Казталов ауданы әкімдігінің кіші залында аудан әкімі А.Сарқұлов ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздарын қабылдады.

“Білімді ұрпақ - ел болашағы” тақырыбында өткен кездесуде аудан басшысы өз сөзінде:
-Баршаңызды ІІ Республикалық жалпы білім беретін ауыл мектептері оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіндегі жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жетістіктеріңіз ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да мәртебесін асқақтатып, білім беру сапасының артуына серпін берді.

Кез келген мемлекеттің дамуында білім саласының алар орыны ерекше. Бүгінде елімізде білім саласында бірқатар реформалар жүзеге асып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Ауданымызда да білім беру ісін жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас буын ертеңгі еліміздің тізгінін ұстап, мемлекетімізді өркендетуге үлес қосар жас маман. Сіздер сапалы білім алып, мемлекетіміздің берік қалқаны боласыздар деп сенемін -деген тілегін білдіріп, үздіктерге алғыс хат пен ақшалай сертификаттар табыстады.

Өз кезегінде үздік оқушылар сауалдарға жауап беріп, поэзия оқып, аудан әкіміне алғыстарын білдірді.
Мәриям Рахим,
Казталов ауданы