Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасап, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі.

Күн санап, қатарлары сиреп бара жатқан тыл және еңбек ардагерлерін ардақтау, оларға қажетті көмекті қолдан келгенше көрсету – біздің міндетіміз. Осы орайда олардың денінің саулығын қамдау тұрғысында медицина мамандарына зор салмақ жүктеледі. Біздің дәрігерлер әрдайым оларды жіті бақылауға алып, үйлеріне жиі барып, қал-жағдайын біліп отырады.
Ұлы Жеңісімтің 80 жылдығына орай, ақ халатты абзал жандар аудан орталығындағы бірнеше ардагерлердің үйлеріне барды. Оларды толық тексеріп, қажеттілігіне қарай дәрігерлік көмек те көрсетті. Қан қысымы, қандағы холестерин және қант деңгейін тексеріп, көзішілік қысымды да бақылады. Сонымен қатар, өздерімен бірге ала келген құрал-жабдықтарымен ардагерлердің жүрек соғысын электркардиограммасына түсіріп, бірқатар зерттеулер де жасады. Осылайша қариялар тиісті емін алып, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.
Ардагерлеріміз дәрігерлерге алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді. «Жақсы істерің жалғасын тапсын!» деп те тілек білдірді.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы