8.02.2025, 21:13
Оқылды: 405

Шыңғырлауда еңбегі елеулі тілшімен кездесу кеші өтті

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудандық «Серпін» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Үздік баспасөз қызметкері» төсбелгісінің иегері – Гүлшат Ибрагимқызы Ботанованың мерейлі 60 жасқа толуына орай «Парасат пернесі» атты кездесу кеші өтті.

image-07-02-25-07-34-6

Адал еңбекпен, өнегелі істерімен көпке сыйлы болған жанмен сұхбаттасып, өмірінен үлгі, тәлімінен тағлым алып, оның өмір-жолымен, адами ұстанымы, ғұмырлық ой-түйіндерімен танысып, өзімізге, жаңа толқын – жастарға дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған мазмұнды кеш өте жоғары деңгейде өтті.

Қонақтар қатарында ақпарат саласын қадағалаушы, аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы, «Аmanat» партиясы аудандық филиалының басшысы Азамат Құлымжанұлы, ақпарат саласының ардагерлері - Адақ Танабайұлы, Ақмарал Бақытқызы, Татьяна Геннадьевна, Надежда Григорьевна, Сәлима Қаратауова, ақсақалдар кеңесі төрағасы Сабыр Сәмиұлы бастаған аудан үлкендері, аудан газетінде елеулі қызмет еткен Бақыт Баймағамбетова, аудандық теледидарда диктор болып жасаған Ләйла Халелқызы, жалпы аудан ақпараты, тыныс-тіршілігінен әрдайым хабардар, аудан басылымына шынайы жанашыр жандар – бірнеше бөлім басшылары, баспасөз саласының қызметкерлері болды.
Тілек білдірушілердің алдын бастаған Азамат Тәңірбергенұлы аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, кеш иесінің иығына шапан жауып, Алғысхат табыстады. Кездесу қонақтары да құттықтау хаттары мен сыйлықтарын табыстап, ақжарма тілектерін жеткізіп жатты. Бұдан басқа, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткеннің, «Аmanat» пртиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязовтың, сондай-ақ газеттің бұрынғы редакторы Анар Садықованың атынан да құттықтаулар мен Алғысхаттары,«Жайық Пресс» ЖШС әкімшілігі тарапынан қаржылай сыйақы табыс етілді. Кеш барысында кейіпкердің өмір жолы мен еңбек жолынан үзінді ретінде бейнебаян мен кешке келе алмай қалған шалғайдағы жақын достарының, жанашыр, тілектес жандардың құттықтау-сәлемдемелері көрсетілді.

image-07-02-25-07-34-2
Өткен ғасырдың отыз сегізінші жылы «Социалистік жол» газеті боп бастап, кейін «Серпін» атауын алған басылымға биыл 87 жыл толып отыр. Қаламы қарымды тілші, "Серпін" газетінің жауапты хатшысы Гүлшат Ботанова осы газетте 35 жыл табан аудармай қызмет етіп, өлшеусіз еңбегін сіңірді. Адал еңбек пен ақыл-парасатының арқасында жанына кіл жақсыны жинап, абыройдың биігіне шыққан. Бұған жүздесу кешіне құшақ-құшақ гүлдері мен сый-сыяпаттарын ала келген жандардың ақтарыла айтқан ақ тілектерін естіп, шынайы ақ пейілдерін көріп, куә болдық. Мереке иесі де өзінің еңбек жолындағы әріптестерін, сыйлас жандар туралы естеліктерімен бөлісіп, әдемі әңгіме өрбітті.
Керемет әсерлі кеш те мәресіне жетіп, барша жиналған қауым естелік суретке түсіп, кеш құрметіне арналған шағын дастарханнан дәм татып, қимай-қимай тарасты.

image-07-02-25-07-34-5

Адал еңбектің жүгін тартып, абыройдың алтын тәжін киген ардақты әріптесіміз – Гүлшат Ибрагимқызының 60 жасқа толған мерейлі мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз!

Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале