25.01.2025, 11:00
Оқылды: 401

«Жұмысшы мамандардың беделін көтеруіміз керек» - Марат Тоқжанов

Қазір Бәйтеректе 198 бос жұмыс орын бар. Соның 30-35-і ауыл шаруашылығы саласымен байланысты. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылында осынау кәсіп иелері жұмысқа орналасқаны маңызды.

IMG_20250124_234231_389

Бұл туралы Переметный ауылында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі кезінде аудан әкімі Марат Тоқжанов мәлімдеді.

e135583a-d80a-4aa8-8110-66743433f899
- Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – еңбек адамдарының беделін көтеру. Көпшіліктің психологиясында жоғары білім алған адам өмірде өз орнын табады деген ой бар. Бүгінде ЖОО-ны тәмамдаған азаматтардың да жұмыс іздеп әлекке түсуі бұл ойдың дұрыс еместігін көрсетуде. Осындай жайттардың әсерінен қарапайым еңбек адамына көңіл аз бөлінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға мән берген жөн. Яғни жұмысшы мамандығын алған азаматтардың беделін көтеруіміз керек,- дейді Марат Лұқпанұлы.
Аудандық мансап орталығы мен жастар рестурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға 30-ға жуық жұмыс беруші келді. Ал екі қолға бір күрек іздегендер арасында аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектігі бар жандармен қатар, борышкерлер, пробация қызметі есебінде тұрғандар да болды. Ұйымдастырушылар іс-шара барысында жұмыс іздеушілерге жалақы, еңбек шарты мен қауіпсіздігі, көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде толық мағлұматтар берді.

IMG_20250124_234222_828
- Негізгі мамандығым заңгер. Бұл салада екі жыл еңбек еттім. Қазір жұмыссызбын. Десе де өзімнің жеке кәсібім бар. Нақтылап айтсам, автокөлікті жөндеумен айналысамын. Арнайы орталық аштым. Дегенмен де өзім мемлекеттік қызметте жұмыс жасағым келеді. Жұмыс жәрмеңкесі туралы естіп, бағымды сынап келдім. Бірнеше мекемеге жолықтым, түйіндемемді қалдырдым. Енді жауабын күтемін. Осындай іс-шара көптеп ұйымдастырылса және кеңінен насихатталса, жұмыссыздар қатары азаярына сенімдімін, - дейді Переметный ауылының тұрғыны Армат Татығұлов.

Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале