20.02.2025, 13:00
Оқылды: 314

Jaiyqarena

Өткен  жыл  соңында  облыс  орталығында  жаңа  көпбейінді Jaiyqarena спорт  кешені  ашылды. Мемлекет  басшысының  тікелей  тапсырмасымен  салынған  заманауи  кешен  спортшылардың  шеберлігін  шыңдап,  елішілік, халықаралық  жарыстарды  өткізуге  мүмкіндік  береді.  Осы  кезге  дейін  өңірде  болмаған  теңдесі  жоқ  кешен  ішінде  не  бар?  Ол  жерде  қандай  спорт  түрлерін  дамытуға  болады?  Болашақта  жаңа  кешенде  қандай  жарыстар  өтеді?  Бүгінгі  мақала  сол  туралы  болады.

М Салық (2)

 Jaiyqarena спорт кешенінің басшысы Артур Шерғалиев (суретте) алдағы уақытта ережесіз жекпе-жек турнирін өткізуді жоспарлағанын айтты.

М Салық (7)

– Кешенде барлық спорт түрлерімен шұғылданамын дегендерге орын табылады. Біздің тағы бір ерекшелігіміз, кешен ішінде үш кафе қызмет жасайды. Арнайы тренажер залы да қызмет көрсетіп тұр. Ғимараттың іші-сыртына қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 157 камера қойылды. Қазір «Жайық» волейбол командасы осы жерде толыққанды жаттығу өткізіп жүр. Бассейнде су спортында жоғары жетістік көрсетіп жүрген атлеттер жаттығуда. Самбошылар мен дзюдошылар да аренада оқу-жаттығу жиынын өткізеді, – деді Артур Шерғалиев.

Былайша айтқанда, кешенде толыққанды жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Жаттығудан шаршап шыққан спортшылар қалыпқа тез келуі үшін төрт массаж кабинеті қызмет көрсетеді. Күштік жаттығуларды жасау үшін спортшылар фитнес залына бара алады.

– Біздің басты жоспар жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылардың басын осы жерде қосып, олардың шеберлігін шыңдауға жағдай жасау. Футзал жанкүйерлері «Бәйтерек» клубының ойындарын осы жерде көргісі келетінін айтып жүр. Бірақ өңір футзалшылары бұл жерге келесі жылы жаңа маусымнан бастап келеді, – деді Артур Мұратұлы.

Алдағы уақытта жаңа кешенде футзалдан ұлттық құраманың ойынын немесе ел кубогі финалын өткізу жоспарланған. Қазір кешенді облыстық спорт басқармасы иелігіне беру жұмысы аяқтала келді.

М Салық (3)Скалодром. Арена кіреберісінде 15 метрлік скалодром бар. Париж олимпиадасында дәл осы шыңға өрмелеу сайысында қазақ баласы Әмір Маймұратов әлем рекордын жаңартты. Біздің өңірдегі скалодром Әмірдің соңынан ерген жас спортшыларды дайындауға септігін тигізеді деген үміттеміз. Кешен басшылығы қазіргі таңда скалодром қауіпсіздігін арнайы мамандарға тексертіп жатыр. Талапқа сай сертификаттарын алған соң ол жерде жергілікті шыңға өрмелеушілер жаттығады.

 

М Салық (9)

Күрес залы.Грек-рим, еркін күрес және дзюдо залдары біріктірілген. Барлық керек-жарақпен қамтылған зал осы күні босамайды.

М Салық (4)

Бассейн. Jaiyqarena-ның тағы бір ерекшелігі – қауыз. 25 метрлік бассейнде болашақ Полтораниндер жаттығады деген үміттеміз. Оның қасында бүлдіршіндерге арналған шағын бассейн тағы бар. Жылытылған және аяқ таймайтын арнайы кафель төселген.

М Салық (6)

Садақ ату орны. Өңірде садақ ату мектебі қалыптасқан. Кезінде Анастасия Баннова атты садақшымыз Азияны мойындатты, олимпиада ойындарына қатысты. Осы күні де жас садақшыларымыз елішілік, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр. Соңғы кезде біздің садақшылар дайындалатын орындар ескіріп, нәтижеміз күткендегіден бәсеңдеп қалып еді. Жаңа кешендегі садақ ату орны спортшыларымыздың шеберлігін шыңдай түсуіне сеп болады деген ойдамыз.

М Салық (5)

Үстел теннисі. Өңірде үстел теннисі орталығы бұрыннан бар. Ол жерде спорт әліппесін ашқан теннисшілер осы күні еліміздің әр аймағында жаттығып жүр. Аустрия шемпионатында оралдық ағайынды Кенжеғұловтар өнер көрсетеді. Аренадағы үстел теннисі залы да спортшыларды қабылдауға дайын.

М Салық (1)

Негізгі зал. Кешен сәні 1200 орындық көрермен залы мен футзал, волейбол, баскетбол ойнауға лайықталған зал мен жеңіл атлеттер манежі. Осы күні ол жерде дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ел шемпионаты өтті. Одан бөлек тағы бірнеше жарыс ұйымдастырылды.

М Салық (8)

Бокс залы. Бокстан былтыр өткен қорытынды ел шемпионатында өңірдің былғары қолғап шеберлері екі алтын, бір қола жүлде еншіледі. Жаңа аренада жаттығуын бастап кеткен боксшылар нәтижесі де өсе түсуі керек.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале