Халқымызда «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген әдемі тәмсіл сөз бар. Ежелден көшпенді халқымыз құнттаған осы шаруашылықтың арқасында дастархан адал асқа толы, киімі жылы, төсеніші де қалың болды емес пе?!, Жүні мен терісі, еті, сүті сан ғасырлар бабаларымыздың пайдасына жараған Шопан ата түлігін қалай бағаласаң да, лайықты.
«Кезінде қой баққан шопандардың тұрмысы колхоз председателінен жақсы болатын», «қойшы болып, құйрық май жегенге не жетер, шіркін?!» деп үлкендеріміз де өткенді жиі еске түсіріп отырады. Шынтуайтына келгенде, «қой бақ, ырысыңды осы шаруашылықпен арттыр» деп айту ауызға ғана жеңіл. Оның қанша қиыншылығы бар, бағып-күтуің, қысқа шөбін дайындау, қырқу, жарақатын емдеу, түз тағысына жем қылмай, басын көбейту, еті мен жүні, терісін пайдаға жарату – бұның бәрі алып еңбекті талап етеді.
Осындайда қызметі шаш ететін бұл шаруамен көзін ашып, самайына ақ түскенше айналысқан жандарды қалайша өзгеге үлгі етпейсің. Солардың бірі – ата кәсіпті жалғап, әке таяғын ұстап қалып, бүгін де қой шаруашылығын өрістетіп жүрген қарауылтөбелік Махамбет Қалкиев. Алпысты алқымдағанымен, әлі де ат үстінен түспеген кәсіпке мығым азамат жылдың төрт мезгілінде келетін қиындықтарға еш мойымай, еңбек етудің шынайы үлгісін көрсетіп келеді.
Махамбет кім? Ол – ескі атауымен қалған «Коммунизм» деген қыстақта қой өсіріп, жанұясын асырап, балаларын аяққа тұрғызған дала еңбеккері. Әкесі Ораш та Кеңес үкіметі уақытынан мал бағып, атағы алысқа кеткен шопан болыпты. «Әке көрген оқ жонардың» нышаны – Махамбет ат жалын тартып мінген азамат болғалы, берекелі шаруашылықтың тірлігін жандандыруда. «Мектепті қалай бітірдік, ертеңінен мал шаруашылығының жұмысына араластық. Ата кәсіппен айналысқаныма отыз жылға таяп қалыпты. Иелігімде қойдың саны басым, өйткені әкемізден көрген, үйренген іс, бағып-күтуін жақсы білемін. Қазір бес балам бар, жиен сүйіп отырмын. Осы кәсіптің арқасында соларды адам қылдық, өсірдік, оқыттық, үй қылдық. Адам өмірін өзі жасайды ғой. Тек адал еңбек, маңдай термен келеді ырыс-береке», – дейді сөзге сараң болса да, ісіне бекем Махамбет Орашұлы.
Ала таңмен тұрып, бір отар қойды жайылымға шығарып, кеште ғана үйіне қайтады – бұл кейіпкеріміздің күн сайын қайталанатын қызметі. Одан бөлек, түнде ит-құстың қораға түспеуін қапысыз бақылап, уақтылы жем-шөбін беру керек. Осыдан-ақ шопанның кәсібіне адалдығын, қиындықтарға төзімділігін байқауға болады. Қазір 150-ге жуық қой-ешкісі бар кейіпкеріміздің өзінің арнайы техникасы жоқ. Бірақ соған қарамастан тракторы бар адамды жалдап, қыстақ маңынан малына қыстық азығын дайындап алады. Қазір қорада 500 орамаға жуық шөп үйіліп тұр. Кәрі құданың қай уақытта қаһарын төгері белгісіз, сондықтан бір қысқа жетіп артылатын жем-шөбі болуын қамдайды шаруа.
Қойшы үшін ең жауапты кезең сақман ғой, қой төлдету науқаны. Көзкөргендердің айтуынша, марқұм әкесі Ораш осы науқаннан шығынсыз шығатын көрінеді. Сол әкеден алған тәлімі, өзінің де жылдар жүзінде жинақтаған тәжірибесі бар – сақманда малсақ шаруа құс ұйқылы жүрсе де, қоржынын қозыға толтырып жүр.
«Адамның жақсысы жомарт» деген халқымыз. Жұртшылыққа жақсылық жасадым деп жар салмаса да, Махамбет Орашұлы шамасы келгенше, қайырымды қарекеттен қалыс қалып көрген жоқ. Ауылда өткен шараларға демеуші болып, жақсы істің де басы-қасынан көрінуге тырысып келеді. Кейіпкеріміздің елгезектігі, қарапайымдылығын ауылдық округ әкімі Жәнібек Әбіров аша түсті.
– Махамбет ағамыз өте қарапайым, сонымен қатар алғыр адам ғой. Өткен жылдың алғашқы боранында ығып кеткен малды қайтарамын деп адасып кетті. Біз таңға дейін даланы шарлап іздедік, енді таппасбыз деп үміт үзе бастаған едік, таңғы жетіде көлігіміздің алдынан шыға келмесі бар ма?! Түні бойы ақ боран, малдың соңында жүрген оның бір қорқып, үрейленгенін байқамадық сол кезде. Бұл ағамыздың өз ісінің адалдығы – өзгеге үлгі тұтарлық. Өйткені жиырма бес жылға жуық осы кісі отырған күтірде жарық болмады. Соған қарамастан, шаруашылығын өрістетіп, ата кәсіптен түскен табыспен ұрпағын өсірді, – дейді ауыл басшысы.
Былтыр Қарауылтөбеде алғаш рет еңбек адамдарын марапаттау салтанаты өтіпті. Сол шарада Махамбет Қалкиевке «Ең үздік шопан» аталымы берілгенде, зал толы көрермен аяғынан тік тұрып, бек құрмет көрсетіпті.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы