Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, пробация қызметі мен жеке сот орындаушылардың қолдауымен, мансап орталығы және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкенің ашылуында сөз алған аудандық мансап орталығының директоры Тимур Хамзин:
- Аудан көлемінде жұмысшы мамандықтарды қолдау мақсатында іс-шаралар жоспары бектілген болатын. Бүгінгі шара соның алғашқы көрінісі. Мақсат – жұмысшы мамандардың мәртебесі мен беделін көтеру. Жәрмеңкеде жұмыс беруші мекемелер өздеріне қажетті мамандарды таңдап, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларын, сұхбаттасып жүздесулеріне ықпал жасау екенін атап өтіп, сәттілік тілеймін, - деді.

Жәрмеңкеге 10 мекемеден 33 бос жұмыс орын бойынша сұраныс түсіп, аталған жәрмеңкеге мекеме басшылары мен кадр мамандары қатысты. Дәлірек айтсақ, аудандық полиция бөлімі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Жәнібек ауданы әкімдігінің «Жолаушы» мекемесі, Т.Жароков атындағы орта мектебі, аудандық аурухана, демалыс орталығы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» мен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды.

Нәтижесінде 5 адам тұрақты жұмыс орынға тұрса, әлеуметтік жұмыс орынға адам жолданды. «Күміс жас» санаты бойынша 5 адам жұмысқа орналасты.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы