5.02.2025, 17:00
Оқылды: 412

Этникалық қазақтарды тарихи отанымен байланысын нығайту және елге програссивті қоғам тарту

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап 2025 жылға дейін 1 148 000 қандасымыз тарихи отанына оралған. Өткен жылы Қазақстан бойынша 18 мыңға жуық қоныс аударушы қандас мәртебесіне ие болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9653 адам деп бекітілген болатын.

image

Сурет: smi24.kz

Олардың 7344-і ел ішіндегі қоныстанушыларға болса, 2309-ы қандастарды қабылдау үшін. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға көп. Шет мемлекеттерде тұратын отандастарымызды Батыс Қазақстан облысына қоныстандыру үшін 30 квота бөлінді. Елімізде қолға алынған бірнеше бағдарлама аясында отанына көшіп келемін деген ниетті азаматтар мен отбасылар тұрғын үймен қамтылып, жұмысқа орналастырылады. Сондай- ақ жеке кәсібін ашу үшін қоныстану аймағын таңдау құқығына ие.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген мемлекеттік қолдаулар:

  • Отбасының әр мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем (2025 жылғы 1АЕК (айлық есептік көрсеткіш) – 3932 теңге);

– 12 ай ішінде бір отбасына 15- тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды жабу үшін субсидиялар;

– Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

– Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

– Тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға ақшалай төлем ретінде 4 миллион теңгеге дейін ұтқырлық сертификатын беру.

Қандастарға көрсетілетін қолдау бағдарламаның бірі – «Ата жолы» картасы. Бұл арқылы шетелде тұратын этникалық қазақтар еш қиындықсыз атамекеніне кіру мүмкіндігіне ие болады.  Карта иегерлеріне құжат берілген күннен бастап 10 жыл мерзімге жарамды және сол уақыт аралығында Қазақстанда тұруға болады. Сонымен қатар өзге мемлекеттерде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасының иегері атанса да, өзінін  шетел азаматтығын сақтайды. «Ата жолы» картасы негізінде олар тарихи отанымен байланысын нығайтып, Қазақстанда кәсібін ашып, оны дөңгелетуге мүмкіндігі бар.

БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Ерболат Сағыновтың мәліметінше, соңғы төрт жылда (2020- 2024 жылдар аралығында) облысымызға 495 отбасы, 719 адам қоныс аударған. Олардың дені Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Украина, Беларусия  және алыс-жақын шет мемлекеттерден көшіп келген. Қандас мәртебесін алған этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

–  Қандастар кәсіптік даярлықтан өтіп, өзінін оқыған саласы бойынша біліктілігін арттырып, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Оларға зейнетақы мен жәрдемақы төленеді. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен қамтылады. Мемлекеттік тұрғын үй кезегіне «қандастар» санатымен тіркеледі. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 280 бұйрығына сәйкес, шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін "Ата жолы" картасы бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. 2023 жылы алтыншы қарашада Ресей Федерациясында тұратын ерлі- зайыптының өтінімі қабылданып, «Ата жолы» картасын алуға шешім берілді. 2024 жылы «Ата жолы» картасын алуға үміткерлер болған жоқ.

БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі негізінде құрастырылған ақпаркесте:

Жылы Облысқа келген этникалық қазақтар саны Жоғары білімі барлар Орта кәсіптік білімі барлар Тұрақты жұмысқа орналасқандары
2020 жылы 25 адам 6 адам 22 адам 24 адам
2021 жылы 62 адам 2 адам 22 адам 24 адам
2022 жылы 332 адам 141 адам 168 адам 125 адам
2023 жылы 184 адам 50 адам 84 адам 134 адам
2024 жылы 126 адам 34 адам 56 адам 90 адам

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале