Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде БҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Бағдат Тугеловтің қатысуымен іс-шара өтті.

Шара барысында полиция подполковнигі Бағдат Аманжолұлы білім алушыларға есірткілік заттар, нашақорлық туралы ақпарат берді. Есірткіге тәуелділік үлкен психологиялық проблема болса, есірткілік заттарды таратудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Бүгінде жастарды интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа шақырып, анығында оларды есірткі таратуға қолданатын қылмыстық топтар көбейген. Нашаны интернет-дүкендер арқылы тарататын топтар да пайда болған. Өңіріміздегі нашақорлыққа қатысты қылмыстық фактілер туралы хабардар еткен полиция қызметкері: – Өздеріңізді және денсаулықтарыңызды сақтаңыздар. Себебі сіздердің болашақтарыңыз әлі алда. Жеңіл жолмен ақша табуға қызықпаңыздар. Еңбектену арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады, – деген аға жедел уәкіл студенттерді зиянды әдеттерден сақ болуға шақырды.
Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кездесуде тақырыпқа қатысты бейнефильмдер көрсетілді.
БҚАТУ медиа орталығы