерген.Ол, ауданымыздағы Жамбыл, Өлеңті, Шідерті сияқты өзен,сай-салалардың қамысын механикалық орақ тіркемесі бар трактормен шауып келеді.

Оның көп жылдық тәжірибесіне сүйенсек 100 гектар қамысты алқаптан  1 миллион бумаға жуық қамыс өндіруге болатынын айтады. Бұл дегеніміз қамыстың өнімді, тығыз өсетінін көрсетеді.

  • Қамысты қыс айларында су қатқан уақытта шауып,буып жинайды.Ал, сатылымға көктем, жаз айларында шығарса болады”- дейді, шаруа. Ол, соңғы 2-3 жыл көлемінде аудан төңірегіндегі қамыс шабу кәсібін тоқтатты. Өйткені,қамыс жылма-жыл шабыла берсе өз қалыбын, өсімталдығы мен беріктігін жоғалту қаупі бар дейді. Асылбек қамысты шабуын тоқтатқанымен, сатуын тоқтатпады. Буған плиталары дайын тұр. Іргедегі алқапқа «демалыс жариялап», қамысты Қаратөбе ауданынан тасымалдауда кейінгі кезде. Қазіргі нарықта бір бума қамыстың бағасы 1800-2000 теңгені құрайды.

Қол жұмысын автоматтандырса...

Қамыстың құрылыс материалдарына аналог болуға толық мүмкіндігі бар. Қамыстан қабырға жасап, үй салсаң, тасқа кететін ақшаңды үнемдейсің. Қора - қопсыңның төбесін қымтасаң, әйнек араласқан құрылыс мақтасына қаражат жоймайсың. Аула қоршасаң, темір жабындарға кететін шығын қалтаңда қалады дегендей. Айта берсең, көп.

Шебер, еңбекқор жігіттер жоқ емес, бар!

Шабуын шапқанмен, буу, қалыптау шаруаларын қолмен атқарып жүр. Міне, осы жұмыстарды автоматтандырса, Қамыстыкөл жақтан цех ашуға мүмкіндік туар еді.
Біздің ойымыз, «Ауыл аманаты» сияқты халықтың табысын арттыруға арналған  бағдарламалар не кәсіпті ынталандыруға арналған гранттар неге қамыс шаруашылығын бизнес көзі ретінде қарамайды екен?

 

Қоңдыкер Елеуов,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале