... 1944 жылдың 18-інші тамызы. Алты адамнан тұратын барлаушылар тобының гвардия сержанты Қайырғазы Имашев жауынгер Апальковтың гвардиясымен бірге жау тылында он гитлершіл мінген көлікке шабуыл жасады. Ойда-жоқта тосқауылға тап болып, алды-артына қарамай қашқан немістердің артынан қалмай қуалаған Қайырғазы екеуінің көзін жойды. Мұнымен қоса жаудың «Тигр» танкісі мен маңызды әскери құжаттарын қолға түсіруде де асқан ептілік пен қырағалық танытты. Гвардия сержантының бұл жауынгерлік ерлік ісі ескерусіз қалмай, Қайырғазы Имашев III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды (табыс етілмеді).

1944 жылдың тамызы. Қан майданның нағыз қызған шағы. Мельник бастаған барлаушылар тобына Польшаның астанасы Варшава қаласынан 27 шақырымда жатқан Воля Раштовск елді мекеніндегі жау бекінісін талқандауға жауынгерлік тапсырма берілді. Нағыз ержүрек те қаһарман жауынгерлер бұл тапсырманы мүлтіксіз орындап, жау бекінісіне басып кіріп, тас-талқанын шығарды. Гвардия сержанты Қайырғазы Имашев жаудың окобына бірінші болып еніп, автоматпен оқ атқылап, бір өзі 12 гитлершілді жер жастандырып, біреуін тұтқынға алды. Қолға түскен тұтқын фашистердің әскери құпиясынан құнды деректерді жайып салды. Сонымен қоса қарсыластарының пулеметін де олжа қылған сержант Қайырғазы II дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Алайда ол 96- атқыштар корпусының бұйрығымен III дәрежелі Даңқ орденіне лайық деп танылды.

1944 жыл. 10 қазан. Польшаның Непорент деревнясы. Барлаушылар бөлімшесі жаудың алғы шебін барлауға бұйрық алды. Аға сержант Қайырғазы Имашев майдандастарымен бірге Непорент ауылына баса-көктеп кіріп, жаяу әскердің алға жылжуына кедергі болған фашистердің дзоты мен гарнизонын танкіге қарсы гранатамен жарып жіберді.
11 қазан. Бұл күні де аға сержант Қайырғазы жаудың тағы бір дзотының көзін жойды. Осылай ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Қайырғазы Имашевтің өңіріне әскери басшылық II дәрежелі Даңқ орденін тақты.
1945 жыл. 25 қаңтар. Қайырғазы Имашев қарсы шабуыл кезінде жаудың пулемет есеп тобын жойып, бір офицер мен төрт жауынгерін тұтқынға алды. Осылайша ол көзсіз батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болды.
Соғыстың соңғы айлары. Ұлы Жеңістің таңы атар күн де таяу. Қанқұйлы 45-тің наурызы. Гитлерлік Германия жеріндегі Жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен ұрыстардың бірі. 110-атқыштар полкінің барлау тобы командирі (38-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 70-армия, 2-Белорусь фронты), гвардия аға сержанты Қайырғазы Имашев Сварингац елді мекенін басып алу үшін Брис-Флис өзенінің қарсы жағалауындағы жаудың бекінісін жою барысында өз өмірін тәуекелге тігіп, өзеннен кешіп өтіп, немістердің атыс нүктесіне кенеттен шабуыл жасап, қол гранатасымен жаудың екі пулеметін жойып, 13 сарбазын өлтіріп, алтауын тұтқынға алды. Сонымен қоса қарсыластарының екі қол пулеметін олжалаған Қайырғазы батыр біздің бөлімшеге өзеннен еш шығынсыз өтуге және Сварингац елді мекенін басып алуға мүмкіндік жасады. Осы батылдығы мен тапқырлығы, жанқиярлығы мен жанкештілігі үшін 1945 жылдың 29 маусымы күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығымен I дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Осылайша батыр барлаушы Қайырғазы Имашев Даңқ орденінің толық кавалері атанды.
Бас-аяғы бір жылға жетер-жетпес уақытта I, II, III дәрежелі Даңқ және II дәрежелі Отан соғысы ордендерін қатар алып, Кеңес Одағының Батырымен теңескен Қайырғазы Имашев кім? Ол – менің жерлесім, әжем Күләштің ағасы, туыс атам.
Қайырғазы Имашев 1924 жылы Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының Саралжын-Құрманкөл ауылында дүниеге келген. Әке-шешеден ерте айырылған ол жетімдер үйінде өсті. Мектепті тәмамдаған соң бірден еңбекке араласты. Дүниені дүр сілкіндіріп, талай шаңырақты шайқалтып, ананы ұлынан, баланы әкесінен айырған сұм соғыс басталғанда 17 жаста ғана болған бозбала 42-нің басында 18- ге толысымен майданға аттанды. Барлаушылар мектебінде оқып, алдағы ауыр да жауапты ісіне дайындықтан өтті. Сол жылдың наурызында ұрысқа кірісті.
Қайратты, қимылы тез, ойы оралымды жас жігіт командирлерінің назарына бірден ілікті. Қайырғазы көп кешікпей барлаушылар бөлімшесінің командирі болды. Атауынан көрініп тұрғандай, барлаушы – әскери бөлім, бөлімше штабының көзі мен құлағы. Шабуыл тұсында болсын, қорғаныс кезінде болсын, ешбір үлкенді-кішілі командирлер барлау мәліметтерінсіз қия баспайды.
Сержант Қайырғазы Имашев Орталық, 1-Беларусь, 2-Беларусь майдандарында соғысты. Өз бөлімшесімен 30 рет жау тылында болып, жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Жаужүрек барлаушының атағы 38-гвардиялық дивизиядан асып, армия, тіпті тұтас майдан көлеміне тарап кетті. Онымен тәжірибе алмасуға басқа құрамалардан барлаушылар жиі келіп тұрған екен. Батыр барлаушы Қайырғазы Имашевтің ерлік істерін паш еткен плакат, парақшалар да шығарылады. Оның майдандағы ерлігін жоғарыда соғыс даласынан келтірілген үзінділер айғақтап тұр емес пе? Тіпті майдан даласындағы көрсеткен ерлік істері бір кітапқа жүк болардай.
Соғыс біткеннен кейін ұзақ уақыт емделген Қайырғазы Имашев тек 1946 жылы ауылына оралды. Кейін облыс орталығы Орал қаласына ауысып, 1948- 1952 жылдар аралығында Орал құрылысмонтаж құрал-жабдығы зауытында еңбек етті. Бір жылдай қайтадан әскери қызметте болып, 1953 жылы Саратов облысының Озинки қаласына қоныс аударды.
Көптеген майдангер сияқты Қайырғазы атамыз да өткен соғыс туралы әңгімелеуді ұнатпайды екен. Соның ішінде әскери ерлігін айтудан үнемі бас тартатын болған. Кей-кейде соғыс жайында әңгіме бола қалса, ол былай дейтін көрінеді: «Біздің әскер шабуылға шыққанда, барлаушылар үнемі алда жүрді. Себебі олар қай жерде мина көмілгенін жақсы білетіндіктен, мүмкіндігінше қарулас дос-жолдастарын сақтандырып бақты. Ең бастысы – қаруластардың жау бекінісіне жетуі. Әрі қарай оларды дұшпан тоқтата алмайды».
Қайырғазы Имашев 1980 жылы қайтыс болды. Бүгінде барлаушының туған жеріндегі Казталов ауылы мен өмірінің соңғы жылдары тұрған Озинки стансасында Қайырғазы Имашев атындағы көшелер бар. Сондай-ақ Казталов мектепгимназиясында Қайырғазы Имашевқа арналып ескерткіш тақта орнатылып, арнайы бұрыш жасақталды. Бір өкініштісі, Құрманкөлден түлеп ұшып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлес барлаушы жөнінде казталовтықтардың көбі біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қайырғазы Имашевқа арнап аудандық музейде арнайы бұрыш жасақталып, білім-тәрбие орындарында ерлік сағаттары өткізілгені жөн. Батырға арнап ескерткіш тақта ашылғанда мектеп алдына оның бюстін орнату жоспарда бар деп айтылған болатын. Тіпті «Орал құю-механикалық зауытының» директоры Алтай Мұхамбетқалиев казталовтықтарға ескерткіш жазба және егер мүмкіндік болса, Қайырғазы Имашевтің бет мүсінін құйып беруге уәде еткен екен. Оған да біраз уақыт өтті. Алайда ол тек сөз күйінде қалды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осы істі кері қолға алып, Қайырғазы Имашевтің бюсті аудан орталығындағы іргелі білім ордасының алдына қойылса, болашағымызға балайтын ұл-қыздарымыз «Біздің осындай батыр барлаушы атамыз болған» деп мақтанып, рухтанып өсер ме еді?!.
Соғыс пен бейбіт күндегі майданның алдыңғы шебінде жүріп, өзінің соңында өшпес із, нағыз ерге лайық ерлік естелігін қалдырған Даңқ орденінің толық кавалері, II дәрежелі Отан соғысы орденінің, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдардың иесі, батыстан шыққан батыр барлаушы Қайырғазы Имашевтің есімін дәріптеу, оны ұмытпау – біздің парызымыз.
Мөлдір Әнуарбекқызы,
Казталов ауданы