23.01.2025, 15:15
Оқылды: 31

Облыста картоп қоры жеткілікті

Жуырда кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, БҚО сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова және жауапты мамандар арнайы рейд ұйымдастырып, көкөніс құнына мониторинг жүргізді. Бірнеше қойма мен ірі сауда орындарында болған мамандар тұрақтандыру қорындағы картоптың келісі 138 теңгеден сатылатынын айтты. Жауапты мамандардың айтуынша, өңір қоймаларында мамыр айына дейін жететін қор бар.

ЖП сельхоз ярмарка (3)

Тиісті мекеме мамандары бағаның өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтады. Кей орындардағы бағаның алақұлалығы көкөністі жеткізушілердің қойған бағасы себебінен болып отыр. Әр тұрғын қалтасына қарап сатып алатыны белгілі. Десе де мамандар тұрақтандыру қорынан жеткізілетін азық-түлік пен көкөніс бағасын ұдайы бақылауда ұстайды.

– Біз ірі сауда орындарындағы ғана емес, базарлар мен шағын дүкендердегі бағаға да мониторинг жүргіземіз. Қолдан қымбаттату дерегі тіркелген жағдайда заң аясында әкімшілік жаза қарастырылған. Былтыр желтоқсан айында екі заң­бұзушылық анықталды. Көкөніс бағасын қымбаттатқан екі сауда орнының басшысына қатысты әкімшілік жаза қолданылды, – дейді Эльмира Қиматова.

Күн сайын тұрақтандыру қорының қоймаларынан сауда орындарына 15-20 тонна картоп жеткізіледі. Кәсіпкерлермен келісім жасалған. Қоймадағы картопты алып отырған кәсіпкерлер де өнімнің сапасы көңілден шығатынын айтады.

– Қоймамызда 3000 тонна көкөніс сақтай аламыз. Заманауи талапқа сай тұрғызылған қойма тоңазытқыштармен жабдықталған. Сондықтан біз сақтап отырған картоп пен пияз жазға дейін бұзылмайды, – дейді кәсіпкер Рамазан Мұсаев.

Былтыр шаруалар 49 500 тонна картоп өндірді. Оның бір бөлігі «Аqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында сақтаулы тұр. Белгіленген бағамен сауда орындарына жеткізіледі. Ондай сауда орындарының саны 60-тан асады.

– Картоп 136-139 теңгеден сатылып жатыр. Барлық картоп заманауи көкөніс қоймаларында сақтаулы тұр. Мұндағы бақша өнімінің сапасы жақсы. Өйткені қоймада картоп сұрыпталады. Уағын бөлек, тауарлық картопты бөлек сақтаймыз. Картоптың бағасы өскені жайында ақпарат көптеп таралып жатыр. Сауда жасаған тұрғындар ірі картопты алып кетеді де, уағы сөреде қалып қоюда. Енді біз бұрынғыдай қаппен емес, арнайы пакеттерге бөліп салуды қолға алдық, – дейді «Аqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев азықтүлікпен халықты тұрақты қамтамасыз ету үшін қаладағы 50-ден астам супермаркеттермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын айтты. «Алтындар», «Пешеход» және басқа да ірі сауда орындары тұрақтандыру қорынан алынған картопты саудаға шығаруда.

– Баға өсті деген сөз шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені барлығы бақылауда, тіпті облыс әкімінің өзі қажетті көкөніс бағасының өспеуін қадағалауда, – деді Нұржан Өтепбаев.

Жергілікті өнім шетке шы­ғып кетеді деуге негіз жоқ. Өйткені ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында картопты басқа елге шығаруға 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданған. Ол шаралар аталған көкөніс бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале