Сейсенбі күні Орал қаласындағы Юрий Гагарин атындағы балалар кинотеатрының залында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті. Кәмелетке толмағандарды ойынқұмарлық, буллинг, лудомания сынды зиянды әрекеттерден аулақ болуды, жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға, бір-біріне көмектесу, достық қарым-қатынасты нығайтуға шақыру мақсатында ұйымдастырылған шара еркін сипатта өтті. Оған БҚО прокурорының аға көмекшісі Жанар Иманғалиева, самбо күресінен жастар арасынан әлем шемпионы Ерасыл Бақыт, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшы орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев, студент және жұмысшы жастар қатысты.
Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Жанар Иманғалиеваның айтуынша, былтыр кәмелетке толмағандар 112 қылмыс жасаған.
– Негізінен, жастар ұрлық, тонау, әлімжеттік жасау, яғни ҚР ҚК 194-бабында көрсетілген «Қорқытып алу» сияқты құқықбұзушылыққа жиі барады. Мұндай қылмысқа барған жандар 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе сол мерзімге шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салғым келеді. Сондай-ақ оқу орындарында бұзақылық деректері көптеп кездеседі. Өткен жылдан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілді, осыған байланысты бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, кәмелетке толмаған балаға қатысты бұзақылық жасау 10 АЕК (39320 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе ескерту жасауға әкеп соғады. Ал 12-16 жас аралығындағы жастар бұзақылық жасаған жағдайда олардың ата-аналары жауапқа тартылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бірнеше рет жасалған қылмыс үшін 30 АЕК немесе 117 960 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, – деді Ж. Иманғалиева.
Прокурор көмекшісінің айтуынша, биыл жыл басынан бері кәмелетке толмағандар 18 қылмыс жасаған. Сондай-ақ Жанар Өмірғалиқызы «Бұзақылықты тоқтату» жүйесі туралы айтып берді. «Komek Stop Bullying» жобасы оқу орындарында бұзақылық пен зорлық-зомбылық құбылысына қарсы іс-қимылдың тиімді құралына айналып үлгерген. Аталған жобаны iске асырғанының арқасында оқушылар мен оқытушылардың өзара iс-қимылын жақсартуға, сонымен бiрге мектеп ішінде қауiпсiз және қолайлы жағдай жасауға ықпал етедi. «Komek Stop Bullying» жобасы бұзақылықпен тиімді күресуге, сондай-ақ оқушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал етеді, бұл өз кезегінде олардың эмоциялық әл-ауқатын жақсартады.
Құмар ойындарға тәуелді-лік те осы күні үлкен мәселеге айналды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ең қауіптісі, әлеуметтік кемшіліктердің бірі құмар ойындарға тәуелділік болып отыр. Лудомания көптеген азаматты қарызға белшеден батырды. Отбасының шырқын бұзады, қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсау деректерін көбейткені жасырын емес. Интернеттің дамуымен құмар ойындарға тәуелділік проблемасы артты. Бұл бүтін бір ұлтымыздың болашағына қауіп төндіретін әлеуметтік пандемия бола бастады. Осыған байланысты осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар шешуші қадамдар жасалды.
– Статистикаға сүйенсек, жастардың көбі ауыл мекте-бін бітіргеннен кейін ЖОО-ға немесе колледждерге барады. Өкінішке орай, бұл жерде нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік сияқты қауіпті құбылыстарды кездестіруге болады. Сондықтан біз жастарды ескерту мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырдық. Сондай-ақ түнгі уақытта рейдтер күшейтіледі. Құқық қорғау құрылымдарымен келісілген іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдағы уақытта да бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді Батыс Қазақстан облысының жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев.
Кездесу барысында жастар толғандыратын сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»